Габдуллина Куралай Оразбековна,
№72 мектеп-лицейінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Қазiргi таңда оқушыларды экологиялық проблемалармен таныстырып, олардың бұл мәселелер төңірегінде сауаттылықтарын, саналы көзқарастарын қалыптастырудың маңызы зор. Жаһандық жылыну, қоршаған ортаның ластануы, табиғи ресурстардың сарқылуы тәріздііргелі мәселелер бүкіл адамзат атаулыны алаңдатып отырғандығы белгілі. Қазіргі ХХІ ғасырдың ұрпағы осы аталған экологиялық мәселелемен танысып, ой түйіп қана қоймай, ерте бастан осы тақырыптарға қызығушылық танытып, оның шешімін табатындай, адамның табиғатпен дұрыс қарым-қатынаста болуына алаңдаушылық білдіру қажеттігін түсініп өсуі қажет. Сондықтан бастауыш сыныптан бастап-ақ, оқушылардың арасында экологиялық сананы қалыптастыру аса өзекті болып отыр.
Бастауыш сыныпта оқушылардың жеке тұлға ретінде қалыптасу кезеңі, бұл жаста оқушылардыңөзіндік ұстанымдары мен сенімдері, негізгі құндылықтарға деген көзқарасы қалыптасады. Міне, осы кезеңде олардың қоршаған орта мен табиғи ресурстарға деген жауапкершіліктерін қалыптастыруымыз қажет.
Жас ұрпаққа экологиялық тәрбие беру мәселесіне ҚР Білім туралы заңында, ҚР экологиялық қауіпсіздіктің тұжырымдамасында мән берілген. Тіпті, 2023-2024 оқу жылындағы әдістемелік нұсқаулықтың өзінде экологиялық тәрбиеге аса назар аудартып тұр. Онда экологиялық білім беру сапасын арттыру: экологиялық проблемалардышешуде білім алушылардың практикалық дағдыларын дамытуға арналғанзертханалық, зерттеу, жобалық жұмыстарды ұйымдастыру басты назарға алынған.Балада табиғатқа сауатты қарым-қатынасты тәрбиелеу үшін жұмысжүйелі және мақсатты түрде, өлкетану материалдарын пайдалана отырып,сабақтастықты және біртіндеп тереңдетуді және білімді күрделендіруді ескереотырыпжүргізілуітиіс.
Мектеп бағдарламасы экология бойынша базалық білімді меңгеруге ғана емес, экологиялық дағдылар мен іскерліктерді қалыптастыруға да бағытталуы тиіс. Бастауыш сыныпта оқушылардың қоршаған ортаға қандай әрекеттердің теріс әсер ететінін түсініп, оны сақтап қалу үшін қадамдар жасай білулері маңызды.
Оқушыларға білім беру процесінде академиялық білімді игертумен қатар, құндылықтарды, оның ішінде экологиялық сауаттылықты қалыптастыру тәрізді тұлғаның жан-жақты дамуына қажетті жағдайларды жасауымыз қажет дедік. Бұл негізінен алғанда дүниетану, жаратылыстану пәндері арқылы жүзеге асқанымен, қазақ тілі, әдебиеттік оқу пәндерінде де түрлі мәтіндердің көмегімен оқушылардың экологиялық тәрбие алуына мүмкіндік туғыза аламыз. Экологиялық сауаттылықты енгізудің негізгі тәсілдерінің бірі — интердисциплинарлық тәсілді пайдалану. Мысалы, қазақ тілі мен әдебиеттік оқу пәндерінде экологиялық проблемаларды қозғайтын немесе табиғаттың сұлулығына тәнті ететінмәтіндерді талдаймыз.
Бастауыш сынып оқушыларының бойында экологиялық сананы қалыптастыру — бұл білім беру мәселесі ғана емес, ғаламшардың болашағын сақтау мәселесі. Мектеп бұл үдерісте балалардың қоршаған орта мен табиғи ресурстарға саналы көзқарасын қалыптастыру шешуші рөл атқарады. Экологиялық білім беруге салынатын уақыт пен қаржы бәріміз үшін орнықты болашақты қамтамасыз ете отырып, орасан зор жеміс беретіндігі анық.
