Мектеп бітірушілердің маусымы. Барлық оқу орындары есігін айқара ашып оларды күтуде. Әр мекемеде қабылдау әр түрлі жүреді. Елордада орналасқан ҚҰӨУ яғни, Шабытқа студенттер қандай сынақтар арқылы түседі. Мамандық көп, біреуін ғана алдым. Көп сынға алынып жүрген, өсек сөзден құлағы шалынып жүрген кино және театр әртістері жайлы. Болашақта актер, актриса боламын деп армандап, нақтырақ жұлдыз боламын, ел аузында жүргім келеді дегендер таңдайды бұл мамандықты. Бір жағынан мамандық, бір жағынан атақ – даңқ. Бір қызығы тек мектеп бітіруші емес, колледдж тағы жоғары оқу орнында басқа мамандықты бітіргендер де бар екен. Бірі АИТИ маманы. Комиссия мүшелерінің қатарында болған Т. Жүргенов атындағы ҚҰӨА доценті Ерғалым Төкеев ағамыз бір сөзінде:
— IT-шниктер айына миллиондап ақша табады. Актер болып не бар? Бізде қанша атақ болғанмен айына алатынымыз 200-ақ мыңдай, -деп жалақысын да жасырмай айтты. Әзілдегенмен шындығын айтты. Дегенмен одан қайтайын деп тұрған талапкер жоқ. Барлығын біле тұра, жүрек қалауым осы дейді.
Бір топқа 10-ақ грант бөлінген. Ал, үміткерлердің саны 70-ке жуық. Сонда төрт жыл бойы тегін оқу үшін бір орынға 6 не 7 талапкер таласатын болады. Бұл әрине, бәсекені тудырады. Екінші жағынан жаңа таныстардың арасында алауыздық тудыруы мүмкін. Ұстаздары болса серіктестікті сезнуді де алдыңғы қатар қойуды тапсырды. Онысы орынды. Бірі сахнада шынымен қобалжып, жылап жатса, екіншісі соны қойылған образ ретінде көрсетуге тырысуда. Құрт-құмырсқаға, жан-жануарға этюд жасау оңай емес дүние. Біздің тілмен айтқанда пародия. Қысқаша сол жерде «мал» боласың. Жасамаймын десең, жолың ашық, ешкім қал деп жалынбайды. Қосымша ән айту, би билеу жалпы жан-жақты болған сайын басқалардан бірнеше қадам алда тұрасың.
Тлеуова Қымбат Рамазанқызы, «Драма театр және кино актеры» бойынша доцент:
— Бұл мамандыққа қызығушылық көп. Ынталы балалар көп болған сайын, бәсеке туа бастайды.
— Әртіс деген кім?
— Ол өресі биік, өз сезімдерін оята білген адам. Қазіргі әртіс ол жан-жақты болуы керек. Мен сол жағынан мұқият бақылап отырмын.
— Қазір кино әртістерін халық көп сынап жатады. Сондай жасандылықты ғана көрсететін әртістерге қарап қайталамауға тырысатын дүниелер бар ма?
— Келген талапкерден бірден сұраймын; кино актеры болғың келе ме? Әлде, театрда ма?, — деп. Көбісі кино дейді. Олар халықтың алдында жүргенге қызығады. Жұлдыз болғысы келетіндер. Олар киноға түседі және солай қалады. Ал, театрда ізденіс бар, даму бар. Таза еңбек. Театрды таңдап келген балалардан көп дүние күтеміз.
— Кино әртісі, театр әртісі бола ала ма?
— Қиындау…
— Бірақ?
— Бірақ театр актеры киноға түсе алады. Ол біздің тәжірибеден өткен. Талай кино саласындағы әртістерді Әуезов театрына шақырып, үлкен рөлдерді, батырларды берген кезде ала алмаған кездері болды.
Қандай мамандық таңдасаңыз да бар ынтаңызбен бастаңыз. Сонда ғана нәтиже шығады. Актер сөзі «әрекет етуші», деген мағынаны береді екен. Алдағы уақыттарда сөзі аз, әрекеті көп, халық мақтаған жаңашыл актерлардың танылатынына сенейік.
Мирас Хизатолла
Білім айнасы