Home » Жаңалықтар » «Blended learning» режиміндегі біліктілікті арттыру курсы аяқталды

«Blended learning» режиміндегі біліктілікті арттыру курсы аяқталды

Бүгін 2017 жыл қараша айының 3-і жұлдызы «Білім берудің жаңа парадигмасы контекстіндегі орта білім беру ұйымдарының педагогикалық менеджменті» тақырыбымен өткен мектеп басшыларына арналған аралас оқу «Blended learning» режиміндегі біліктілікті арттыру курстарын қорытындылау іс-шарасы Астана қаласы №77 мектеп-гимназиясында мектеп директорларын сертификатпен марапаттаумен өтті. Бұл – Мемлекет  басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді тапсырылған жоба. Онда «Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз және бұл – маңызды кешенді міндет» делінген. Сондықтан да «Өрлеу» БАҰО Ұлттық портал құрылды.  ХХІ ғасыр барлық салада, соның ішінде білім беру саласында цифрлық технологияның рөлі барған сайын артуда десек, біліктілікті арттыру жүйесінің Ұлттық порталы – педагогтар үшін «Blended learning» форматында өткізілетін алғашқы білім беру жобасы.  Курсты осы жылдың 9-шы қазанынан «Менеджмент және ақпараттық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы Іркітбай Ғалым Бұлтұлы Астана қаласының 36 мектеп басшыларына өткізген болатын.

«Менеджмент және ақпараттық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы Іркітбай Ғалым Бұлтұлы: «Курстың мақсаты — қазіргі педагогикалық менеджмент саласында басқару қызметін жүзеге асырудағы мектеп директорларының кәсіби құзіретттіліктерін дамыту. Біріншіден, кез келген жерде, кез келген уақытта, яғни отбасыңыздан, жұмысыңыздан қол үзбей оқуға мүмкіндік береді.

Екіншіден, бар уақытыңызды аудиториядағы оқуға жұмсамай-ақ, оқытудың жаңа белсенді әдістемесі мен оқыту технологиясын біліп, тәжірибеңізде қолдана аласыз. 

Үшіншіден, қазіргі ақпараттық технологиялардың арқасында сіздің біліктілікті арттыру курсыңыз кызықты әрі тиімді болады».

Бағдарлама курсы 3 бағыттағы 6 модулге созылған 80 академиялық сағатқа есептелінген. Олар мынадай бағытта:

1 этап – күндізгі оқу — 16 сағат (курстың алғашқы және соңғы күні);
2 этап — онлайн оқу (вебинар, онлайн-форум, онлайн-кеңес беру) — 8 сағат;
3 этап – өз бетімен оқу (тыңдаушының өз бетінше білім алуы) – 56 сағат.

Мұндағы нормативтік-құқықтық модулді оқу барысында Қазақстан Республикасының 2016-2019 жж. арналған білімді және ғылымды дамытудың Мемлекеттік бағдарламалары стратегиялық бағыттарымен, оның ішінде орта білім беруді дамытуды мониторингілеу мен менеджментті жетілдіру аспектісімен таныстыруды мақсат етеді. Бұл әдістеме мен қашықтықтан оқыту технологиясын үйлестіруді қамтамасыз ететін аралас «Distance learning» — қашықтан, «Face-to-face Learning» — аудиторияда, «On-line learning» — ғаламтор арқылы оқытатын жүйелер.

Астана қаласы Білім басқармасының әдіскері Баяхметбаева Күнімбала Ізтілеуқызы: «Жалпы мектептердің жаңа форматта өзгерісі даму бағдарламасы бойынша жүзеге асырудағы мақсат-міндеттері, инновациялық идеялардың барлығына бүгін басшылар бағыт-бағдар алды деп ойлаймын. Себебі, бүгінгі соңғы қорытындыда арнайы тренердің алдында әрбір басшы топ-топ болып, жеті тақырыпта жүйелі түрде өздерінің атаулы жобаларын қорғап, ондағы өздерінің дайындаған жаңалықтарын ортаға салды және даму бағдарламасына лайықты жоспарлы түрде әртүрлі мәселелерді көтерді, қандай қажеттіліктер болу керек, қандай қадамдардан болатынын жіті-жіті айтып, әдістемелік ғылыми тұрғыда үлкен жобаның бастамасын алып кетті деп ойлаймын».

Жаңа жүйені жіктер болсақ, тыңдаушылар екі күн аудиториялық оқуда болады.

Бірінші күн –  ұлттық порталда жұмыс істеуді үйреніп, нормативті-құқықтық модуль бойынша дәріс тыңдайды. Қалған уакытта қашықтықтан немесе он-лайн режимінде оқиды, ол үшін тек ғаламторға шығатын компьютер немесе планшет қажет. Сонымен қатар, дербес логин мен пароль бар жеке бет, модулдер бойынша бейне-дәрістер, презентациялар, қосымша ресурстармен қатар, онлайн консультация мен вебинарлар ұсынылады.
Соңғы күн – алған білімдерін қорытындылып: портфолио, жоба қорғау немесе шағын сабақты таныстырумен аяқтайды.

Астана қаласы Ғали Орманов атындағы №7 мектеп-гимназия директоры Айтова Жанат Тұрысбекқызы: «Мен осы қашықтықтан оқыту форматының тиімділігін байқадым. Неге десеңіз, бұл жерде уақыт тиімділігі болды. Екінші, өз біліміңді басшы ретінде жетілдіруде өте қажетті әдістемелік көмек болды. Бұл форматтың тағы бір ерекшелігі – оқып отырып, өзіңнің басшы ретінде қандай деңгейде екеніңді білесің. Нені дұрыс жасап отырсың, нені қолға алу керектігін түсінесің. Жүйе-жүйесімен, сала-саласымен нақтылап, әдіс-тәсілдерін көрсетіп үйретеді».

Астана қаласы №56 мектеп-лицейінің директоры Альпишев Жұмағазы Азенұлы: «Бір айлық онлайн курста өте құнды дүниелерді алдық. Әсіресе мектептің ережесін дамыту, яғни әрбір директор орынбасарларынан бастап  ұстаздардың әрқайсысының өздерінің жұмыстарын түсінуге, қалай жүргізуге, неге көңіл бөлуге, құнды және құнсыз мағлұматтарды айыра білуге бағдарлайтын жақсы жоба. Ары қарай біз пайдаланамыз деп ойлаймыз. Бұндай курстар болып тұрғаны өте дұрыс болар».

 

Мұстафина Жансая Алибекқызы

Білім айнасы,

Астана қаласы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.