Мәселен, тіл маманы ретінде қазақ тілі пәнінде оқу бағдарламасын негізге ала отырып, 1-сыныптан бастап экологиялық тәрбие бере отырып, 1-сыныпта біз «Қоршаған орта» бөлімінде оқушыларды қарапайым «гүл», «күн», «ай», «тау», «тас» т.б.деген ұғымдармен таныстырсақ, 2-сыныпта осы бөлім арқылы оларды мәтіндер оқыта отырып, олардың адам өмірімен байланысын, олардың сабақтастықтарын танытамыз. Ал, 3-сыныпта «Су-тіршілік көзі» атты тарау арқылы табиғи ресурстар туралы түсінік бере отырып, оларды қалай тиімді пайдалану керек? Қалай үнемдеу керектігін меңгертеміз. Ал, 4-сыныпта табиғат құбылыстары жайлы түсініктер береміз (ауа райы, жаңбыр, найзағай т.б.). Оқушыларға қазақ тілі пәнінде жан-жақты білім берудің көзі ол, әрине, мәтінмен жұмыс болып табылады. Төменде осы мәселеге қатысты мысалдар келтіруді жөн көрдік.
- Мәтінді оқып сұраққа жауап бер:
Бүлдірген тере барғанда
Бір топ бала бүлдірген теруге бармақ болды. Олар таңертең ерте тұрды. Түсте ішетін тамақ, бүлдірген теретін шелек, себет алды. Балалар бүлдірген өсіп тұрған жерге жетті. Бұл жер жап-жасыл. Жасыл кілем төсеп тастағандай. Ойпаңдар да, бұта-өсімдіктер де көкпеңбек. Айналаға көз салсаң, жер дүние маужырап тұр. Не деген сұлу табиғат! Балалар біраз тамашалап бүлдірген теруге кірісті. Бүлдіргенді тойғанша жеді. Апарған ыдыстарын да толтырды. Сонан соң ағаш көлеңкесіндегі көгалға отырып дем алды, түскі тамақтарын ішті. Кешке қарай ауылға қайтты. Бұл күн балаларға өте қызықты өтті!
А) Балалар қайда барды?
Ә) Балалар барған жердің табиғатын сипаттайтын сөз тіркестерін теріп жаз.
Б) Табиғатқа саяхат жасаудың қандай ерекшелігі бар деп ойлайсың?
- Төмендегі табиғат көріністерін сипаттайтын сөз тіркестерін құра. Үлгі: ашық аспан, бұлтты аспан, қызыл гүл т.б.
«ҚОРШАҒАНОРТА» БӨЛІМІ
- Мәтінді тыңдап, сұрақтарға жауап бер:
Бұлт үстінде жаңбыр рақаттанып ұйықтап жатады. Найзағай жасырынып оған жақын келіп, қатты бақырып жібереді. Осы кезде шырт ұйқысынан оянған жаңбыр жылап қоя береді. Оның көз жасы жерге құйылады. Ал адамдар мұны жаңбыр жауды деп ойлайды. Дала мен шабындық жуынып алады. Бидай мен шөптер де жуынады. Бұлт жылауын қойса, жаңбыр да тыйыла қалады.
- Мәтіндегі тірек сөздерді тап.
- Жаңбырдың жылауына не себеп болды?
- Мәтінде жаңбыр жауған соң, қандай әрекет болды?
2) Жаңбырдың адам тіршілігі маңызы бар деп ойлайсың?
3) «Табиғат – менің үйім» тақырыбында шағын мәтін жаз. Тақырыптың бұлай аталуының қандай себебі бар деп ойлайсың?
«ЖАНДЫ ЖӘНЕ ЖАНСЫЗ ТАБИҒАТ» ОРТАҚ ТАҚЫРЫБЫ
- Оқылым мәтіні бойынша сұрақтарға жауап бер:
Арыстан – аң патшасы. Ол батылдық пен айбаттылықтың символындай. Арыстандар кез келген қарсыласын жеңе алады. Ең жақсысы, арыстандар адамдарға сирек шабуылдайды екен. Гепардтардың өзі арыстаннан тек қашу арқылы ғана құтыла алады. Кейбір жағдайларда арыстандар пілге де шабуыл жасайды. Ол кез келген иісті ауаны өзіне тартып, ерні мен мұрнын аспанға тарту арқылы сезеді. Арыстан бір уақытта отыз килограмға дейін ет тұтына алады. Бірақ арыстан ең мықты жануар емес. Ең шапшаң да, ең епті де, ең ақылдысы да ол емес. Онда неге арыстанды аң патшасы дейміз? Мысықтұқымдас жануардың сонша не құдіреті бар? Оның сырт келбеті, тәжге ұқсайтын сәнді де қайратты жалы, падишалық өңі, тәкаппарлана қарағаны – осының барлығы патшаға тән теңдессіз маңғаздық, кербездік, байсалдылық пен сенімділікті көрсетеді.Оның патшалық түрі қандай айбатты болса, дауысы да сондай жан шошырлық. Әсіресе түнгі тыныштықта ақырған кезде, жер беті дірілдеп кетеді. Ол 8 шақырымға жүрген тіршілік иесіне де анық естіледі.
Арыстанның жалының ұзындығы 40 сантиметрге дейін жетеді. Олардың тырнақтарының ұзындығы 7 см-ге дейін жетеді. Бірақ ол азығын тісімен шайнамайды.
Арыстанның жүрегі аңдардың ішіндегі ең кішкентайы. Ол қараңғыда адамдардан 6 есе жақсы көреді.
Арыстанның тоқ екенін білсе, яғни тамаққа тәбеті болмай тұрғанын аңғарған кез келген жануар оның жанында емін-еркін жүре береді. Ондай кезде өзінің өмірі үшін алаңдамайды.
А) Берілген тұжырымдардың ақиқат не жалған екенін белгіле:
Ақпарат | Ақиқат | Жалған |
Арыстанның айбатты сырт келбеті, қайратты жалы, кербез де маңғаз өңі, тәкаппарлана қарауы, ақырған дауысы – оның аң патшасы аталуына себеп болған. | ||
Арыстан – ең ақылды аң. | ||
Арыстан – жүрегі ең кішкентай аң. | ||
Тоқ арыстан шабуыл жасамайды. | ||
Арыстан түнде жақсы көреді. | ||
Арыстан – мысықтұқымдас жануар. |
Ә) Мәтіндегі негізгі тірек сөздерді тап.
Б) Мәтінге ат қой.
В) Мәтіннің түрін анықтап, дәлелде.
Г) Арыстан қалай дыбыстайды?
Ғ) «Арыстан – аң патшасы, мысықтұқымдас жануар»,-осы тұжырым туралы өз ойыңды жаз.
Д) Мәтіндегі сан есімді тіркестерді теріп жаз.
- Жыл мезгілдері атауын төмендегі суреттегі ретімен атап жаз, әр жыл мезгіліне сипаттама бер:
- Сурет бойынша табиғаттағы өзгерісті баяндап, шағын мәтін жаз. Мәтіндегі сөздерді түбір мен қосымшаға (жұрнақ, жалғау) ажырат.
«СУ — ТІРШІЛІК КӨЗІ» ОРТАҚ ТАҚЫРЫБЫ БӨЛІМІ
- Мәтінді оқып, тапсырмаларды орында:
Бүкіл гидросфера судан тұрады. Судың тіршілік үшін маңызы өте зор. Су атмосферада бу, тұман, бұлт, тамшы және қар түрінде кездеседі. Су ресурстарына пайдалануға жарамды өзен, көл, теңіз, мұхит, жер асты сулары, топырақтағы ылғал, мұздықтар, атмосферадағы су булары т.б. су қорлары жатады. Табиғаттағы су айналымын тиімді пайдаланғанда су ресурстары үздіксіз жаңарып отырады. Көптеген елдерде су ресурстарының жетіспеушілігі байқалып жатыр. Су сапасының нашарлауы оның көлемінің азаюынан да қауіпті.
