Home » Балабақша » Балабақша — күллі тәрбиенің бастамасы

Балабақша — күллі тәрбиенің бастамасы

                                     «Жарқын елдің шамшырағы-жас маман» .

                                                                  «Тәрбиеші деген жалпы балалардың психологы»

                                                                                                          /Макаренко/.

    Шығыс еліндегі ұлылардың «Адам бір күнін қалай өткізсе, өмірі солай өтеді» деген  ұлы қағидасын өмірлік кредом ретінде ұстап келемін. Өйткені, бүгінгі істің ертеңге қалмауы-мақсатымның алтын қазығы. Бұл ұстанымым -уақытымды үнемдеп, әр күнімді жаңа заман талабына сай ізденуге бағытта- ған бейімділігімнен қаланды. Өзгенің уақытын аялай білдім,өзімнің уақытым-ды аямадым. Соның арқасында, мектепке дейінгі білім беру ұйымында кіш-кентай бүлдіршіндермен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Мен үшін балалар-мен жұмыс істеу –ол үлкен бақыт.

Тәрбиеші мамандығы — жай мамандық емес. Мен бұл мамандыққа өз жүрек қалауыммен келдім. Себебі, әр ісің жүрекпен істелуі керек. Ал, менің жүрек түкпірімде бүлдіршіндерді өз туған тілінде емін-еркін сөйлетіп, өз ойларын ана тілінде жеткізе алатындай ізгіліктің сәулесіне шомылдыру — «өмірлік қағидаларым» тұнып тұр еді. Бұл менің — «Жарқын елдің шамшырағы -жас маман» ретінде орындайтын бір парызым болатын. Парызымды өзімнің тобымдағы тәрбиеленушілерге беретін тәлім-тәрбиені «Жүректен жүрекке» қағидасы арқылы жүргізу талабын қоюдан бастадым. Себебі, «Бала жүрегі-кішкентай күй сандық. Ол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Тәрбиеші — қолында әр кезде сол кілт жүруі керек» деген ақынымыз М.Шаханов. Ол кілт-баланы әуелі мейірім мен шапағатқа шомылдыра отырып, содан соң ақыл,парасатқа баулып, содан кейін ғана ғылымға, білімге жетелеу арқылы бала жүрегіне жол табатын күйсандықтың кілті. Күйсандықтың кілті баланы сыйлап тұрсаң ғана ашылады екен. Әр бала тәрбиешіден жылылықты, қайы-рымдылықты, еркелетуді күтеді. Бала таза қағазбен тең, қағаз бетіне қалай өрнек салсаң, балаға берген білім мен тәрбие бойына солай қалыптасатыны сөзсіз. Заңғар таудай өресі биік, жазық даладай кең пейілді, дарқан мінезді, жайқалған көкорайдай шырайлы, бұлақтай көңілі таза, болашақ қоғам иелерін жан-жақты жетілген жеке тұлға ретінде қалыптастырып шығару жолында балаларға білім нәрін себудемін. Пәк сенімді балалар әлемінің теңізіне бір бой-ласаң, жандарын терең сезіне аласың. Осындай балдырғандырды бағалай білетін нағыз маман тәрбиешінің қолынан ғана келеді.

Тәрбиеші! «Тәрбиеші» сөзінің астары өте ауқымды. «Жарқын елдің шамшырағы-жас маман». Ол кім? «Ол-жан-жақты дамыған, өнегелі, рухани ізденісі мол, жас ұрпақты тәрбиелеуге ат салысатын, баламен, ата-анасымен тіл табыса алатын, кез-келген ситуациядан шыға алатын психолог, жаңа технологияны өз ісіне енгізе білетін шебер, жаңа заманның маман иесі» деп білемін. Жаңа заман тәрбиешісі-бұл сауатты, білімді, үнемі ізденіс үстінде білімін жетілдіріп отыратын педагог, лауазымды тұлға. Атақты ұлы педагог Амонашвили «Тәрбиеші бұл-өзге адамның дамып жетілуін өз жауапкершілігіне алатын кәсіби адам» деп, тәрбиеші мамандығын өте жоғары бағалаған.

Тәрбиеші бойында ой-өрісі жаңашыл, шығармашылық деңгейде қызмет атқара алатын, жаңа технологиялармен қаруланған, зерттеуші, терең білімді, адамзат баласының ұрпағын тәрбиелеудегі озық үлгілерін өз жұмысына пайдалана білетін, өз халқының әдет-ғұрпын, салтын, ұлттық педагогиканы жете меңгерген, байсалдылық, шыдамдылық, өзін-өзі дұрыс басқара білу, өзіне талап қоя білу дағдылары үйлесім табуы қажет. Мұндай адами құндылықтар менің бойымда бар. Еңбек ету арқылы игілікті істерге бастаушы бола білуді, жаңалыққа жаны құмарлықты, ұйымдастырушылықты, жақсы істердің басында жүруді өмірдің өзінен, ұжымнан, әріптестерімнен үйрендім. Өйткені, өмір өз арнамды табуыма, адамгершілік қасиеттерді бойыма дарытуыма жетелеуде.

