Home » Жаңалықтар » БОЛАШАҚҚА ҚЫЗМЕТ ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУДАН БАСТАЛАДЫ  

БОЛАШАҚҚА ҚЫЗМЕТ ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУДАН БАСТАЛАДЫ  

Жастар жылына орай

ҚР Тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында жастарды жан-жақты қолдаудың ауқымды платформасын қалыптастыру туралы ұсыныс жасап, 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай, жақында еліміздің солтүстік-шығысындағы ірі индустриалды орталығы — Павлодар облысының «Жастар бастамаларын дамыту орталығы» КММ басшысы Айтбаев Төлеген Жұмабекұлымен кездесіп, республикалық «Білім айнасы» ақпараттық, ғылыми-танымдық газеті үшін арнайы сұхбат алған едік.

  • Төлеген Жұмабекұлы, ең алдымен, өзіңіз туралы таныстырып өтсеңіз. Жалпы,

жастар саясатына келуіңізге не себеп болды?

Мен Павлодар қаласындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын (қазір университет) бітірдім, негізгі мамандығым – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Жаныма жақын болғандықтан шығар, студенттік шақтан бастап, түрлі іс-шараларға белсенді қатыстым. Облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Сараптамалық ақпараттық орталық» баспасөз клубының жетекшісі, «Аймақ айнасы» ақпараттық агенттігінің тілшісі, ПМПИ тәрбие жұмысы жастар басқармасының бас маманы жауапкершілігін атқардым. Павлодар облысындағы Қазақстан студенттері альянсының көшбасшысы және жастар арасында қала «вице-лидері» де атандым. Уақыт өткен сайын жастар мәселесі мен оның қоғамдағы рөлі мені бұрынғысынан да қызықтыра түсті. Соның нәтижесі болар, 2015 жылдан бастап, облыстық жастар мәселелері жөніндегі басқармасының жастар бастамаларын дамыту Орталығында инспектор, кейін бөлім жетекшісі, директордың орынбасары, басшысы қызметтерін атқардым. 2017 жылы «Жас Отан» жастар қанаты қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып тағайындалдым. Өңірдегі «Жайдарман» көңілді тапқырлар клубының белсенді ойыншысы, ойыншы-редакторы, директоры болдым. Біз шығармашыл жастармен бірге республикалық «Жайдарман», «Жасыбай толқыны» фестивальдерінің ұйымдастырылуына ұйытқы болдық. Өзім ана тілімнен басқа, ағылшын, орыс, неміс тілдерін де жақсы білемін.

— Қазіргі кезде жастардың шет елдерде білім алып, жұмыс жасауына мүмкіндік беретін түрлі бағдарламалар іске қосылған. Сіз сондай мүмкіндіктердің қызметіне жүгініп көрдіңіз бе?

  • — Иә. «СcUSA» студенттік бағдарламасымен 2010 жылы АҚШ-қа барып келдім. Онда өзім таңдаған курстарға қатысып, көлемі жағынан үшінші орынға ие болып отырған «Жастар паркінде» жұмыс істедім. Бұл – жастар ең көп жиналатын орны: үлкен аттракцион, қызықты іс-шаралар, қайнаған тірлік … . Біз Филодельфия штатында орналастық. Сондай-ақ, табиғаты бай, тірлігі жат Нью-Йорк, Буклин, Монхеттен, Вашингтон, Линкольн мемориалдары мен соған жақын маңдағы бүкіл әлемдік мұражайларды тамашалап, Атлантика, Ниагар сарқырамасын, Канадамен шекаралас жатқан Манхала өңірі мен Агайа штатын аралап, естен кетпес туристік саяхат жасадық. Бұл сапар — менің басқа елдердегі жастар саясаты және оның ерекшеліктерімен кеңірек танысып, шетел тілін кемел меңгеруіме мүмкіндік берді.
  • Керемет! Жалпы, Павлодар облысы жастарының пайыздық үлесі қандай?
  • Статистика мәліметтері бойынша, Павлодар облысында 760 мыңға жуық халық

тұрса, соның – 163 631-і, яғни 32 %-ы жастар. Ал, 126 934-і — қала жастарының еншісінде.

  • Өзіңіз басқарып отырған Орталықтың қызметіне тоқталып өтсеңіз?
  • Менің ойымша, жастар саясаты, ол да бір — жеке ғылым. Жастармен жұмыс

