Алмагул Әмірханқызы Жанаталапова,
№6 «Шолпан» бөбекжайының тәрбиешісі,
Орал қаласы, Батыс Қазақстан облысы

 

 

 

 

Патриоттық тәрбие – балабақшада
«Туған өлкеге, мәдениетке, тілге деген
махаббат кішкене кездегі отбасы мен
балабақшасынан бастау алады да,
уақыт өте келе бұл махаббат туған еліне,
Отанына оның өткені мен келешек
тарихына деген ұлы сезімге ауысады»
Л.С.Лихачев

Баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен тәрбиешілер шешуші рөл атқарады.Еліміздің болашағы жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік – отбасы, ата-ана тәрбиесі болса, екінші бесік – білім беру мекемесі. Мектепке дейінгі кезеңдегі тәрбие – адам қалыптасуының алғашқы баспалдағы. Балабақшадағы тәрбие бала табиғатына ерекше әсер етіп, оған өмір бойы өшпестей із қалдырады. Заман талабына лайық тәрбие білім беру жұмысын кешенді ұйымдастыру жаңа технологияларды, идеялар мен шығармашылық, инновациялық жаңашылдықты қажет етеді.

Қазіргі таңда өскелең ұрпақты елінің патриоты болуға тәрбиелеу – заманымыздың өзекті мәселесі болып отыр. Мектепке дейінгі кезеңде балаға рухани-патриоттық тәрбие беру – күрделі педагогикалық кезең болып табылады. Негізгі кезеңнің бірі – өз Отанына деген сүйіспеншілік, отбасына, жақын адамдарына, соның ішінде анасына,әкесіне, ата- әжесіне деген махаббатынан бастау алады.

Жалпы патриотизм деген – Отанға деген сүйіспеншілік, әр азаматтың бойындағы күш – қуаты мен білімін ел игілігі мен мүддесіне жұмсау деген сөз. Баланың қоршаған ортаны сезіп, көріп білуі – Отанына деген сезімнің алғашқы сатысы болып табылады. Дегенмен, бала сол таңырқауларды терең түсіне алмағандықтан, педагог оларды демеуші сұрақтармен жетелеу керек.

Педагогтің басты міндеті – балаларға түсінікті тілмен жүйелі жоспар құрып,рухани- патриоттық сезімдерін тәрбиелеу. Соның ішінде,

  • Баланың өз отбасына, үйіне, балабақшасына, көшесіне және қаласына деген сүйіспеншілік сезімге тәрбиелеу,
  • Табиғатты және қоршаған ортаны аялай білуге үйрету;
  • Еңбекті бағалай білуге тәрбиелеу;
  • Қазақ халқының салт-дәстүріне және әдет-ғұрпына деген қызығушылықтарын ояту;
  • Адам құқығы туралы қарапайым түсініктерін қалыптастыру;
  • Қазақстанның қалалары туралы түсініктерін кеңейту;
  • Мемлекеттік рәміздермен таныстыру;
  • Елінің жетістіктерін мақтан тұту;

Отан қорғаушылар күнін атап өтіп, оларды сыйлай білуге үйрету;

  • Өзге ұлт өкілдерін және олардың салт-дәстүрлерін құрметтеу.

Балалардың туған елге,жерге деген махаббаттарын ояту мақсатында біз үнемі ұйымдастырылған оқу қызметтерінде  ең алдымен бала өз отбасын, салт-дәстүрін, тілін мақтан тұта білуге тәрбиелеуді басшылыққа аламыз. «Менің үйім, менің отбасым», «Отбасы» тақырыбын өткізген уақытта ата-аналармен бірлесе отырып, балалардың отбасымен «Отбасым – қызықты мекенім» атты фотоальбом жасатып, оны сабақ барысында қолданған кезде, есімінің неге осылай қойғандығын, тегінің кімнің аты екеніне аса мән беріп, саналарына сіңіруге үлес қосып отырамыз.  Отбасындағы мерекелік кештер, қызықты сәттер туралы сұрақ-жауап алмасып, тілдерін дамытумен қатар отбасы мүшелеріне деген сезімдерін нығайтуға тырысамыз.

Күнделікті тұрмыс жағдайында балаларды ертегілермен, ұлттың салт-дәстүрімен және көне заттармен таныстыру өте тиімдірек. Сол үшін №6 «Шолпан» бөбекжайы Батыс Қазақстан  облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесе жұмыстанып жатыр. Себебі музейге барып жәдігерлерді көздерімен көріп, қолдарымен ұстап, танымдық қабілеттерін жетілдіріп отырады. Мысалы, әр жердің өзіне ғана тән табиғаты,  тұрмыс жағдайы және салт-дәстүрі бар. Топ балаларының туған өлке, туған қала жайлы білім алып, ой-өрісі кеңейіп, қаланың  мәдени орталығы, тарихи жерлері және ескерткіштері жайлы танымдары арта түседі. Бұл жерден шығатын қорытынды, балалар ең алдымен көріп ойлайтындықтан, көркем әдебиет пен көрнекіліктер олар үшін аздық етеді, ал музейден көздерімен көріп, жәдігерлермен жақынырақ танысу балалар үшін теңіздей терең білімді санасына сыйдырады. Сонымен қатар туған өлкені сүюге, өсімдіктер мен жануарларды қорғай білуге және табиғатты аялауға тәрбиелеу мақсатында әр түрлі экскурсиялар, серуендер, бақылаулар табиғат және  экология музейінде ұйымдастырылады.

Сол сияқты М.Мәметова атындағы мемориалдық музейінде балаларға рухани- патриоттық тәрбиенің негізгі көзі ретінде Жеңіс тақырыбын талқылап түсіндіреміз. Отан үшін жанын пида қылған ата-бабаларымыздың өмірі, ерлігі туралы мәлімет беріледі. Соның ішінде Орал қаласының батырлары туралы жүйелі мәліметті мақтанышпен бала санасына жеткізуді мақсат етеміз. «Жеңіс күнін тойлаймыз!», «Мәншүк апай – батыр қыз» атты кештерден оралған сәтте  балалардың алған әсерімен бөлісу арқылы олардың рухани-патриоттық сезімін саналарына сіңірдік деп ойлаймыз. Халықтың басты ерекшеліктерінің бірі – ар мен намысты етене қалыптастыру, бала бойына сіңіру, сөйтіп оларды адам тіршілігінің іс-қимылының өлшеуі ретінде қарау. Ұрпаққа мұндай тәрбие беру халықтың бүкіл өмір тіршілігінен көрінеді: әрдайым ұятын ойлау, үлкенді сыйлау, мейірімділік таныту, кішіге қамқор болу.

Рухани жаңғыру музейіне саяхаттау арқылы  елдігімізді айшықтап көрсетіп отыратын рәміздерімізді, астанамыз Астана екенін және тұрып жатқан қаламыз еліміздің басты бір бөлшегі екенінен нақты да жүйелі білім беруді басшылыққа алып, жұмысымызды жалғастырып отырамыз. Бұл іс-әрекеттер жүзеге асу үшін ұйымдастырылған оқу қызметтері мен қоса танымдық ойын-саяхаттарынан тұратын жоспарды да негізге аламыз. Әрине мазмұнына, көлеміне,жас ерекшеліктеріне сай жұмыс барысын да нақтылап жүйелеп отырамыз.

Жалпы мектепке дейінгі мекемеде барлық бағыттағы музейлермен біріктірілген «Музейде өткен бір күнім» атты акциясы ұйымдастырылып, балалар ата-аналарымен бірге музейге саяхат жасап, қызықты да пайдалы мәліметтерді саралап, ақыл қоржындарына білім жиып қайтады.

№6 «Шолпан» бөбекжайында патриоттық тәрбие беру бағдарламасының аясында баланың танымдық қабілетін, ой-өрісін дамытуға бағытталған шаралар өткізіліп, жоспарлы жұмыстар атқарылуда.Бала құқығын қорғау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, патриоттық тәрбие, ұлттық тәрбие, рухани-адамгершілік тәрбиесі біздің ұжым педагогтарының ықпалымен жүзеге асырылуда.

Сонымен қатар балалар үшін бөбекжайдың дәлізінде арнайы жасақталған париоттық  көрмелер де жеткілікті. Осыған қоса әр дүйсенбі бала жүрегінің  түбінен ерекше орын алатын еліміздің Әнұранын орындатып, Рәміздер күнінде «Байрағым – байлығым», Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіз елдің ұлымын» атты ертеңгіліктер өткізу барысында балалардың Отанына деген ұлы сезімдерін нығайтып, елінің, жерінің патриоты болуға тәрбиелеп отырамыз.

«Ертегілер еліне саяхат» танымдық кешінде балалар «Шалқан» ертегісін сахналап, ата-әжесіне деген құрметтерін көрсетіп, бір-біріне кішіпейіл болу – патриоттықтың алғашқы сатысы екенін үйреніп білді. Сол сияқты ата-аналармен бірге өткізілген «Отбасы – аялы алақан мекені» атты ата-аналар жиналысының да өткізілу деңгейі патриоттықтың  негізін қалаушы саты деп есептейміз.

Топ ішінде күннің екінші жартысында балалармен өткізілетін «Асық ату», «Хан талапай», «Арқан тартыс» сияқты ұлттық ойындар топтамасы да баланың Отанын сүюге, еліміздің ұлттық құндылығы — атадан қалған асыл мұрамызды дамытуға қосқан үлесі деп білеміз.

Біз тәрбиенің нағыз бастау алар мекені – бөбекжайда бүлдіршіндерді адами құндылықтарға тәрбиелеуде көп еңбектенуіміз керек. Бөбекжайдағы өскелең ұрпақ – болашақ Қазақстан азаматы. Олар ескінің көзіндей, жаңаның өзіндей болып ХХІ ғасыр есігінен еркін еніп жүре алатын дүниежүзілік мәдениетті танитын, өзін сыйлата алатын рухани дүниесі бай, интеллект деңгейі жоғары, білімді де білікті, әрі саналы парасатты, жан-жақты мәдениетті, еліміздің еңсесін өркениетке жетелейтін патриот болып өсуі тиіс.

Тәуелсіз Қазақстанның әр жас жеткіншегінің жүрегінде Отанына, жеріне, еліне деген ыстық сезім, шынайы сүйіспеншілік ұялату арқылы біз адамзаттық көзқарасы қалыптасқан, әлеуметтік белсенділігі жоғары отаншыл ұрпақ тәрбиелеп өсіруге аса көңіл бөліп «Әрбір қазақстандықты өз мемлекеті қамқорлықсыз қалдырмайды, ал әрбір қазақстандық өз мемлекетінің болашақ тағдыры үшін жауапты» деген ұғымды жас ұрпақ санасына жеткізуіміз қажет.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.