Табиғаттағы су айналымы жер қабығы, атмосфера және гидросфера арасында үздіксіз жүріп отырады. Мұхит, көл, теңіз, өзен бетінен, мұздықтардан, қар мен мұздан, топырақ пен өсімдіктен жылына өте көп мөлшерде су буланады. Буланған су ауа арқылы жоғары көтеріліп, жауын-шашын түрінде жер бетіне түседі. Оның біраз мөлшері өзендер арқылы мұхиттарға ағып барса, біразы топыраққа сіңіп, жер асты суларын толықтырады. Бұл процесс үлкен су айналымы деп аталады.
Мұздықтар толық жаңару үшін 8 мың жыл, жер асты суына 5 мың жыл, мұхитқа 3 мың жыл, топырақтағы суға 1 жыл қажет екен. Атмосфера буы мен өзен суы 10-12 тәулік ішінде толық жаңарады.
А) Төмендегі екі қатардағы сөздерге ортақ атау беріп көр және осы сөздердің ішінен біреуін таңдап, ол туралы білетініңді жаз:
- Бу, тұман, бұлт, қар, тамшы –
- Өзен, көл, теңіз, мұхит, мұздықтар, су булары —
Ә) Мәтіндегі сан есімдерді сөзбен жаз.
Б) Мәтінде берілген есептік сан есімдерді реттік сан есімдерге айналдырып жаз.
В) Мәтінді мазмұнына қарай бірнеше бөлікке бөл. Әр бөлікке тақырып қой.
2. Төмендегі мәліметтерді пайдалана отырып, өз сөзіңмен «Су – тіршілік көзі» атты әңгімелеу мәтінін жаз:
- Мәтінді оқып, тапсырмаларды орында:
Судың өте мөлдір болуы ондағы тіршіліктің жұтаң екендігін көрсетеді. Жағаға жақындаған сайын судың түсі көмескі тартып, жасылдау, сарғыштау немесе қоңырқай түске енеді. Бұл реңктерді тіршілік түстері деп атайды, өйткені дәл осындай суларда балықтардың үлкен үйірлері, киттер, дельфиндер және басқа көптеген мұхит тұрғындары кездеседі. Суды көмескілендіріп, түсін өзгертетін – планктон, ұсақ-ұсақ тіршілік иелерінің көптеп шоғырлануы.
А) Мәтіндегі сын есімдерді теріп алып, екі бағанға бөліп жаз. Негізгі сын есімдер мен туынды сын есімдерді ажыратып көрсет.
Ә) Мәтіндегі сын есімдерді өздері тіркескен зат есімдерімен бірге жаз. Үлгі: мөлдір, су, жұтаң тіршілік …
Б) Өзің білетін балық атауларын жаз.
- Суретке қарап шағын әңгіме құрастыр. Су астындағы тіршілікті көз алдыңа қалай елестетесің?
- «Су астындағы тіршілік иелері» тақырыбында сипаттау мәтінін жаз.
«ТАБИҒАТ ҚҰБЫЛЫСТАРЫ» ОРТАҚ ТАҚЫРЫБЫ БӨЛІМІ
- Оқылым. Мәтінді оқып, тапсырмаларды орында:
Арал теңізін ғарыштан бақылаған ғарышкер Владимир Жәнібеков былай деген екен: «Аралдың тартылып қалуы адам тіршілігіне кері әсер етті деуге болады. Әрбір 500 жыл сайын Арал төмендеп, келесі 500 жылда көтеріліп отырады екен. Бұл — көпғасырлы геологиялық цикл. Онда адамның ықпалы жоққа тән. Мысалы Арал Газлидегі жер сілкінісінен кейін бірден тартыла бастаған, ал Каспий суы Спитактағы зілзаладан соң көбейе түскен».
