Нұр-Сұлтан қаласы,
№79 «Шабыт» балабақша тәрбиешісі
Юнусова Гульжамал Сабировна
Барлығымыз білетіндей мектепке дейінгі баланың өмірінде ойын маңызды рөл атқарады. Бұл жайында психолог Е. А. Аркиннің пікірінше, ойын және ойыншық балалар өмірін сипаттайтын бірден — бір жалпы ұғым. «Балақай өсімдік сияқты өз ішінен өсіп жетіледі. Бұл үрдіс қатаң түрде әр жеке баланың өзіне ғана тән. Бала тіршілігінің негізгі заңдарының бірі осындай», — деп пайымдаған.
Балалардың тілін дамытуда дидактикалық ойындар ерекше орынға ие. Алдымен, дидактикалық ойындар туралы ғалымдардың ойлары мен сөздеріне көз жүгіртсек:
Дидактикалық ойындар дегеніміз белсенді оқытудың бірқатар принциптерін ойын түрінде жүзеге асыратын, ойын әрекетінің бекітілген құрылымымен және бағалау жүйесімен ерекшеленетін белсенді оқыту әдістерінің бірі (В. Н. Кругликов, 1988).
Дидактикалық ойын балалардың қоршаған орта туралы түсінігін кеңейтеді, баланы ойнай білуге баулып, ақыл-ой қызметін қалыптастырады, әрі адамгершілікке тәрбиелеу құралы болып табылады. Дидактикалық ойынның ережелері балалардан ұстамдылықты, тәртіптілікті қажет етеді. Сонымен қатар, дидактикалық ойлау қабілеттерін, ізденімпаздығын арттырады, сөздік қорларын молайтуға көмектеседі. Балалардың сабаққа қызығушылықтарын арттырады, белсенділік танытып, бағдарламалық материалдарды меңгеруіне ықпал етеді.
Дидактикалық ойындар үш топқа бөлінеді:
- Заттық дидактикалық ойындар – дидактикалық ойыншықтармен және түрлі ойын материалдарымен ұйымдастырылады.
- Үстел үстінде ойналатын дидактикалық ойындар.
- Сөздік дидактикалық ойындар.
Заттық дидактикалық ойындар үшін тақырыпқа байланысты суреттер, пішіндер, ойыншықтар немесе әртүрлі муляждарды қолдануға болады. «Жеуге болатын, жеуге болмайтын», «Ұшты, ұшты», «Иә немесе жоқ», «Ұқсастығын байқа» сынды ойындарды ойнау барысында балалардың әрі логикалық ойлау қабілеттері, әрі тілі дамиды. Сөйлеу қабілеттерінің артуына септігін тигізеді.
Үстел үстіндегі ойындарға жеміс-жидектер, сандар, мамандықтар, жануарлар т.б тақырыптарда «Домино» немесе «Лото» ойындары кіреді.
Сөздік дидактикалық ойындарға әртірлі ребустар, жаңылтпаштар, жұмбақтар, мақал-мәтелдер т.б кіреді. Бұл ойындарды жарыс ретінде ойнау барысында балалардың сөйлеу қабілеттері артады.
Қорытындылай келе, жоғарыда айтылған дидактикалық ойындары жеке тәжірибемде қолдана отырып балалардың тіл дамуына қарқынды әсер ететінін айтқым келеді.
.