Сариева Гульнора Кошкаровна
Түркістан облысы Жетісай ауданы
Ж.Ералиев а/о С.Сейфуллин атындағы №52 ЖББМ КММ
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
«Ұлттық құндылық тәрбие негізі»
…Ұрпақтар қамын ойлау – бүкіл қауымға ортақ парыз. Сондықтан бала өсіру, оны өнер – білімге, адамгершілікке тәрбиелеу туралы ақылды адамдар мен ата – баба ғақлиялары бүкіл халыққа ортақ. Рас, ерте кезде ондай ереже, педагогикалық қағидалардың барлығы бірдей қағаз бетіне жазылып, артық – кемі өңделіп кітап болып шыға берген жоқ. Бірақ халқымыздың ғасырлар бойына қорланып, қомақтала тұскен тәлім – тәрбиелік ойлары болғаны хақ.
«Кім де болса өзіңнен жасы үлкендерге жол бер, әдептілік көрсет.
Жасы кішіге, күш – қуаты төменге мейірімді бол.
Кемтерларға жәрдем істе, қарайла. Ешкімге зұлымдық жасама.
Хайуанаттарға соқтықпа, ренжітпе.
Ешкімнің айыбын басқаға өсектеме.
Адамның айыбын шын пейіліңмен ғана оңашада өзіне айтып түсіндір. Мүмкін болғанынша ол адамды сол айыпты істен құтқарып ал, түзу жолға сал.
Сен сәбисің. Біреуге үйретем дегеннен гөрі үйренуге, одан бір ғибрат алуға тырыс.
Асты керегінде ғана және уақытында ішіп үйрен.
Көшеде, сыныпта отырып, аузыңды асқа толтырып алу әдепсіздік болады.
Қандай кітап оқысаң да өзіңе пайдалы, тағлым алатын жерін жадыңа тоқып ал.
Ғылым үйренуден басқа үшін кісіге жалынба.
Қиын істі орындаудан қорықпа, батыл бол.
Бір жақсы адамды көрсең, соған ұқсауға тырыс.
Әрбір ойнайтын ойыныңды ата- анаңнан жасырма, олар қостамаған ойыңды ойнама»
Балалық шақ әлемі – мейірімді жүрек әлемі.
Тәрбиедегі басты бағыт: «Әрбір адам ең алдымен өз халқының перзенті, өз Отанының азаматы болу керек екенін, ұлттық болашағы тек өзіне байланысты болатынын есте ұстауға тиіс».
Тәрбиенің мазмұны – ұлттық тәлім – тәрбие. Өзге халықтар сияқты, қазақ елінің де бала тәрбиесі жөнінде бұрыннан бергі жиып – терген мол тәжірибесі бар. Аға буын өз бойындағы ізеттілік,елін, жерін, Отанын сүюшілік секілді ең асыл қасиеттерін жас ұрпаққа күнделікті тұрмыста үнемі үйретіп, қаны мен жанына сіңіріп келеді.
Ұрпақ тәрбиесіндегі ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлері мен тағылымдарын оқып үйреніп, өнеге тұтпай,жастарды ізгілік пен парасаттылыққа баулу мүмкін емес. Себебі, Л.Толстой айтқандай: «Өткенді жақсы білмейінше, келешекке сапар шегу, айсыз қараңғыда сүрлеу, соқпақ іздеп, адасумен пара – пар».
М.Калинин: «Тәрбие дегеніміз – педагог қалаған жақсы қасиеттерді тәрбиеленушінің бойына егу үшін оның психологиясына мақсатты да жүйелі түрде ықпал жасау» — деп көрсеткен болатын.
