Home » Мақалалар » Bilim.landқа бағыт алған апталық

Bilim.landқа бағыт алған апталық

Жуырда  біздің мектепте оқушылардың нақты пәндерге деген қызығушылықтарын ояту, оқуға ынтасын арттыру мақсатында «жаңаша оқыту-білім сапасын арттыру негізі» атты математика, информатика және физика пәндерінің апталығы болып өтті.

Апталық басталар алдында іс-шаралардың жоспары құрылып, ол жоспармен пән мұғалімдері, сынып жетекшілері және 5-10 сынып оқушылары танысты.

Ең алдымен математика, информатика және физика бұрышын пән мұғалімдері жасақтап, ал 5-сынып оқушылары – «Мысырлықтардың еңбегі» тақырыбында сандардың пайда болуы жайлы фотоальбом жасады, 6-сынып оқушылары – «Сиқырлы шаршыларды » құрастырып, оны үлкен және түрлі түсті плакаттар негізінде жасап, қабырғаларға ілді.   Ал 7-сынып оқушылары арасында – «Созылатын фигуралар» тақырыбында математиканың топологиялық бөлімінен хабардар ету мақсатында ғылыми жобалар сайысы ұйымдастырылды. 8-10 сынып оқушылары «XXI ғасыр көшбасшысы» сайысында математика, информатика және физика пәндерінен өз білімдерін сынады. «Компьютерлер желісіне саяхат»,  «Тапқыр информатик» атты сайыстар 5-10сынып оқушылары арасында өтті. «Математика және спорт» атты келесі іс-шарада 8-10 сынып оқушылары шахмат, дойбы және тоғызқұмалақ ойындарынан жарыстар болды.

Апта бойы пән мұғалімдері әрбір сабақтарында Bilim.land интерактивті курсының анимациялық презентациялары мен видеороликтерін, интерактивті жаттығулар мен үш өлшемді модельдерін, диаграммалар мен схемаларын онлайн режимінде пайдалана білді. Bilim.land-ты қолдану арқылы мұғалімдер бұл курстың әрбір сабағы логикалық аяқталған материалы бар тұтас қадамдарды қамтитындығын, әр қадам ақпараттық, операциялық, кері байланыс, бақылау және көрсетуден тұратындығын байқады. Ал оқушы болса оқу процесінде жаттығу орындау кезінде жіберген қатесі жөнінде ақпарат алу арқылы сол жерде білмегенін курстың көмегімен қайталап, жіберген қатесін түзей алады. Нәтижесінде оқушы өз бетімен жұмыс істеуге және шығармашылық ізденіске мүмкіндік алады. Оқыту процесінде мұғалім үшін Bilim.landты пайдаланып күрделі ғылыми заңдылық пен ережелерді күнделікті өмірмен байланыстыра графикалық жолмен көрнекі түрде түсіндіруге болады. Теориялар мен заңдылықтарды оқытуда көзбен көре отырып, ойлану дағдысын дамытуға қосымша құрал бола алады. Сондай-ақ түрлі бақылау тапсырмалары арқылы оқушылардың үлгерімін тексеруге , өткен материалды толық меңгергенше қайта оралу арқылы қайталау мүмкіндіктері бар.

Апталық аясында математика, информатика және физика пән мұғалімдерінің әрбір сабағына қатысып, тәжірибе алмасқан басқа да пән мұғалімдері өз ойларын қоса отырып:  — Bilim.land интерактивті курсын тиімді пайдалану- сапалы білімге жол ашудың негізгі көзі,- дей келе, бұл Bilim.land интерактивті курсын күнделікті сабақта қолдану үрдіске айналсын ,-деп апталықты қорытындылады.

 

Бердімұратова Айгүл Ахматовна,
Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бидайкөл ауылы,
№148 қазақ орта мектебі КММ математика пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.