Мен-жас маман иесі-тәрбиешімін. Мен өз мамандығымды жан-тәніммен жақсы көре отырып атқарамын. Ұлы педагог Г.Песталоцци «Егер де сүйе білмесең, тәрбиелеуге құқың жоқ» деген. Шынында да, тобыңдағы әр баланың жанын түсініп, сүйе білсең ғана сенен тәрбиеші шығады деп ойлаймын. Өмірімді бүлдіршіндерді тәрбиелеуге арнағандықтан, бәсекеге қабілетті заманда бәсекеге қабілетті жаңа заман тәрбиешісі бола білуге ұмтылудамын.

Қазіргі заманда тәрбиешілерден инновациялық білім, жаңа заман талабына сай технологияларды қолдану арқылы әр баланың шығармашылық ізденісін қалыптастыруды, келешекке сапалы да саналы ұрпақ тәрбиелеуді талап етуде. Бүгінгі таңда бала тәрбиесінде басым бағытқа ие — балабақша. Әр баланың құзіреттілігінің белсенді дамуы балабақшадан бастау алуда. Балабақша — күллі тәрбиенің бастамасы болғандықтан, балалардың ойынмен өткізетін мекені, күндізгі ұйықтайтын жері, тамақтанатын орны, екінші үйі, «алтын ұясы», сүйікті мекені.

Сондықтан, тобымдағы балалар алтын ұяларына күліп келіп, шаттанып қайтатындай шығармашылықпен іске кірісіп, белсенділік орталығын құрдым. Әр бағыттағы өнерді қабылдауларын дамытуда «Өнер орталығын», дұрыс сөйлей білу мәдениетіне тәрбиелеуде «Көркем әдебиет» орталығын, балалардың рөлдерде ойнау шеберлігін арттыруда «Желілі ойындар» орталығын, дұрыс құрастыра білу дағдыларын дамытуда «Құрылыс ойындар» орталығын ұйымдастырып, қызығушылықтарын ояттым. Себебі, бала ойынмен өседі. Ал, «Өзінің балалық шағын ұмытқан тәрбиеші –нашар тәрбиеші». Жақсы тәрбиеші болу үшін баланың жүрегіне жол тауып,бұлақтың көзін ашып, ұлттық құндылықтарды бала бойына дарыта отырып, баламен бала болып сөйлесе біліп, үлкендерше жауап беруім керек. Ұрпақ тәрбиес і оңай емес. Білім-қайық. Оқу-тәрбие, іс-әрекет-желкен. Білім қайығына мінген тәрбиеші желкенді түсірмей, өзен ағысымен елімнің көк туын желбіретіп, әнұранын қалықтатып, ұрпақ тәрбиесін ертеңге қалдырмай, бір күндерін бір күннен нәтижелі өткізгенде ғана жарқын елдің шамшырағы — жас маман мақсатына жетеді.

Қазіргі заманауи жаңалықтарға толы кезең. Жас маман ретінде білім берудің жаңа жүйесіне енген жаңалықтарды оқу іс-әрекеттеріне енгізіп, жаңаша құрылатын тиімді жұмыстарды жанды жүргізуге белсене ат салысудамын.

Елбасымыз да: «Ел келешегі жас ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты» -, деп атап көрсеткен болатын. Өрнегі жарасқан тәуелсіз елімнің ертеңгі болашағы, ел мен жердің иесі-жас ұрпақты жеке тұлға етіп тәрбиелеп өсіру — жас маман- тәрбиеші, ұстаздар қауымына аманат. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білімді, жан-жақты кемел тәрбиешілер ғана тәрбиелеп шығара алады. Қазақ елінің маңдайына біткен арысымыз М.Жұмабаев «Тәрбиеші баланы өз ұлт тәрбиесімен тәрбиелеу керек» деген. Әр бала тәрбиесі үшін ата-ана алдында, қоғам алдында жауаптымыз. Тәуелсіздіктің таң шапағына, еңселі елдіктің шуағына бөленген ұрпақтарымыз биік белестерден көрініп жатса, қазақ халқының ардақты азаматы болып өссе, сол-менің жетістігім. Кішкентай ғана жүректері жұмсақ, сенгіш, өз тәрбиешісіне шынайы берілген бүлдіршіндерге жастық жігерімді, күш-қуатымды, жаңашылдығымды жұмсай отырып, елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында «Кішкентай бүлдіршіндердің дамуына ықпал ететін үздіксіз білім берудің алғашқы сатысы-мектепке дейінгі білім беруге баса назар аударған жөн» деп атап көрсеткеніндей, сапалы ұрпақ тәрбиелеуге жауапкершілікпен ат салысамын.

 

Тагаева Шынар Жармукановна

ШҚО Жарма ауданы

КМҚК «Алтынай» балалар бақшасы
тәрбиеші

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.