(Тамыз кеңесінен кейінгі ойларым)
Мен жаңа оқу жылының қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткізілген дәстүрлі Тамыз кеңесінен ерекше әсермен оралдым.
Ұстаздық ғұмырымда «тарихи оқиға» есептелетін салтанатты жиыннан түйгенім: жаһанның ғарыштап дамуымен бірге білім саласына да жаңа өзгерістердің қажет екендігін тағы бір сезіндім. Өйткені қоғамды тәрбиелейтін ұстаз туралы айтқанда Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлық емес,ұлы қызмет »деген тағылымды сөзі ойға оралады. Шынында, ұстаздың өнегесі шәкірттің санасында қалып, берген білімі өмір бойы жатталып қалатынын бәріміз жақсы түсінеміз. Айтпасқа болмайды, біз кезінде жұртты ұйытып,шәкіртінің көңіліндегісін дөп басқан беделді де абыройлы ұстаздарымызды мақтан етеміз. Оның әр түрлі себебі де бар. Ең бастысы, алдыңғы толқын ұстаздардың өз ісіне адалдығымен қоса қоғамның ұстаздықты «зор миссия» деп бағалай білгендігінде жатыр деп ойлаймын. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – Мұғалімдікі» деп Алаш көсемі Мағжан Жұмабаевтың жанға тигізе, жеріне жеткізе айтқан тағылымды сөзі қоғамның ұстазына деген оң көзқарасын көрсетпей ме?! Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда мұғалім мәртебесін көтеру – біздің қоғамдағы басты проблемалардың біріне айналды.
Бір қуантарлық жайт: Тамыз кеңесінің басты мақсаттарының бірі – жоғарыда айтып өткен қоғам алдындағы ұстаз мәртебесін көтеру болды. Жиында сонымен қатар білім мен ғылым саласында инновациялық жаңалықтарды енгізу мен басқару, 2025 жылға дейінгі білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекіту, тағы басқа да өзекті мәселелер сөз болды. Бір ерекшелігі, Тамыз кеңесі ашық диалог жағдайында өтті. Бәрімізге белгілі, шынайы пікірталас алаңы ғана жаңа идеялар мен тың бастамаларға жол ашады. Салтанатты жиында айтылған идеялар өте қызықты болды. Жаһандану үрдісіне қарай жаңа формациядағы мұғалім, оның беделі, ғылым мен білімді ұштастыра жүргізудің тиімділігі, оны шешу жолдары тереңдей айтылды. Тіпті осы уақытқа дейін қайта-қайта айтылып келген ата-ана мәдениеті мен олардың ұстазға деген қарым- қатынасы, отбасындағы бала тәрбиесі, ана тілінің тағдыры, тағы басқа да пікірлер бізге таныс болса да, жиында басқа қырынан талданды. Жарыссөзге шыққан шешендер осы бағытта қордаланып қалған мәселелерді өткір көтерді. Көңілге тоқып,ойланатын жайттар өте көп болды.
Салтанатты шараға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы да ерекше жаңалық деп ойлаймын. Бұл алдымен ұстаздарға деген құрметті көрсетеді. Бір қуантарлығы: ұстаздарды толғандырып жүрген көптеген мәселелерді Мемлекет басшысы өз баяндамасында атап көрсетті. Білім беру саласында шешімін таппаған проблемалардың бар екендігін ашып айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – өте маңызды міндет. Тарихы терең дәстүр сабақтастығы ұлттық тәрбие арқылы беріледі. Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде: «Әрбір тәрбиеші баланы ұлт дәстүрімен тәрбиелеуге міндетті» дейді. Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, ділі берік болады» дей келіп, ұстаздар қауымына зор міндеттер жүктеді. Адам капиталы мен білім беру саласына қойылатын талаптардың мүлдем өзгеше екендігіне басты назар аудартты. Әсіресе, білім беру ісін ұдайы дамытып отыруымен қоса соңғы жылдарда қолға алынған әр түрлі реформалардың сын көтермейтін жақтары да бар екендігін басты мәселе етіп көтерді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында ең өзекті сегіз мәселеге тоқталды. « Отандық білім саласы туған жеріңе, қоршаған ортаңа, өз тарихыңа құрметпен қарауға тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуі тиіс. Білім беру ісі ұдайы дамып отыруы қажет. Осы мақсатта, балаларды бастауыштан жаңартылған мазмұнда оқыту басталды. Мәселен, биыл жаратылыстану пәні қайта енгізіледі. Осының өзі ғылымға жол бастайтын бірден-бір қадам» дей келіп, осыған сай кешенді шаралар қабылдау қажет екендігін атап өтті. «Еліміздің жастары өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар, мемлекеттің озық инновацияларға сай өркендеуіне зор үлес қосуы қажет» дей отырып, білім саласындағы әр түрлі бастамаларға мемлекеттік қолдау көрсетілетіндігін баса айтты.
Тамыз кеңесінен ұстаздардың көп үміт күткендігін жасыра алмаймын. Мұғалімге қоғамдық құрметті қалыптастыру, «Ұстаз мәртебесі туралы» жаңа заңның әзірленуі, лайықты еңбекақы жайы, оқулықтарды қайта қарау – тағы басқа да мәселелер бұқаралық сипат алып, зиялы қауымды бір сілкінтіп тастады. Жалпы, Тамыз кеңесі қоғам тарапынан оң бағаланып жатыр.
Гүлзихан ТАСҚАРИНА,
Ә.Молдағұлова атындағы№38 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері