Жаңа оқу жылы қарсаңында Елорда төрінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен білім және ғылым қызметкерлерінің Тамыз конференциясында Батыс Қазақстан облысынан үш ұстаз жоғары марапатқа ие болды.
Өңір ұстаздары жас ұрпаққа сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру ісінде өздері жанкешті еңбекпен көтерілген тұғырларынан еш уақытта тайған емес. Бұл жолғы Нұр-Сұлтан қаласындағы ел педагогтары бас қосқан жиында батысқазақстандық ұстаздарға көрсетілген құрмет – соның дәлелі.
Атап айтсақ, отандық білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін Мемлекет басшысының қолынан марапат алған мәртебелі мамандық иелерінің бірі – Орал қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицейінің мұғалімі Гүлзихан Тасқарина «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты. Ал М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы «Рухани жаңғыру» институтының директоры Абат Қыдыршаев Президенттің алғыс хатын иеленді. Сондай-ақ Оралдағы М.Ықсанов атындағы №36 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Азима Ғұбашева жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.
35 жылдан бері білім саласында қызмет етіп жүрген Гүлзихан Үмбетқызы – жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің жоғары санатты оқытушысы, педагог-шебер. 2012 жылдың тамызынан бері қаламыздағы алдыңғы қатарлы білім ошақтарының бірін басқарып келе жатқан Азима Зиннатқызы – білікті басшы, жоғары санатты ұстаз, педагог-зерттеуші. Ал ҚР Президентінің Алғыс хаты мен төсбелгісіне ие болған Абат Сатыбайұлы – тіл жанашыры әрі шешендік өнер саласын жан-жақты зерттеп жүрген көрнекті ғалым.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», Орал