Home » Мақалалар » Есірткісіз өмір ғажайып!

Есірткісіз өмір ғажайып!

  Жұмабекова Жұлдыз
Т.Жүргенов атындағы
№ 80 мектеп-гимназиясының
10-сынып оқушысы    

Қызылорда ОПД  ЕҚҚІҚБ
тарапынан жарияланған байқауға

Есірткісіз өмір ғажайып!

Әрбір ата-ана дүниеге сәбиі шыр етіп келгенде өмірімнің жалғасы, ұрпағым келді деп қуанады. Сол сәбиі қашан өсіп жетіліп, қолы аузына жеткенше бағып-қағып, мәпелейді.Қатарынан кем болмасын деп өзі кимесе де баласына бар жақсыны алып беруге тырысады. Сол мақсатта аянбай еңбек етіп, үй көрмей жұмыс жасайды. Ешқандай ата-ана өз сәбиін жаман болсын деп тәрбиелемейді, бойындағы бар жақсы қасиетін баласына беруге тырысады. Ата-ананың сол еңбегін бағаламай қаншама жастарымыз түзу жолдан тайып, теріс жолға түсіп жатқаны бәрімізге аян.

Есірткі тұтынған адамның ағзасы зиянды әдетке тәуелді болады. Бұл дегеніміз-өз өміріңе өзің қожа бола алмайсың деген сөз. Егер де есірткі тыныштандыратын әсерлі болса, есірткі әрекеті аяқталғаннан адам өте сезімтал болады. Барлық есірткілер ауруды басатын әсерлі болғандықтан, есірткі қызметі аяқталғаннан соң адам ауруды тым сезгіш болады, мысалы, апиындар жөтел орталығын тұншықтырады, сондықтан есеңгіреу жағдайынан шыққан адам жөтел ұстамасына ұшырайды. Егер де есірткі әсеріндегі адам өзін көңілді сезінсе, онда есірткі қанағаттану орталықтарына ықпал еткендігі. Есеңгіреу аяқталғаннан кейін ағзадан есірткіге қарсы шығарылған гормондар қанағаттану орталығының қызметін тұншықтырады, адам төзгісіз ауруды сезінеді.

Салауатты өмір салтын ұстанған адам мен есірткіні жанына серік еткен адамның өмір жолдары мүлде екі бөлек арнада өтеді. Салауатты салтын ұстанған адамның денсаулығы мықты, айналасына қадірі мол болады. Өзінің қара басын ғана емес, жақындарының, ата-анасының жағдайын ойлаған адам есірткі сынды зиянды әрекеттен алыс болады деп есептеймін. Басында досым деп санаған нашақор достарың түбінде сені сатып кетеді. Ал сенің мына жарық дүниені көруге себеп болған, түн ұйқысын төрт бөліп, мәпелеп өсірген ата-анаңа өз перзентінің құрдымға кетіп бара жатқанын көру қандай қасірет десеңші? Қазақта «Баланы санасымен бер, болмаса ала бер»-деп бекер айтпаған. Себебі әрбір ата-ана үшін баласының жамандығын көруден асқан азап жоқ деп санаймын. Өмірде жолы болмай, ісі алға баспай жатқан жандар уақытша есірткіден ләззат алып, тыныштық табуы мүмкін. Бірақ та мұның бәрі де уақытша алданыш.Ал мұндай іс-әрекеттің соңы өлімге апарып соқтырады. Әр адамның қай жолды таңдауы ата-анаға да, ортаға да байланысты емес, тікелей өзінің күш жігеріне,санасына байланысты деп ойлаймын. Өз еркінен тыс есірткінің дәмін татып, бұзақыларға тап болды делік, бірақ та осы зиянды әдеттің ізіне түспей, дер кезінде ем алып, тұзақтан құтылудың жолын қарастыруға болады деп санаймын. Таңдау әрқашан да әр адамның еркінде.  Жүрегінде иманы бар, болашағын ойлайтын әр адамзат баласы басына мұндай қатер төнсе тура жолды табуға мүмкіндігі бар деп санаймын.

есірткігеқарсыбайқауы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.