Бүгін жұмыс сапарымен Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан N6 мектеп гимназиясында қонақта болдық. Мектептің тыныс тіршілігімен директордың орынбасары Әлия Маратқызы таныстырды.
Ширек ғасырдан астам тарихы бар мектепте бүгінде 91 педагог қызмет атқарады. N6 мектеп гимназиясы елордадағы белді білім ордаларының бірі. Аталмыш оқу ордасының түлектері еліміздегі одан қалды әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттердің студенті атануда.
Мектеп басшысы Крылова Т.К. білім саласына қосқан еңбегі үшін «Ы. Алтынсарин», «Астана қаласының 10 жылдығына арналған» және «Ерен еңбегі үшін» төсбелгілерімен марапталған. Әріптестері еңбекқор, ісіне адал, жоғары санатты, зерделі басшы санайтын маман, қол астындағы қызметкерлерінің бойындағы осы қасиеттерге баса назар аударады екен. Ширек ғасырдан астам жұмыс істеп келе жатқан мектепте, зерек балалармен жұмыс жасаудың үлкен тәжірибесі қалыптасып үлгерді. Зерделі оқушардың мұрындық болуымен мектепте ғылыми зерттеуді тереңдету жүйесі құрылды. Оқу ордасы сонымен қатар баланың білімі мен қоса тұлға болып қалыптасуы үшін аянбай еңбек етіп келеді. Сол себепті де мектепте ғылыми бірлестіктер, түрлі бағыттағы факультативтер, дебаттар, және «біз» атты театрлық студия жұмыс істейді. Оқушылардың республикалық, қалалық, аймақтық олимпиядаларда жеңімпаз болуы, мектеп ұжымы тарапынан жасалып жатқан қажырлы еңбектің көрінісі деп білеміз.
АРНАБЕК Нұрбол
Bilimainasy газеті
Нұр-Сұлтан қаласы