Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты Алатау ауданындағы №165 бөбекжай-балабақшада қазыналы қарттар мен бал-бұл жанған бүлдіршіндердің арасында ерекше форматтағы іс-шара өтті. Ұрпақтар сабақтастығының жарасым тапқан жарқын көрінісіндей болған кеш «Қарттарым – асыл қазынам» деп аталып, оған Ұлжан ауылдық ардагерлер ұйымының мүшелері қонақ болып қатысты. Жас жеткіншектердің бойына үлкенді сыйлау дағдысын қалыптастырып, халқының салт-дәстүрінен нәр алуға, инабаттылық пен мейірімділікке тәрбиелеуге негізделген кеш балабақша меңгерушісі Байсұлтанова Бану Жұмашбекқызының құттықтау сөзімен басталды.
- Отбасылық құндылықтарға адал, дәстүрлі отбасылар қатары сиремеген, үлкенге құрмет ниеті бүлінбеген біздің елде қарияларды қазынаға балайды. Әрқашан сыйлап, төрге оздырып және сол ізгі дәстүрді жас ұрпақ бойына сіңіруді тәрбиенің бір тетігіне айналдырып келеміз. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» екенін басшылыққа ала отырып әрекет етеміз Бала тәрбиесіндегі кейбір заманауи ұстанымдарды іс жүзінде пайдаланамыз, қолданамыз, дегенмен ол дүние дәстүрлі қазақ тәрбиесіне еш кесірін тигізбеуі керек, — деген меңгеруші егеменді елде еркін өмір сүріп жатқандығымыз осындай ата-апалардың арқасы екенін еске салып, алғысын білдірді.
Кеш тізгіні бүлдіршіндердің қатысуымен даярланған мазмұнды концерттік бағдарламаға ұласты. «Күншуақ» мектепалды даярлық тобы оркестрде ойнап, тәнті етсе, Айкөркем Бақыт ата-әжеге арналған әнді нақышына келтіре шырқап берді. Тәрбиеге тұнған тақпақтарды жатқа айтқан мектепалды «Жауқазын» тобының балаларына сүйсінбеген жан қалмады. Бүлдіршіндерге бағыт-бағдар беріп жүрген тәрбиешілер де іс-шараға белсене атсалысып, «Ана қадірі» көрінісін сахналады. Қойылымның әсерлі болғанын көздеріне жас алған көрермендердің сезімінен байқауға болады. Қойылым ата-аналарды көзі тірісінде сыйлап-құрметтеу – баршамызға парыз екенін ұқтырды.
Анар Омарова мен Асылбай Тәжен М.Мақатаевтың өлеңдерін мәнеріне келтіріп орындап шықты. Тәрбиешілердің қазақ биімен тәмамдалған кеш адами асыл қасиеттерді айшықтай білді. Іс-шараның басы-қасында жүрген тәрбиешілердің еңбектері орасан зор екені айтпаса да түсінікті. Атап айтқанда, Молдабаева Мая, музыка жетекшілері — Тәжен Асылбай, Мекембаеа Аягөз. Әнмен әрленіп, бимен сәнделген кеш қарттардың есінде ұзақ сақталары ақиқат.
Алматы қаласы
«BILIM AINASY»
Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