Home » Жаңалықтар » 5-сынып оқушылары Республикалық Бірыңғай «Жас Ұлан» ұйымына қабылданды

5-сынып оқушылары Республикалық Бірыңғай «Жас Ұлан» ұйымына қабылданды

Желтоқсанның 22 жұлдызы сағат 11-де, АКТ залында Алматы облысы, Қарасай ауданы, Л.Н. Толстой атындағы орта мектебі, Коммуналдық Мемлекеттік Мекемесінің 5-сынып оқушылары мектеп басшылығы, ұстаздар қауымының қатысуымен Республикалық Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына мүше болып қабылданды.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылып, жас азаматтарды еліміздің нағыз патриоттары, өзгерістерден қаймықпайтын, еңбекқұмар, білімге құштар, өзін-өзі жетілдіруге үнемі ұмтылатын, өршіл, қайсар етіп тәрбиелеуді, дәстүрімізді, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарымызды қастерлейтін рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастыруды көздеді.

АКТ залы ҚР мемлекеттік рәміздерімен безендіріліп, аталмыш ұйымның таңбасы баннерге бейнеленіп, ілінді. Кешті жоғары сыныптың белсенді екі оқушысы жүргізіп, салтанатты жиналысқа ұстаздар, мектеп шәкірттерінің қош келгендігін хабарлады. Іле-шала, ұйымға қабылданатын оқушыларды қатарға тік тұрғызып «Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің туы енгізіліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды.

Осылайша бірінші жүргізуші «Жас Ұлан» ұйымының әрбір мүшесі: «Қоғамдық өмірде, тұрмыста, қазақ ұлттық болмыста, халықтық келбетпен қалыпты сақтай отырып, ата-ананың шынайы сыйлап, олардың өнегелі қасиеттерін бойға сіңіріп, өсиеттерін орындауды перзенттік парыз деп түсінеді, туған елін шексіз сүйеді» десе екінші жүргізші: «Қазақстан Республикасының туының түсіндей галстук тағу керек және Республикамыздың мемлекеттік нышандарын құрметтеп, мемлекеттік Әнұранды жатқа айту керек. Жасұлан ұйымының мүшесі-Отанына адал, Отанының адал азаматтары , оқуда, еңбекте, спортта өжет те қайсар болу керек…»- деп ұйымның талаптарын айтса, енді бірі: « «Жас Ұлан» ұйымының негізгі мақсаты – оқушылардың қоғамдық, әлеуметтік, танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту. Ал, міндеттері- әлеуметтік тәжірибені байыту және дамыту, мектептегі тәрбиелік әлеуетін жүзеге асыру болып табылады»,- деп атап көрсетті.

Ұйымға қабылданатын оқушылардың атынан топ басшысы шығып «Тәлімгер – Ақнұр Нұрланқызы — бүгінгі Республикалық бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымына қабылдау салтанатты жиынына дайын», — деп өздерінің мүше болуға дайын екендерін білдіріп, рапорт берді. Барлық оқушылар «Қазақстан-Нұрсұлтан-Жас Ұлан» деп 3 рет қайталады.

Сөйтіп, оқушылар кеңесі, ел болашағының үкілеген үмітіндей осы оқушыларға туымыз түстес көгілдір галстук пен төс белгісін табыстау рәсімін жасады.

Бүгінгі жиынның ең жауапты сәті ант тапсыру рәсімінде топ басшысының бастауымен барлық оқушылар «Ант етеміз, ант етеміз, ант етеміз» деп 3 рет қайталап, «Жас Ұлан» ережесін бұлжытпай сақтауға және оны өз достарынан талап ететіндігі туралы ант береді.

Жиналыстың соңында құттықтау сөз кезегін мектеп директоры Накысбеков Дархан Сатылғанұлына берді. Мектебіміздің жас болса да бас болып отырған кемеңгер басшысы салтанатты кештің Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылғандығын өте дұрыс деп тауып, мектебіміздің өркениетті ел болашағын жалғастырушы білімді де, білікті, намысты да, тәрбиелі, жан-жақты дамыған, ертең елге қамқор, өнеге болатындай жас азаматтар мен азаматшаларды тәрбиелеп жатқандығын, бүгінгі «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы дәл сондай ұлтжанды, асқақ ұраны бар ұлағатты ұрпақтарды ұйымға қабылдап, олардың алдағы күндерде үлкен жауапкершілікпен қадам басуына жол сілтеп, өсер елдің өскелең ұрпақтарынан етіп дамытатындығы туралы ұйымның мақсаттары мен міндеттерін саралай сабақтап, өрелі ойларын білімді ұрпаққа үлгі етті. Және оқушыларды «Жас Ұлан» ұйымына қабылдануларымен қызу құттықтай отырып, Егеменді еліміздің еңселі азаматтары болуларына тілектестік лебізін шын жүректен білдіріп, салтанатты кешке қатысушыларды бір шабыттандырып тастады.

Кеш соңында туды шығару рәсімі жасалып, жүргізушілер кешке қатысушыларға үлкен алғысын білдірді. Жиынның өз мәресіне жеткендігін айтып, Салтанатты кешті жабық деп жариялады!!!

Бейіс Бану,
«Л.Н. Толстой атындағы орта мектеп» КММ,
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Алматы облысы, Қарасай ауданы, Іргелі ауылы

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.