Баланың рухани дүниесіне көтерілуі дегеніміз – баланың дүниеге келген күннен бастап, оның дүниетанымын ақыл – оймен, жүрекпен тану. Ең нәзік, ең шынайы ұғыну, қабылдау, сезіну деп түсіну қажет. Мәселен, балада алғашқы күннен – ақ адамға деген шынайы сүйіспеншілік сезімі болатынын М.Жұмабаев өз еңбегінде былай суреттеп берген: «Ананы сүю сезімі оянады. Ананы сүю деген, анаға жауыздық тілемей, ізгілік тілеу деген сөз. Бірақ ес білген соң туысқандық сезімі, яғни араласып айналасында жүрген адамдарды сүю сезіміне алып барады. Бұл сөздерден, ізгілік деген сөздің Һәм мағынасы мынау екен: әр адамның өзін сүюі, яғни жауыздықтан безіп, игілікке ұмтылуы, туысқандарын сүюі, яғни оларға жауыздық тілемей, игілік тілеуі, өз елін сүйіп, пайда келтіріп, зиян келтірмеуі һәм басқаларға да зиян келтірткізбеу, ең негізінде – бүткіл адамзаттан дос һәм бауыр көру екен». Әрине, кімде – кім өзін сүйсе, туысқандарын сүйсе, әсіресе бүткіл адам баласын бауырым деп білсе, сол адамды ізгі деп атаймыз.
Адамның адамгершілік саналылық дәрежесі оның тәртібі мен іс — әрекетін анықтайтыны әлдеқашан дәлелденген. «Тәрбиесіз адам адамгершілік жағынан надан, дүмше» — деп жазды В.А.Сухомлинский, — «бұл да бір , ақаулы двигательмен ұшырылған самолет те бір, өзі өледі, өзгені де ала кетеді».
Халқымыздың әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру үшін әрбір ата – ана салт – дәстүр, әдет – ғұрыптарды терең білумен қатар, рухани бай, жаны таза адам болуы шарт. Сонда ғана өзінің міндетін айқын сезіне білетін, мінез – құлқы жетілген саналы адам қалыптасады.
Абай атамыз да: «Адамға үш алуан мінез жұғады. Атаа – анадан, ұстаздан, құрбысынан, әсіресе солардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады» — деген. Ендеше, жақсы болу, жақсылық жағынан бір – біріне әсер ету — осы «үш алуан адамның» міндеті де, келешек ұрпақ алдындағы парызы.
Ата – аналар «Адамның бір қызығы бала» деген тұжырымдауға сәйкес үш өнеге тобына бірікті.
Ата – аналардың болашақ ұрпақ тәрбиесі үшін жауапкершілігі ұрпақтан – ұрпаққа жалғаса бермек. Баланың ыстық – суығына сүйінбейтін, күйінбейтін ата – ана жоқ.
Бала – ертеңгі үмітіміз. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке. Ол әкеге қарап өседі. Осындай қағидамен ұл балаларға мынадай міндеттер жүктеледі:
- Ел жігіт ел тірегі екенін үнемі есте сақтайды, сондай болуға ұмтылады.
- Мектепке, ата – анаға, досқа адал, қыз балаға, кішкентайларға қамқоршы болады, оларды аялайды.
- Сабақтан, сыныптан тыс шараларға терең біліммен, кең дүние таныммен, ақыл – парасатымен белсене араласады.
- Үлкенді құрметтейді. Ата, әке, ағаларымен сыпайы «Ассалаумағалейкум!» -деп, әже, ана – апаларымен «сәлеметсіз бе?» деп амандасады.
- Өзініңана тілін, халықтық дәстүрін, құрметтейді және меңгереді, өзге тілді үйренеді.
- Ұлттық аспаптың бірінде ойнайды.
Бүгінгі қыз — ертеңгі ана. Ол шешесіне қарап бой түзейді. Қыз балаларға жүктелетін міндеттер:
- Қыз қылығымен дегендей, инабатты, сыпайы болып үлкен алдында бас иіп сәлем береді.
- Өз тілін жете біледі. Сабаққа сыныптан тыс шараларда именбей бар білімін мәдениетті түрде көрсете алады.
- Үлкеннің алдын кесіп өтпейді, жол береді қажет болса көмек береді.
