Home » Ашық сабақтар » Достық неден басталады?  

Достық неден басталады?  

Білім беру саласы: «Әлеуметтік орта»
Ұйымдастырылған оқу іс — әрекеті:
Өзін‒өзі тану.
Мақсаты: «Достық» құндылығы туралы түсініктерін одан әрі жетілдіру. Өзара сыйластық, достық, сүйіспеншілік туралы түсінік беру. Өзара сыйластық қарым‒қатынастарын дамыту. Бір- бірімен тату, дос болуға тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар: Слайд,   суреттер.
 Мотивациялық қозғаушы
-Сәлеметсіңдер ме, балалар! Бүгін біздің сабағымызға қонақтар келді. Бүгін қандай керемет күн. Бұл күнді жақсы, қуанышты көңіл күймен өткізу үшін сендерді «Достық неден басталады?» атты ашық оқу іс- әрекетінің «Шаттық шеңберіне» шақырамын.

Шаттық шеңбер
Біз әдепті баламыз,
Біз ерекше боламыз,
Қонақтарды көргенде,
Сәлеметсіздер ме! – деп,
сәлемдесіп аламыз.
Біздің топта балалар,
Тату – тәтті ойнаймыз.
Дос көңілі әрқашан
Тек жақсылық ойлаймыз.
Ұйымдастырушылық

Әңгімелесу
— Балалар, сендер достық, татулық дегенді қалай түсінесіңдер?
— Достарыңды ренжітіп алсаңдар, қалай татуласар едіңдер?
   Балалардың жауаптары.
‒ Өз досың туралы айтып берші?(Балалар өз ойларын айтады)
‒ Балалар, сендерге жалғыз ойнаған немесе серуендеген ұнай ма? Ойлап көріңдерші?
 Балалардың жауаптары.
-Дұрыс айтасыңдар, балалар. Жалғыз ойнасақ, жалғыз серуендесек, жалғыз тамақтансақ көңілсіз екен. Сондықтан біз жалғыз қалмау үшін біздерге дос жолдас керек екен.
Достық ‒ адамдардың бір‒біріне деген адалдығы, өзара сыйластығы, татулығы, сүйіспеншілігі, жанашырлығы, қамқорлығының белгісі.

Біз достық туралы біліп,бір-бірімізбен достасуды үйренеміз.
(Слайд көрсету,талдау)

Жағдаят:

— Аңсар,Дидир және Мирас бірінші сыныпта оқиды. Үшеуі бір-бірімен дос. Олар мектептің асханасына тамақтануға барады.Аңсар мен Дидар бір-бір бәліштен сатып алады.Ал Мирас ақшасын  үйге ұмытып кетіпті ,ол ештенке сатып  алмай кетіп қалады. Аңсар оны қуып жетіп, бәлішін бөліседі,Дидар өзі жалғыз бәлішін жеп отыра береді.

— Аңсар мен Дидардың  қайсысың  адал дос деп, айтуға болады?
— Неліктен? Олардың достықтары қалай жалғасады, деп ойлайсыңдар?

Әңгімелеу

 «Екі доспен аю» ертегісін  тамашалайық.

(рөлдерге бөліп, балаларға ойнатады)

Қалай ойлайсыңдар,қашып кеткен  баланы  нағыз дос деп айта аламыз ба?

— Сендер ол баланың  орнында болсаңдар не істер едіңдер?

— «Достық асыл қасиет»-деп тегін айтылмаған.

— Достық бір-біріне деген сүйіспеншіліктен,мейірімділіктен,

көмектесуден туындайды,сондықтан да достықты адам бойындағы асыл қасиетке теңеген.

 Ойын: «Менің досым»
Педагог балаға доп лақтырып,«Сенің досың қандай?»дейді.Бала өз досының қандай екенін айтып   береді.
Мысалы:ренжітпейді,алдамайды,бірге ойнайды,т.с.с.

Тәрбиеші:

— Біздің балалардың достық туралы тақпақтарың тыңдайық.
Рамазан
Елгезекпін, ешкімге де,
Өкпе, назым жоқ менің.
Кішіпейіл, ақжарқын,
Достарымда көп менің
Айым
Тату өскен балалар,
Дос болады өмірде.
Досы жоқтың қуанышы,
Аз болады көңілде.
Болашақ:
Достар бірге жүреміз,
Бірге ойнаймыз, күлеміз.
Бірге балық аулаймыз,
Міне біздер қандаймыз
Сергіту сәті:

Ортақ мекен жер шары,
Төбемізде бір аспан.
Барлық ұлттың баласы,
Достығымыз жарасқан. (өлеңге сәйкес қимылдар жасайды)

Балалар енді достық туралы қандай мақал мәтелдер білесіңдер?

Мақал‒мәтелдер.

  1. «Кемшіліксіз дос іздеген адам доссыз қалады».
    2. «Дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады.
  2. «Киімнің жаңасы жақсы, достың көнесі жақсы».
  3. « Көп ақшаң болғанша, көп досың болсын».
  4. «Досы жақсының-өзі де жақсы».
  5. «Дос басқа қарайды,

Дұшпан аяққа қарайды».
7. «Ақылсыз достан ақылды дұшпан артық».

  1. «Доссыз адам тамыры жоқ ағашпен тең.»

9.Аққуды атпа,досыңды сатпа.

Рефлексиялық-түзетушілік.

Қорытындылау:

‒ Балалар, бүгінгі сабағымызда жүрегімізге, жанымызға жақын, жақсы көретін достарымыз туралы әңгімелестік. Досымыз туралы ең жақсы, тамаша сөздерді айттық. Достар бір біріне әрқашан көмектесу керектігі түсіндік.
-Досымыз көп болу үшін қандай болуымыз керек?

-Қиын кездерде бір-біріне көмек көрсетіңдер.

-Досыңды алдамай, оған адал бол.

-Досыңды қорлама.

-Досыңмен қызықты шақтарды бөлісе біл.

-Досыңның кемшілігін кешіре біл.

Жүректен жүрекке

Балалар «Достық гүлін»бір-біріне ұсына отырып ,жылы лебіздерін білдіреді.

Балалар қол ұстасып шеңберге тұрып,тәрбиешімен бірге өлең жолдарын қайталайды.

Әкел досым қолыңды,

Татуласқан орынды.

Өкпелесіп не керек,

Қане корсет соныңды.

Баққа бірге барайық,

Қол ұстасып жүрейік.

Татулықтың белгісі ,

Кел қосылып күлейік.

-Барлығыңа рахмет!

Күтілетін нәтиже:

«Достық» құндылығы туралы түсінді.

Қарым – қатынаста, достықта жылы сөздерді қолдана білу керек екенін түсінді.

 

Жанбайсенова С.К.,
Шығыс Қазақстан облысы
Жарма ауданы, Қалбатау ауылы
КМҚК «Алтынай» балалар бақшасы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.