Су жағалаудан кеткен соң, ешқашан қайтып оралмайды. Еріген мұздақ суы таудан ағып келіп, Аму мен Сырдария арналарына келіп құйылады. Сөйтіп бұл өзендерді арналарына толтырып, Шардара су қоймасы жағалауын алып жатқан мақта алқаптарын суғарады. Сөйтіп Азия шөлейтінің ортасында орналасқан бірден-бір су қоймасы Арал теңізіне құяды. Осы ыстық аймақтың суы ішуге жарамды, бұл теңіз балықшылар мен бақташылар шөлін басып, аймақтағы тіршілікті сақтап келген. Енді сол теңіз суалып барады. Оның арнасы қайта толады дегенге үмітіміз аз. Егер де бұл мәселеде бір адам кінәлі болса, теңізді құтқарып алуға болушы еді. Бірақ бұл мәселеге қатысқан адамдарды санап шығу мүмкін емес болғандықтан, нақты кінәліні табу да мүмкін емес. Бұрын адамдар мақтаны қолмен жинайтын әрі екі дарияның жағалауындағы күріш алқаптары мардымсыз болған кездің өзінде су бостан-босқа ағып жатқандай көрінетін. Бірақ адам тіршілігіне тамақ пен киім, мақта мен күріш қажет еді. КСРО мемлекетінің алғашқы бесжылдық жоспарлары кезінде мемлекет орасан зор мақтаға ие болды, күріш, көкөніс, жеміс өсірді. Бұл деген армияны киіндіру, қоректендіру деген сөз еді. Арал теңізін сақтау үшін табиғаттың өзі жіберіп тұрған мол суды адамдар жарты ғасыр бойы қалай болса, солай пайдаланды. Мөлдір сулы бұл су қоймасы ыстық құмдардың ортасында адамдар мен жануарларды сақтау үшін жаратылғандай еді. Шөлейт жерлердің өзі жер шарына климатты реттеу үшін керек болғаны анық.
Жоғарыда айтылғандардың салдарынан 1989 жылы Арал Кіші теңіз және Үлкен теңіз болып екіге бөлініп кетті. Арал теңізінің құрғап қалған түбінің ауданы 40 шаршы километрге дейін жетті. Жерді жаппай сор басып кеткен. Бұның бәрі экологиялық дағдарысқа, көрші аудандардың бос қалуына әкелді. Тіпті Аралдан алыс жатқан аймақтар да осы экологиялық дағдарыстың зардаптарын көре бастады. Тартылып қалған теңіз түбінен жыл сайын 50-ден 24 миллионға дейінгі тұз бен топырақ желмен ауаға тарап жатады. Теңіздің түбі — батпақ. Су бұрынғы жағалаудан 15-20 километрдей қашықтап кеткен. Балықшылардың қаншама қайық-кемесі қалды. Балықшылар басқа жаққа көшіп кетті. Кейбірі Аралмен тағдырлас Балқаш көліне қоныстанған. Талай кісілер мамандықтарын ауыстырып, басқа кәсіппен айналысып кеткен. Экологиялық ауыр жағдайдан науқас болғандар қаншама. Сөйтіп Арал теңізінің тағдыры адам тағдырларына әсер етуде.
Теңізді қайта қалпына келтіру туралы жобалардың саны бірнешеу. Бірақ ешқайсысын жүзеге асыру оңай емес. Ғарыш әлемін зерттеп жатқан адам санасы осынау жер бетіндегі қасіретті әзірге шеше алар емес.
А) Мәтіндегі басты тірек сөздерді табыңыз.
А) теңіз, КСРО, тұз, топырақ
В) Арал, су, тартылу, адамдар
С) Арал, теңіз, күріш, пайдалану
- D) Арал, ғарышкер, өзен, су қоймасы
Ә) Мәтіндегі негізгі ойды анықтаңыз.
А) Арал суының тартылу себептері мен салдарлары айтылады.
В) Теңізді қайта қалпына келтіру туралы жобаларға тоқталады.
С) Арал теңізін қайтадан қалпына келтіру жолдары туралы баяндалады.
- D) Ғарышкерлер зерттегеніндей, Аралдың тартылуына адам әрекеті әсер еткен жоқ дейді.
Б) Мәтінге нақтырақ тақырып таңдаңыз.
А) Арал маңы тұрғындары
В) Арал теңізінің тартылу себептері
С) Балқаш көлі — Аралмен тағдырлас
- D) Дүниежүзілік экологиялық дағдарыс
В) Мәтіндердегі ақпаратты жағымсыз бағалайтын нұсқаны таңдаңыз.
А) Адам тіршілігіне тамақ пен киім, мақта мен күріш қажет еді.