- Киім тігуді үйренеді. Тамақ түрлерін дайындайды. Үй жинайды, қонақты қарсы алу сияқты өмірлік қажеттілікті анасынан үйрену арқылы үйірмелерге қатынасып үйренеді.
- Қыз – болашақ ана. Ол өз бойын таза ұстауға тиіс. Әсіресе бояну,әлем – жәлем киіну, темекі тарту оған жат.
- Халық өнерінің ең кемі біреуін бойына сіңіреді.
Олардың осы ерекшеліктерін сезіндіріп, соған орай тәлім – тәрбие беру әке мен шешенің парызы. Ал, ата мен ана балаларына үлгілі өнеге көрсете алмаса, тәрбиелі бала өсіру екі талай. Өйткені бала ересектерге өте еліктегіш келеді, көп нәрсені жақсыны да, жаманды да солардан үйренеді, соны қайталайды. «Атадан жақсы ұл туса, есіктегі басын төрге сүйрер» деп мақалдайтын бабалардың сөзін кейінге жеткізіп келеміз. Сондықтан қазақ халқының өткен тарихына көз жіберсек, әрбір отбасы дүниеге келген жас нәрестені зор қуанышпен қарсы алып, жақсы дәстүрге — адамгершілік, имандылық, ізгілік қасиеттердің басым болу керектігіне тәрбиелегенін аңғарамыз.
Олардың ең сенімді дос – құрбылары – ауылдас достары. Ал, ата – ана өз балаларының сенімді серіктері бола алмай жүр. Егер біз балаларымыздың дарынды, талантты, болашақ қызметтерінде үлкен жетістіктерге жетуін армандайтын болсақ, онда олармен әрдайым пікір алысып, олардың өз қабілетін дамыта түсетін іспен шұғылдануына әрдайым жағдай жасауымыз қажет. Бірақ солай бола тұра, ата – ананың барлығы бірдей бала бойындағы ерекшеліктерді, қабілеттерді және оны дамытуға болатынын біле бермейді.
Баланың жеке бас қасиеттерін тәрбиелеу олардың қабілет көздерін ашудың ең өнімді жолы.
Еңбек – ерік пен мінезді тәрбиелеудің тамаша құралы.
Баланың тәрбиелі азамат болып өсуі, сапалы білім алуы мектеп пен мұғалімге ғана емес, ата – анаға да тікелей байланысты.
Салауатты отбасы — өркениетті қоғамның талабы. Қазіргі заманның отбасы тәрбиесінің жағдайына әлемдік деңгейде мән беріліп отыр. Әрбір отбасы қоғамның кішкентай бір бөлігі болып табылатындықтан, қоғамды өркениетке жеткізу, ең алдымен әр отбасындағы өмірді дұрыс ұйымдастырудан басталмақ. Отбасы мен мектеп арасында ынтымақтастық орнауы тиіс. Соңғы кездерде күнкөріс жағдайымен кейбір отбасыларында бала тәрбиесіне көңіл аз бөлінеді…
Зерттеулер адам тәрбиесі ана құрсағынан басталатынын дәлелдеп отыр. Егер анасы дүниеге бойындағы сәбиін әкелгісі келмесе, немесе одан құтылу ойы болса, ол балада өзіне-өзі қанағаттанбау, ешкімге керексізбін деген пікір қалыптасады. Дүниеде бай, қу, ақылды деп танылған еврей халқы, нағыз еврейді өмңрге әкелу үшін 6 ай дайындық жасайды екен. Ал, техникамен әлемді таңқалдырған жапон халқы дүниеге келетін нәрестені ана құрсағында тәрбиелейді екен. Бір әйел данышпанға келіп, «босанғаныма үш күн болды, баламды жасқсы азамат етіп тәрбиелеу үшін не істеуім керек» деген екен, сонда данышпан: «балам сен тоғыз ай, он күн кешігіпсің» депті. Осыдан біз халқымыздың психологиядан алшақ болмағанын білеміз.