жасаудың арнайы мамандығы жоқ, институт та оқытпайды. Сондықтан, жастармен жұмыс жасау үшін жастардың сұранысы мен талабына жауап бере алатындай мол тәжірибе керек. Орталықтың басты мақсаты: қай мазмұнда болмасын, жастар мәселесін оңтайлы шешуге атсалысу, оларды мемлекеттің болашағы ретінде танып, қоғамға пайдалы дүниелер мен заманауи ақпараттық технологияларды меңгеруге баулу, киберқауіпсіздік саласында жаңа технологиялық шешімдер даярлауға, жастардың өздері жасаған авторлық бағдарламаларын жүзеге асыруға қолдау көрсету болып табылады. Нысанда жоспарланған әрбір іс-шара жастардың сұранысы мен қызығушылығына негізделеді. Біз аймақтағы «Жас отан» жастар қанаты және басқа да қоғамдық-идеологиялық ұйымдармен тығыз қарым-қатынаста бірлесе, ұйымдаса жұмыс жасаймыз. Мұнда: «Жастарға қызмет көрсету», «Еріктілікті дамыту», «Артмедиа» орталықтары жұмыс жасайды. Облысымызда биыл алғаш рет IT орталығы ашылды. Сонымен қатар, еріктілер ұйымы мен еріктілікті дамыту жұмысы бойынша Павлодар облысы республика көлемінде алдыңғы қатарда екенін мақтанышпен айта аламыз. Бізде әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға қолұшын беретін және түрлі бағытта жұмыс жасайтын он беске жуық ұйымдар бар. Ұйымдарда тек жас мамандар ғана емес, білікті, тәжірибелі аға буын өкілдері де қызмет етеді. Сонымен қатар, Орталықта кемінде 50-60, тіпті жүз адамға дейін тегін қатыса алатын ойлау қабілетін дамытуға арналған кафелер ұйымдастырылып, Қазақстанда жасалған отандық кинофильмдер көрсетіледі.

  • Жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуде қандай қолдау көрсетесіздер?
  • Жастарға қызмет көрсету орталығы мембағдарламалар шеңберінде жастарды

жұмыспен қамту, жастар кәсіпкерлігін дамыту, тұрмыстық, тұрғын-үй мәселелерін шешу және басқа да әлеуметтік сұрақтар бойынша аудан мен қала жастарына ақпараттық кеңес беру жұмыстарын жүргізеді. Ай сайын «бос жұмыс орындары» жәрмеңкесіне 500-600-ге жуық жұмысшы жастар мен соңғы курста оқитын жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, орташа есеппен, 50-60, кейде одан да көп адам жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Біздің веб-сайттар мен мобильді қосымшалар арқылы әлеуметтік желілерге таратқан ақпараттарымыз бойынша, бір күнде 2000-ға жуық адам тұрғын-үй кезегіне тұрып, алдыңғы жылы «Жас отбасы» бағдарламасы аясында 200-дей жас отбасы баспаналы болды және кезекте тұрған 300-ден астам (жас мамандар, мемлекеттік қызметтегі белсенді жастар) жас отбасы ипотекалық-арендалық баспаналарға қол жеткізді. Халықты тұрғын-үймен қамтамасыз ету бойынша Павлодар облысы белсенділік танытып келеді. Биыл «Сарыарқа» шағын ауданының құрылысы аяқталса, келер жылға «Дачный» мөлтек ауданында «Достық» шағын ауданын салу жоспарлануда.

Біздің Орталықта үш жылдан бері кәсіпкерлікті үйретуге арналған бизнес-цех жұмыс істейді. Онда жастарға бизнесті бастау және өз қаражатын ақтай алу тәуекелдері үйретіледі. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан берілетін Кәсіпкерлікті дамыту облыстық басқармасының гранты мен Атамекен палатасы, «Даму» арқылы субсидия алуға ақпараттық қолдау көрсетеміз. Соңғы үш-төрт жылда 15 шақты жас (мал өсіру, ұлттық бұйымдар, машиналарға арналған дөңгелек жөндейтін ЖТС т.б.) өзінің жеке кәсіпкерлігін ашуға мүмкіндік алды. Ал, бизнес цехқа баратын кейбір студенттер бизнеске арналған сұранысқа ие жарнамалық қосымшалар мен веб-сайттар жасап, сайтты жазу, сату арқылы табыс көздерін тапты.

—           Жастарымыз цифрландыру үрдісіне қаншалықты дайын және жастар  арасындағы электрондық сауаттылықты жетілдіру жұмыстары қалай жүргізілуде?

— Бізде цифрландыру жүйесіне көшу — қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған негізгі екі бағыт ІТ орталығы мен Робототехника кабинеттері арқылы жүзеге асады. Және әр кабинетке тәжірибелі мамандар жетекшілік етеді. Аптасына үш рет веб-сайттар мен мобильді қосымшалар бағдарламаларын жазу бойынша оқыту курстары ұйымдастырылады. Қазіргі кезде Алматы қаласында өтетін аса беделді республикалық робототехника байқауына әр түрлі бағытта екі адамнан тұратын бес команда дайындап жатырмыз. Мұнда тек қана конструктор емес, андруина платформасында жасалған басқа да роботтарды құрастыру қарастырылмақ. Біз өз шәкірттеріміздің мұнда да лайықты өнер көрсетіп, жүлделі оралатындарына сенімдіміз.

— Биылғы Жастар жылына арнаған ерекше жоба-жоспарларыңыз бар ма, болса, бөлісе отырсаңыз?