В) Кейбіреулер Аралмен тағдырлас Балқаш көліне қоныстанған.
С) Мемлекет орасан зор мақтаға ие болды, күріш, көкөніс, жеміс өсірді.
- D) Тіпті Аралдан алыс жатқан аймақтар да осы экологиялық дағдарыстың зардаптарын көре бастады.
Г) Мәтін мазмұнындағы басты ақпаратқа қарама-қарсы ақпаратты табыңыз.
А) Нақты кінәліні табу мүмкін емес.
В) Теңізді құтқарып қалуға мүмкіндік бар.
С) Талай кісілер басқа кәсіппен айналысып кеткен.
- D) Су бұрынғы жағалаудан 15-20 километрдей қашықтап кеткен.
Ғ) Автордың пікірін білдіретін ақпаратты таңдаңыз.
А) Теңіздің түбі — батпақ.
В) Жерді жаппай сор басып кеткен.
С) Оның арнасы қайта толады дегенге үмітіміз аз.
- D) Теңіз аймақтағы бүкіл тіршілікті сақтап келген.
Д) Мәтіннен тұрақты тіркестерді тауып жаз, олардың синонимдерін тап.
Ж) Мәтіннен күрделі сөздерді тап.
З) Мәтіннен біріккен сөздерді теріп жаз.
К) Мәтіннен қос сөздерді теріп жазып, қосарлану әдісін тап.
- Жазылым. «Табиғатты қорғау – біздің міндетіміз» тақырыбында мәтін жаз.
Міне, қазақ тілі сабағында оқушылардың табиғат, табиғат құбылыстары, қоршаған орта жайлы таным-түсініктері қалыптасып, осылайша, бірте-бірте қарапайымнан күрделіге қағидаты бойынша дамып отырады. Бұл оқушылардың қоршаған орта, оның маңызы, адам мен табиғат байланысы, табиғатқа қамқорлық жайлы көзқарастарының қалыптасып, оған ерекше қамқор көзбен қарайтын жеке тұлға ретінде тәрбиеленуіне тікелей ықпал етеді деп ойлаймыз. Біз қазақ тілі пәнінде оқушыларды осындай мәндегі мәтіндермен жұмыс жасата отырып, оқушылардың оқылым, жазылым, айтылым дағдыларын дамыта аламыз. Болашақта мәтіндерден бөлек табиғат туралы ертегілер, жұмбақ, жаңылтпаштарды қоса отырып оқушылардың танымдарын кеңейту жоспарымда бар.
Пайдаланған әдебиеттер:
- https://www.oblmetod.kz/wp-content/uploads/2023/09/каз-28-08-2023-2.pdf
- Қазақ тілі: Оқулық. Оқу қазақ тілінен басқа тілде оқытылатын жалпы білім беретін мектептің 1-сынып оқушыларына арналған /Ә.Ж.Хазимова, Б.О.Салыхова, М.Ж.Бейсебекова. – Алматы: Алматы кітап баспасы, 2021 -156 б., суретті.
- Қазақ тілі: Оқулық. 2 бөлімнен/ Оқу қазақ тілінен басқа тілде оқытылатын жалпы білім беретін мектептің 2-сынып оқушыларына арналған /А.И.Қайырбекова, Б.С.Нукебаева, А.К.Мухамеджанова. – Алматы: Атамұра, 2022.
- Қазақ тілі: Балапан. Оқулық. Қазақ тілінен басқа тілде оқытылатын 11 жылдық жалпы білім беретін мектептің 3-сыныбына арналған. 1,2-бөлім. / Ф.Ш.Оразбаева, Ж.Т.Дәулетбекова, Р.С.Рахметова, А.Қ.Рауандина, Л.С.Нұрмұханова. – Алматы: Көкжиек-Гаризонт, 2018.
- Қазақ тілі: Оқулық. 3 бөлімнен/ Оқу қазақ тілінен басқа тілде оқытылатын жалпы білім беретін мектептің 4-сынып оқушыларына арналған /Н.Ж.Дәулеткереева, Г.Б.Мухангалиева. – Алматы Алматы кітап баспасы, 2019.