Астана қаласындағы Кәрім Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейінде биылғы мектеп бітірушілерге арналған «Мектебім, саған мың алғыс» атты салтанатты жиын өтті. Мектеп бітірушілердің салтанатты жиынына Есіл ауданының әкімі Дәрменияр Қыдырбекұлы Талғатбек, «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының президенті Иманғалиев Есенғазы және Кәрім Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейінің директоры Жұмабекова Алма Алтынханқызы түлектерге арнаған ізгі тілектерін айтып, үлкен өмірге аттаған қадамдарына ақ бата берді. Сонымен қатар ұлағаты ардагер ұстаздар мен ата-аналар қатысты.
Мектеп ұжымы ашылғаннан бері елордамыздың білім-ғылым саласында болып жатқан игі істердің басы-қасынан көрініп келеді. Мектептің белсенді ұстаздары мен оқушылары білім мәдениетіміздің дамуына өз үлестерін қосуда. 2008 жылдан бастап осы уақытқа дейін 1699 түлек мектеп бітірсе, оның 74-і алтын белгімен, 58-і үздіктер қатырнан көрінді. Ал биылғы оқу жылында 206 оқушы түлеп ұшты. Оның 11-і алтын белгіге, 13-і үздік оқумен тәмамдап отыр. Мектеп оқушылары халықаралық, республикалық, қалалық білім, спорт, өнер сайыстарынан жүлделі орындарға ие болып, жеңімпаз атанған. Еріктілер сапына қосылып, қиындыққа тап болған жандарға көмек қолын созған оқушылар бар.
Осындай ұлағатты тәлім алып шыққан мектептің бітірушілері «Мектебім, саған мың алғыс» атты іс-шара өткізу арқылы түлеп ұшқан алытын ұя мектебі мен ұстаздарына рахмет айтты. Мектеп түлегі «Шабыт» өнер жарысының жеңімпазы Әділ Хамзин, мектептің «Асыл қазына» домбырашылар ансамблі, бастауыш сынып тобының бишілері мен 11а сыныбы мен 11б сыныбының түлектері ән-күйден, биден тарту тартып, келушілерге шаттыққа толы көңіл-күй сыйлады.
Астана қаласы
Білім айнасы