  • Биыл жыл басынан бастап, бұрын әр түрлі жұмыс атқарған бірнеше бөлімдерді

біріктіріп, ең үлкен Артмедиа Орталығын аштық. Онда жастар арасында ұлттық сана мен идеологияны дамытуға арналған қызықты әрі мазмұнда іс-шаралар өткізіледі. Қазіргі таңда бүкіл аккаунттарда өзіміздің ютуб каналымыз, ресми парақшаларымыз және оны қолданатын он үш мыңға тарта «подписщиктеріміз» бар. Өз медиабағыттарымыз арқылы  жастарға арналған іс-шаралар туралы ақпараттар беріп, онлайн-кеңестер жүргіземіз. Өткен жылы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарлаамасы аясында Павлодар облысының киелі орындары туралы жасаған түсірілімдер мен видеожобаларымызды жастар көзқарасы тұрғысынан баяндауға тырыстық. Әзірге, бұл жоба — Май ауданының Ақшиман жеріндегі қасиетті Ақбалық қазіреттің кесенесінен бастау алып, Екібастұз ауданының Ақкөл маңындағы Ишан қазірет, Шарбақты ауданындағы Қабдылуахит қажының бейіттеріне тағзым етіп, Таймас батыр мен жеті әулиеге мәңгілік мекен болған Ертіс ауданындағы киелі орындарды аралаумен тәмамдалды. Алдағы уақытта өңірдің зиялы қауым өкілдерімен бірге үлкен команда құрып, Оңтүстік Қазақстанға, атап айтқанда, қазіргі Түркістан облысына дейінгі киелі жерлерге республикалық экспедиция жасауды жоспарлап отырмыз. Бағдарламаны жергілікті телеарналармен бірлесе жобалап, іске асыру келісілді.

  • Орталықта жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына мүмкіндік беретін

қандай іс-шаралар өткізіледі?

  • Біздің аудиториямыз — түрлі санаттағы жастар болғандықтан, атқаратын жұмыстары-

мыздың бағыты да әр алуан. Орталықтың жанында бірнеше клубтар жұмыс істейді, соның ішінде ересек адамдарға арналған «3Д-6» кішігірім стратегиялық ойыны да бар. Ол бастапқыда, 5-6 орынмен шектелсе, бүгінде 30 орынға дейін кеңейтілген. Нысанда қазақ, жапон, ағылшын, орыс тілдерін оқыту курстары бар. Әр курсқа 15 адамнан жиналады, егер сұраныс болып жатса, қосымша екінші топ шақырылады. Былтыр жас қыздарға арналған «Арунас» клубын аштық. Клуб жұмысын жастардың қызығушылығын арттыратындай және жаңа форматта, өзгеше атмосферада ұйымдастыруға тырыстық. Сол себепті, клубқа «Достық үйі» қоғамдық келісім орталығының жанынан арнайы киіз үй құрып бердік. Клуб белсенділері мемлекеттік тіл мен ұлттық аспабымыз — домбырада ойнаудың қыр-сырын меңгеруге ниетті жастарға үйірмелер ашып, жаз бойы ұлттық мәдениетімізді насихаттауға атсалысты. «Арунас» арулар клубы облыстық «Нұр ана әлемі» қоғамдық бірлестігімен тығыз байланыс орнатып, қадірлі ана-әжелеріміздің ақыл-кеңестеріне жүгінеді. Сондай-ақ, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы шеңберінде қыздар мен жігіттердің атқа міну мәдениетін үйрену курстарын ашып, оның теориясы мен меңгеру бағыттарын қарастырып жатырмыз.

— Бүгінде Павлодар облысында жиырмаға жуық ІТ сыныптары мен Павлодар

қаласындағы Инновациялық Еуразия университеті базасында жұмыссыз және қосымша білім алғысы келетін жастарға арналған ІТ мамандарын дайындау орталығы жұмыс істейді. Онда жастардың екінші бір легі бағдарламалау бойынша жаңа технологияны құлшына меңгеру үстінде. Бұл туралы сіздің пікіріңіз және жастар Орталығының басшысы ретінде аталмыш саланы дамытуға қатысты  ұсыныс-тілектеріңізді білсек?

  • ІТ информатика сабағымен тікелей байланысты, сондықтан, олар мектептің оқу

бағдарламасына сәйкес, бағдарламалау және робототехника негіздерін тереңірек оқып үйренетін болады. Жастардың бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасып, бәсекеге қабілетті ортаға бейімделуі үшін ІТ бағдарламасымен айналысып жатқан ұйымдарды біріктіріп, ортақ бір алаң ұйымдастырмақ ойдамыз. Оларды түрлі бағдарламалар мен республикалық, халықаралық деңгейдегі онлайн-байқауларға қатыстырып, жетекшілеріне әдістемелік нұсқаулар таратамыз. Оған қоса, ағымдағы жылы облыстық ІТ форумын өткізуді жоспарлап отырмыз. Жастарға байқау ережесі туралы ақпаратты да алдын ала тарататын боламыз.

 

Әңгімелескен: Айгүл МОЛДАШ,

Павлодар қаласы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.