Home » Ашық сабақтар » Елеуова Айғаным Ленбековна. Мәдени орындар мен ескерткіштердің тәрбиелік мәні

Елеуова Айғаным Ленбековна. Мәдени орындар мен ескерткіштердің тәрбиелік мәні

Мақсаты: Мәдени орындар мен ескерткіштердің оқушы үшін тәрбиелік мәнін ашу.
Өзектілігі: Адамдардың көпшілігінде мәдени орындар десе, ойын-сауық орталықтарын айту әдетке айналған. Қандай мәдени орынға жиі барасыз деген сауалға «Ханшатыр, Бәйтерек, Мега, Сарыарқа, Думан» деген жауаптарды жиі естиміз. Сол себепті өзіміз барған мәдени орындардың ерекшелігін ашып, тәрбиелік мәніне тоқталғанды жөн санадық. Біздің топ және біздің жетекші тобымыз 9-сынып оқушылары бір жылдың көлемінде көптеген мәдени орындарға барып, ой-өрісімізді кеңейттік, өте қажетті, бұрын білмеген жаңа мәліметтермен таныстық. Оқушылар сарайы. 2011-2020 жылдарға арналған ҚР білімді дамыту мемлекеттік бағдарламасында балаларға қосымша білім беру мекемелерінің балалар мен жастардың жеке қызығушылықтары мен қабілеттерін дамытудағы маңызды ролі ерекше аталып көрсетілген. 2011 жылы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Астана қаласында Оқушылар сарайы салынды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлт болашағы оқушылардың жаңа сарайында» деген еді. Шынымен, оқушылар сарайына кірсең, шыққың келмей қалады. Өте әсем, жаңа заманға сай барлық мүмкіндіктер, жағдайлар қарастырылған, заманауи ғимарат әрі мәдени дамытушы орын. Елбасының өзі елордада жаңадан бой көтерген Оқушылар сарайында үнемі болып тұратыны белгілі. Ғимараттың жоспары мен материалдық-техникалық жарақталуымен жан-жақты танысқан Елбасы кешендегі бірқатар спорт залдарын аралап көріп, оң бағасын берді. Жаңарған жаңа қоғамның өскелең ұрпақтарын жан-жақты білім нәрімен сусындату барысында Оқушылар сарайы тәрізді білім мен тәрбие ордаларының ашылуы қуантады. Оқушылар сарайы балалардың шығармашылығын шыңдап келеді. Оған дәлел – біздің сыныптасымыз және отряд мүшесі Малгажинова Еңлік Оқушылар сарайы ұйымдастырылған «Сүйкімді ару» байқауына қатысып, І орынды иеленді. Біз оны мақтан тұтамыз және оның оқушылар сарайында ұйымдастырылатын барлық шараларға қатысатынына қарап, үлгі аламыз. Наурыз айында 8 «А» сыныбы осы оқушылар сарайына барып, сыныппен ондағы үйірмелер, шығармашылық жұмыстар кестесімен танысты. Сондай-ақ оқушылар сарайы ұжымының әзірлеген «Жыл басына таласқан хайуанаттар» ертегісінің желісімен сахналанған қойылымды тамашалады. Оқушылардың барлығы да жақсы әсермен үйлеріне қайтты. Себебі, сахнада ойнаған әр жас актер көрермен оқушылармен байланыс жасай білді. Қойылым барысында тек өз сценарийлерімен ғана емес, арасында оқушыларға қызықты болатын сұрақтар қойып, көрермендіәң көңілін аулауға тырысты. Міне, осындай тұстар оқушыларға ерекше әсер қалдырды. Кітапхана. «ХХІ ғасыр – ғылым, білім және мәдениет ғасыры. Барлық білімнің қайнар бұлағы – кітап».

Н.Ә.Назарбаев

              Кітапханамен дос болған адамның өмірден өз орнын табары анық. Себебі кітап – ең сенімді серік. Кітапты оқып отырып, көзімізге жас алатын кездер де, кейіпкермен бірге жүргендей болып, оның қызықты қылықтарына қалай күліп жібергеніңді білмей қалатын кездер де жиі болады. Кейіпкерге жаның ашып, оған көмектескің де келіп кетеді. Оқушылар сыныппен кітапханаға саяхатты мектеп кітапханасынан бастады. Күнделікті сабаққа қажетті мағлұматты мектеп кітапханасынан тауып, көркем әдебиет алып, оқып, білім көкжиектерін кеңейтті. Сондай-ақ Көктал -1 ауданында орналасқан «Наз» кітапханасына барды. Ондағы «Астана» және «Жаңалықтар» бұрышымен танысып, ерекше қуанды. Кітапхана қызметкері Нұргүл Өмірбекқызы кітапханадағы барлық кітаптар қорымен таныстырып, арнайы жаңадан әкелінген электронды кітаптарды көрсетті. Оқушылар сол сәттен бастап жеке карточка ашқызып, кітапханының тұрақты оқырмандарына айналды. Келесі оқушылардың аса таңданыспен әрі қызығушылықпен барып танысқан кітапханалары – елордамыздағы ұлттық академиялық кітапхана. Оқушылар ұлттық кітапханадағы кітаптар қорының көптігіне және өзіне қажетті көп жерлерде табыла бермейтін ақпаратты немесе кітапты өте жылдам уақытта алдыңа әкеп беретін құрылғыларды көріп, таңқалысты. Сондай-ақ ондағы оқырмандар залымен, көрмелермен, кітаптардан жасалған ерекше туындылармен танысып, ғажап естеліктермен оралды. Жоғары сынып оқушылары қазіргі кезде ұлттық кітапханамен тығыз қарым-қатынас орнатты. Көптеген сынып сағаттары, ашық сабақтар ұлттық кітапхана қызметкерлерімен бірлесе өткізіледі.

Елеуова Айғаным Ленбековна,
Астана қаласы әкімдігінің
“№1 арнайы мектеп-интернат” КММ
тарих тілі мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.