Рахметуллаева Алтынгүл Аманкелдиевна
Атырау қаласы
Жалпы білім беретін №32 орта мектебі
мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары
«Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», — деп Ахмет Байтұрсынұлы пікірін білдірген. Мектеп – оқушыларды тәрбиелейтін, білім нәрімен сусындатып, болашаққа қанат қақтыратын киелі орда. Ондағы мұғалімнің білім сапасы жоғары болса, сол мектептің түлегі де биіктерді бағындыратын сөзсіз. Шәкірт тәрбиелеу жолында, шаршамай еңбек етіп келе жатқан ұстаздарымызда жетерлік. Ал сол білім ордасының өзіндік ережелері бар. Бүгін біз «Мектепішілік бақылау ережесі» жөнінде тарқататын боламыз.
Мектепішілік бақылау – білім беру үдерісінің жағдайын, білім беру мекемесі қызметінің негізгі нәтижелерін диагностикалау үшін ақпараттың басты көзі. Мектепішілік бақылау дегеніміз мектеп әкімшілігі мүшелерінің басшылық тәртібі және өз құзыры шектеуінде мектеп қызметкерлерінің ҚР заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерін сақтауын бақылау түрінде жүзеге асырылатын бақылау, тексеру өткізулері болып табылады.
Мектепішілік бақылаудың негізін әкімшілік пен педагогикалық ұжымның педагогикалық үдерістің тиімділігін арттыруға, педагог қызметкерлердің кәсіби шеберлігін жетілдіру және ынталандыру мақсатында оларға әдістемелік көмек көрсетуге бағдарланған демократиялық негіздегі өзара іс-әрекеті құрайды.
Мектепішілік бақылаудың мақсаты мен міндеттері:
Мектепішілік бақылаудың негізгі мақсаты білім беру үдерісін бұдан әрі дамыту жөніндегі қорытынды мен ұсыныстарды қалыптастыруға ықпал ететін себеп-салдарлық байланысты белгілеп, педагогикалық жүйенің жалпы білімнің мемлекеттік стандарттары талаптарына сәйкес жұмыс істеуі мен дамуын бекіту болып табылады.
Оқу-тәрбие үдерісін тікелей бақылауды жүзеге асыру кезіндегі мектеп ішілік бақылаудың мақсаты:
- педагогикалық ұжымның терең білімділігін сақтау және тұлғаның маңызды және болашақтағы қажеттілігіне сәйкес негізде білімге қол жетімділік, сапа және нәтижесін қамтамасыз ету жөніндегі қызметін жетілдіру;
- педагогикалық ұжым мүшелерінің кәсіптік әлеуетін анықтау және іске асыру;
- білім алушылардың білім әлеуетін анықтау және іске асыру, тұлғаны жан-жақты даму динамикасын бақылау;
- білім мекемесінің білім беру үдерісін жасақтау және ұйымдастыруға қойылатын талаптарға сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Мектепішілік бақылаудың міндеттері:
- білім саласындағы заңнамалардың орындалуын бақылау, заңнамалық және нормативтік құқықтық актілердің бұзылуы және орындалмаған жағдайларын анықтау, олардың жолын кесу бойынша шаралар қабылдау;
- педагог қызметкерлер қызметінің нәтижесіне талдау және сараптамалық бағалау жасау, озық, инновациялық технологиялар, оқытудың әдістері мен тәсілдерін енгізгені үшін жауапкершілікті арттыру;
педагогикалық қызмет нәтижесін зерделеу, білім беру үдерісін ұйымдастырудағы жағымды және жағымсыз беталыстарды анықтау және соның негізінде педагогикалық тәжірибені тарату, жағымсыз беталыстарды жою туралы ұсыныстар мен ұсынымдар дайындау;
- бақылау үдерісінде педагог қызметкерлерге әдістемелік көмек көрсету;
- оқу материалының білім алушылардың даму динамикасына сәйкес игерілу сапасын анықтау мақсатында жекелеген пәндер бойынша білім алушылар жетістіктерінің мониторингі;
- мектеп құжаттамасының жағдайы және жүргізілуін бақылау жүйесін жетілдіру.
Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесін және олардың нысандарын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 130 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылғы 6 сәуірде № 20317 болып тіркелді.
Бұйрықтың мазмұнына сәйкес біршама тапсырмалар белгіленген болатын. Мәселен, осы бұйрыққа сәйкес мектебімізде атқарылып жатқан жұмыстардың тізімін ұсынсам;
- Биылғы мектепті дамыту жоспарын жасақтап, басшылық тарапынан оңтайлы шешімдер қабылданды. Соңғы бес жылда оқушылар контингентінің өзгеруі, білім сапасы, пәндер бойынша оқу сапасына салыстырмалы түрде талдау жасалды. Қортынды аттестаудың нәтижесінде рейтінгісі шығарылып, оқушылардың қалалық, аудандық пәндік олимпиядаларға қатысқаны жөнінде талдаулар жүргізілді. Біздің мектебіміздің соңғы бесжылдықта білім сапасының өскендігі анықталды. Ілгерілеудің бар екендігіне дәлел бола алды. Ол мектепішілік бақылаудың өз деңгейінде ұйымдастырылып жатқандығының арқасында.
- Мектепшілік дамытудың жоспарын талдаған соң, алдымыздағы оқу жылының мақсаты мен міндетін белгіледік. Басты талаптарға ҰБТ мен олимпиадаларда шәкірттеріміздің үздіктер қатарында болуы үшін еңбектену керектігін алға тарттық.
- Білім ордасында жылдан-жылға шәкірттер саны артып келеді.
№130 бұйрықтың мектепішілік ережесіне қатысты қосымшалары арқылы жұмыс жүргізіліп келеді. Мектептің және ұстаздардың жұмысының жемісі, шәкірттеріміздің шыңды бағындырғаны арқылы байқауға болады. Сол себепті білімді және білікті оқушыны тәрбиелеп, оны үлкен өмірге қанаттандыру біздің басты міндетіміз.