Home » Жаңалықтар » Ғылымның аса алмас қыры, аша алмас сыры жоқ

Ғылымның аса алмас қыры, аша алмас сыры жоқ

«Білім айнасы» республикалық газетінің тілшілері Нұр-Сұлтан қаласының мектептерін аралап, танысу сапарын жалғастыруда. Осы жолы олар «Жеті сауал» жобасы бойынша сауалнама сұрақтарына жауап алу, мектептің алғыр оқушыларымен, білімді ұстаздарымен танысып тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында «№73 физико-техникалық лицейіне» бас сұқты. Білім ордасындағы оқушылардың тәрбиесі үлкенді сыйлай білуінен көрінсе, мектеп директоры Құралай Амангелдіқызының көрегенділігі адамдармен қарым-қатынасынан анық байқалды. Оқу орнында тәрбиемен қатар білімге де, ғылымға да үлкен көңіл бөледі екен. Оны білім алушылардың ғылыми өнертабыстарынан, өздері ойлап тапқан  туындыларынан байқауға болады. Сондай өнертапқыш оқушылардың қатарынан оқу орнының 10 «а» сынып оқушысы Аманкелді Санжар мен 9 «ә» сынып оқушысы Альмуратов Бахтияр да табылды. Олар медицина саласының мамандарына өте қажет антисептикалық сұйық сабынды қолданудың ерекше әдісін ойлап тапқан. Бұл әдістері арнайы құрылғы арқылы іске асатын көрінеді. Қызығы, құрамында спирт бар антисептикалық сабынды қолдану үшін адамға ешқандай артық әрекеттің қажеті жоқ. Тек қолын құрылғы астындағы арнайы орынға тосса болғаны, сұйық сабын бірден құйылады. Бұл медицина мамандарына қол тазалығымен қатар ыңғайлылығының арқасында үнемделген уақыт сыйлайтын тың техника. Тағы бір артықшылығы бұл құрылғыны ауруханада ғана емес, үй жағдайында да қолдануға болады. Қуаттау үшін тұрмыста қолданып жүрген батарейкаларды немесе ұялы телефондарға арналған қалта қуаттағыштарын пайдалануға мүмкіндік бар. Оқушылардың 2 айдан аса уақыттарын арнаған өнертабыстары тек мақтауға лайық үздік ғылыми жоба. Жаңалыққа құмар жас ғалымдарға тек сәттілік тілейміз!

 

Жұпар САНСЫЗБАЕВА,
«BILIM AINASY» газеті,
Нұр-Сұлтан қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.