Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Бұл бағыт балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру жағдайын қалыптастырады. Осы мақсатта
Алматы қаласы, Түрксіб ауданы,
№74 жалпы білім беретін мектебінде
«Ұлттық құндылықтар — бала тәрбиесінің қайнар көзі» атты қалалық әдістемелік семинар өтті.
Семинарға қаланың әр мектебінен бастауыш сынып мұғалімдері мен психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мамандары қатысты.
Сондай-ақ қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының жетекшісі Сапарова Ағайша Амировна да болды.
Ана құрсағынан басталған ұлттық тәрбие балабақша мен мектепте жалғасын тапса, рухы асқақ, Отанын жанындай сүйетін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелей алатынымыз анық.
Абай атамыз «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: біріншісі — ата-анасынан, екінші — ұстазынан, үшінші-құрбысынан» деген. Бүгінгі семинар дәл осы ұлттық құндылық пен қазақы тәрбиені ұштастырып отыр. Ерекше балаларға бар білгендерін үйретіп жүрген №74 жалпы білім беретін мектеп ұстаздарының әр сабағы ұлттық тәрбиемен тығыз байланысты екен.
«Ерекше білім беруді қажет ететін оқушы бойына ұлттық құндылықтарды қалыптастырудағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің рөлі» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Шүйкебаева Эльнұр Бахытжановна,
«Логопедическая радуга» педагогтерге арналған семинар практикумын педагог-логопед Калашева Гулсим Арсеновна,
«Арнайы педагогтың қолданатын әдістемелері» туралы арнайы педагог Кулова Сандугаш Дюсеновна,
«Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларды жан-жақты дамытуға арналған ойын түрлері» тақырыбында педагог-психолог Кожагулова Назым Далелхановна,
«Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім беру үдерісіне бейімделуіне ықпал ету» тақырыбында бастауыш сынып мұғалімі Скуткевич Карина Владимировна,
«Үштік байланыс» тақырыбында педагог-ассистент Асабай Балжан Бауыржанқызы,
«Қазіргі білім беру жүйесіндегі педагог-ассистент» тақырыбында педагог-ассистент Темірхан Нұргүл Жұмагелдіқызы ойларын ортаға салып, білгендерін әріптестерімен бөлісті. Әрине, семинардағы әр спикер педагогтың педагогикалық еңбек жолы, оқу-әдістемелік бейнесі мен ерекше бала оқытудағы тәжірибесі туралы арнайы жеке-жеке жазып шықса артық болмас.
Біз бүгін педагог-психолог Назым Далелхановнаның «Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларды жан-жақты дамытуға арналған ойын түрлері» тақырыбына байланысты әңгіме өрбітсек деп отырмыз. Педагог-психолог Назым Далелхановна ұлттық құндылықтарды оқыту процесіне енгізу арқылы ерекше балаларды дамытуға жаңа леп әкеліп жатыр. Психолог әр сабағына асықты қолданылады. Асық — ептілікке, ұқыптылыққа, сергектікке баулыйтын тәрбиенің көзі. Ұлттық ойындарымыздың тағы бірі ақсүйек ойыны да сабақтарда ойнатылады екен. Сонымен қатар, бильярд столын да кәдеге жаратып отыр. Бір қуанарлығы №74 жалпы білім беретін мектептің барлық көрнекіліктері педагогтардың өз туындылары екен.
Назым Далелхановнаның шәкірттеріне деген махаббаты көпке үлгі боларлық.
Іс-шара соңында қатысушылардың сұрақтарына жауаптар беріліп, ұсыныстар мен пікірлер айтылды.
«Жақсының жақсылығын айт» демекші №74 жалпы білім беретін мектеп
2024 жылы Алматы қаласындағы
«Үздік жалпы білім беретін мектеп» атағын иеленген.
Бүгінгі семинарды ұйымдастыруға ұйытқы болған №74 жалпы білім беретін мектептің директоры Раушан Асыловна ханымға, мектеп ұжымына және мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Хасенова Аида Рашидовнаға алғысымызды айтамыз. Еңбектеріңіз жемісті, жетістіктеріңіз көп болсын!
Қазіргі таңда әр оқушыға жеке тұлға ретінде қарап, саналы тәрбие сапалы білім беру, өмір талабы болып табылады. «Бәріне бірдей мүмкіндік», «Сапалы білім — барлығы үшін» деген ұстанымды қолдаймыз. Әрбір ата-ана өз баласын дамуын қалыпты балалар қатарынан көргісі келеді. Инклюзивті білім беруде ата-ана арманын жүзеге асырушы сіздер-ұстаздар.
«BILIM AINASY»
Ақерке Амангелдіқызы