Алматы қаласы, Алатау ауданы,
№178 мамандандырылған лицейінде
Білім беру ұйымдарының басшыларына арналған «Үздік ұстаздан-үздік тәжірибе» атты қалалық семинар өтті.
Семинардың ашылу салтанатында алғашқы сөз кезегі елімізге белгілі ұстаз, Қазақстанның білім саласындағы алғашқы Еңбек ері Аягүл Миразоваға берілді. Лицейдің бүгінгі даму мен жаңғыру жолы, тыныс-тіршілігі туралы «Құрмет» орденінің иегері, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, 2014 жылдың «Үздік педагогы», №178 мамандандырылған лицей директоры Шадиев Қайратбек Хамзаханұлы таныстырды.
Осы күнге дейін лицей қабырғасынан “Үздік педагог” атағына ие болған бірнеше маман шықса да, биылғы жыл лицей үшін ерекше.
Себебі №178 мамандандырылған лицей тарихында тұңғыш рет екі мұғалім “Үздік педагог” атағын иеленді.
Ұстаздарды нақты нәтижеге жеткізген ғылыми-әдістемелік іс-әрекеттерін нақтылаудағы лицейде дәстүрлі өтетін «Іс- әрекеттегі зерттеу» Форумының қорытындысы мен мұғалдімдердің өзін-өзі бағалау индикаторының дәлдігі туралы №178 мамандандырылған директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары – Дәулетбаева Гүлнафис Абатқызы сөз қозғады. Гулнафис Абатқызының баяндамасынан келген қонақтардың білім қоржындары толысқаны анық..
«Оқушылардың жаратылыстану-ғылыми функционалдық сауаттылығын арттырудың тиімді жолдары» тақырыбында №178 мамандандырылған лицейдің физика пәнінің мұғалімі, 2021 жылдың «Үздік педагогы» атағының иегері – Слямгалиева Гульнар Набиқызы,
«Математиканы оқытудың тиімді құралдарын жасау – нәтижеге бағытталған білім беру негізі» тақырыбында №178 мамандандырылған лицейдің физика пәнінің мұғалімі, 2022 жылдың «Үздік педагогы» атағының иегері –Сағиолданов Талант Бақытұлы,
«Шығармашылық орта құрудағы педагогтің цифрлық құзыреттілігі» тақырыбында №178 мамандандырылған лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 2023 жылдың «Үздік педагогы» атағының иегері – Дүйсенбаева Мөлдір Үсенқызы,
«Математиканы оқытудың тиімді құралдарын жасау – нәтижеге бағытталған білім беру негізі» тақырыбында №178 мамандандырылған лицейдің математика пәнінің мұғалімі, 2024 жылдың «Үздік педагогы» атағының иегері – Амалбекова Лунара Еркінқызы,
«Оқушыларға биологиялық білім берудегі заманауи трендтер» тақырыбында №178 мамандандырылған лицейдің биология пәнінің мұғалімі,
2024 жылдың «Үздік педагогы» атағының иегері Айдарова Айдана Берікқызы озық ойларын ортаға салды. Бұл семинар бұрынғыдан өзгерек болды. Келген қонақтар әріптестерінің біліктілігіне сүйсіне қол соғып, жақсы көңіл-күйде тарқасты.
Әр мамандықтың өз қиындығы бар. Дегенмен ұстазға «ұлтты тәрбиелейді» деп үлкен жауапкершілік жүктелген.
№178 мамандандырылған лицейдің білікті мұғалім, “үздік педагогары” — бар білімін бүгін алдында партада отырған, ертең ұлттың болашағына айналатын оқушылардың бойына сіңіріп жатыр.
Үздік педагог болу – үздіксіз білім алып, ізденіп, соны шәкірт бойына сіңіре білу деген сөз.
«Мамандығым — мақтанышым деп айта аламын. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат», — деп Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқандай, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Мұғалім берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ сияқты. Ұстаз – білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана сияқты барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі деп айтар едім. Ұстаздар жайында Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген болатын. Міне, бүгінгі таңда мен өзімнен озған шәкірттерді тәрбиелеп келемін. Еңбектің еленуі өнімді іс атқарып, қоғамға үлес қосып жатқаныңды сездіреді» , — дейді 2023 жылдың «Үздік педагогы» атағының иегері Дүйсенбаева Мөлдір Үсенқызы.
Іргетасы 2011 жылы қаланған лицей өз жұмысын 2012-2013 оқу жылдың 3-ші тоқсанында, 795 оқушы,
30 сынып комплектісімен, 74 пән мұғалімдермен бастаған. Бүгінгі заман талабына сай шәкірт даярлауда балалардың ізденімпаздық, зерттеушілік, тіптен өнертапқыштық пен шығармашылық бағытта дамуына барынша көңіл бөлінуде. Лицейдің шәкірттері қалалық, республикалық, халықаралық білім, өнер, спорт сайыстарында үнемі жеңімпаздар қатарынан табылуда.
Қайратбек Хамзаханұлы басшылық ететін лицей физиканы, робототехниканы оқытуда «Сөз үйретпейді, әрекет үйретеді» ұстанымында. «Физика мен математика – гумандық пән болғандықтан, оны меңгерген адамның ойлау мәдениеті және адамның адамгершілігі де жоғары болады, жаман істерге бармайды» деп білетін лицей ұжымы интеллектуалды тұлға қалыптастырып, жас ұрпақтың тәрбиесіне барынша назар аударып келеді. «Көпті жаман басшы тоздырады, жақсы басшы оздырады» деген халық даналығына сүйенетін болсақ, оқушылар мен ата-аналардың лицей ұжымына айтар алғысы шексіз. Лицей ұжымының биік межелерді бағындырудағы келелі жоспарларының арқасында әрі білікті басшы Қайратбек Хамзаханұлының талап қойғыштығының арқасында лицей оқушылары жоғары жетістіктерге жетуге тырысады. Лицейдің де, ұстаздың да, әрбір оқуышының да жеткен жетістігі аталған білім ордасындағы сапалы жүргізілген жетістік бағдарламасының негізі. Лицейдегі әрбір мұғалімінің педагогикалық еңбек жолы, оқу-әдістемелік бейнесі мен табысы, шәкірттерінің қол жеткізген нәтижелерін арнайы жеке-жеке жазып шықса артық болмас. Ұстаздарын “үздік” етіп, шәкірттерін шыңға бастаған лицейдің әлі талай жетістікке жетері анық.
Оқушының тұлға ретінде қалыптасуында білім мен инновация ұштастыра білген ұжымның алдағы істеріне сәттілік тілейміз!
«BILIM AINASY»
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы