29 мамыр күні Астана қаласындағы шейх Халифа бен Заид әль-Нахайян атындағы №84 мектеп-лицейінде семинар өтті. «Академиялық жазу: Негізгі академиялық жазу және зерттеу дағдыларына кіріспе» атты тақырыппен өтетін семинарды АҚШ-тың Иллинойс университетінен келген лингвистика кафедрасының аға оқытушысы Джон Котнаровский жүргізетін болады. Ол ағылшын тілін терең оқуға ынта-ықылас білдірген жиыр бес мұғалімге ағылшын тілін оқытудың әдістемелігі мен сұрақтарды зерттеуді үйретеді. Семинарды АҚШ Елшілігі мен Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталық» мамандары ұйымдастырып отыр.
Қазіргі кезде мектеп мұғалімдерінің ағылшын тіл білімі әлсіз. Олар оқушыға үйрету үшін әуелі өздерінің тіл білімі жатық болуы керек. Осындай олқылықтарды жойу үшін ұйымдастырылған семинарға қатысу үшін қала бойынша ағылшын тілі мамандарынан 50-ге жуық өтініш келіп түскен. Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталық» МКҚК «Білім саласындағы зерттеу» бөлімінің басшысы Касенова Альбина Бақытбекқызы, «Бұл семинарға қатысуға мүмкіндік алған 25 мұғалім конкурстан іріктеліп алынды. Олар ағылшын тілінде «Мен семинарға қатысуға лайықтымын ба?» және «Семинардан алған білімімді басқа мұғаліммен қалай бөлісемін» деген 200-300 сөзден тұратын екі эссе жазды. Бұл мұғалімдерді мектеп директоры, не оқу-ісі жөніндегі меңгерушілер жіберген жоқ. Өздерінің ағылшын тілін терең меңгерсем деген ішкі ниеттерінен туған белсенді мұғалімдер» дейді.
Суретте солдан оңға қарай.
АҚШ елшілiгiнiң Мәдениет және білIм беру жөнIнен атташе Колин Гуард, Астана қаласы әкімдIгIнIң «ӘдістемелIк орталық» бөлім басшысы Альбина Касенова, АҚШ-тың Иллинойс университетінің аға оқытушысы Джон Котнаровский
Ал, осы істің басы-қасында ұйымдастыруға атсалысып жүрген «Әдістемелік орталық» орта білім беру бөлімінің шетел тілдері пәнінің әдіскері Амирова Алтынай Бекпайқызы, «Зерттеуде түпнұсқаны табу, ақпарат іздеп тауып, оның дәлдігіне көз жеткізу, оларды ойда жинақтау әдіс-тәсілдерін Джоннан үйренгеннен кейін, сол әдісті қыркүйек айынан бастап әрі қарай басқа ағылшын пәні мұғалімдеріне шеберлік сыныптарын ұйымдастырып үйрететін боламыз. Лингвистика бойынша Джон Котнаровский ойлап тапқан академиялық жазу әдісі жұмыс дәптерін біз мұғалімдерге оқытатын боламыз» деді.
АҚШ елшілігінің Мәдениет және білім беру жөніндегі атташе Колин Гуард «Білім айнасы» сайтының осы мәселені айтып жатқанына рахметін айта отырып, «Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты, Қазақстандағы ағылшын тілін үйретуді жақсарту және дамыту болып табылады. Егер қазақтар ағылшын тілінде жақсы сөйлейтін болса, олар американдықтармен жақсы қарым-қатынас орнатып, тез достасып кете алады. Және, достық екі елге бірдей пайдасын тигізеді. Біз Қазақстанның басқа да облыстарында ағылшын тілін терең үйретуге семинар өткізуге бейілдіміз. Ол қаражатқа байланысты. Осы семинар Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізілуде. Біз оған алғыс айтамыз» деді елші.
«BILIM AINASY»,
Астана,
Зүбәйра Әкім