Нұр-Сұлтан қаласындағы балабақшаларға таныс «Жолда жүру ережесіне» тыңғылықты дайындық, балабақшалар арасындағы жеңіске талас дәстүрге айналған сайыстың маңыздылығында. Міне, сол бәсекенің ізін жалғап «Өрттен сақтану» жолдарын үйретуді мақсат еткен тағы бір сайыс сәуір айының 2 жұлдызында басталды.
Балабақша балғындарының санасына тілсіз жау өрт апатынан қалай сақтану керектігі мен ережелерін түсіндіруге арналған сайысты алғаш рет Алматы ауданында орналасқан балабақшалар арасында өтуде. Алғашқы болып тізгінді алған қаладағы №60 «Арай» балабақшасы.
Тұңғыш рет ұйымдастырылған Алматы ауданына қарасты 9 балабақша қатысатын байқаудың ерекшелігі білім ордалары өз шаңырақтарында дайындалып тәрбиеленушілердің ата-аналарымен бірлесе жасаған түрлі қолөнер бұйымдарынан көрмелер ұйымдастырылған. Дәл осы талаптарға сай тыңғылықты дайындықпен өрт сөндірушілердің арнайы қызметтік киімдеріне, бас киімдеріне дейін киген «Болашақ», «Дюймовочка» даярлық топтарының қос тәрбиешісі Шукужанова Қымбат Кайлановна мен Маржан Қайратқызының тәрбиеленушілері еш қобалжымастан өрт сөндіруші ағайларын қарсы алды.
«Алматы» ауданы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Омаров Нұрлан Есламбекұлы, «Алматы» ауданы ТЖБ МӨББ бастығы Мурзагельдиев Мадияр Айдосовичпен бас маман Рустемова Ажар Серікболқызы арнайы келіп сайысқа дайындықтарын көріп, алғашқы болып бастаған «Арай» балабақшасының меңгерушісі Сүлейманова Жарқын Күзембайқызына алғыстарын білдіріп, болашақта ел тыныштығын қорғар маман болар ұландарға сәттілік тіледі.
Әр іске тыңғылықты дайындықпен кірісетін бұл ұжымның осыған дейінгі шараларда тек жүлделі орындардан көрініп жүргенін ескерсек бұл күнгі дайындығы да әділқазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Өнермен қанаттандырып, қылқаламмен сурет салуға баулыған педагогтар еңбектерінің нәтижесі балабақшасының кіре беріс залына ілінген бүлдіршіндеріміздің туындылары көздің жауын алады. Жас суретшілердің қолдарымен жасалған туындыларға қарап өнерге деген шексіз сүйіспеншілікті аңғарасыз. Өз елінің ұл-қыздарын ертеңгі арқа сүйер ер азамат, ел тамсанар өжет қыздар етіп тәрбиелеу жолындағы еңбектері шынайылығымен көрініп тұрды.
Жас болсада мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиешіліктен бастап әдіскерлік сынды жауапты қызметтерден өтіп басшылыққа келген Жарқын Күзембайқызының өз ісіне деген жауапкершілігі, жұдырықтай жұмылған ұжымдағы әр реттегі шараларынан көрініп келеді. Бұл күнгі шарада балалардың музыкалық қойылымдарына жетекшілік жасап отырған музыкант әрі хореограф Сүлейманова Мадинаның да еңбектерін айта кету керек.
12 сәуірде марапаттауы өтетін сайыста «Арайдың» алғашқы орыннан көрінеріне сенеміз.
Әлия Ғалымбекқызы,
Астана қаласы, «Білім айнасы».