Төлеген Айбергенов атындағы
№16 орта мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Жүсіпова Ақерке Орынбасарқызы
Атадан балаға мирас болып келе жатқан қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, қаймағы бұзылмаған менталитеті мен мәдениеті, тілі, діні бәрінің сақталуы елдің ертеңгі болашағына деген сенімінің кепілі. Ұлттық құндылықтарды бойына сақтаған еліміздің бейбіт өмірі мен тәуелсіздігі ұлтаралық қарым-қатынаста көрініс табады. Белгілі бір адамзат құндылықтарына қайшы келмей, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерге, құндылықтарға сәйкес сақталған қазақ елі этномәдени ұлт. Оның үстіне «Қазақстан Халқы Ассамблеясы» бүкілқазақстандықтың бірегей моделіне 130-дан астам ұлт өкілдерін жинақтап, бірлік пен татулықтың нышаны ретінде бейбіт қарым-қатынаста өмір сүріп келеміз. Бірнеше ұлт өкілдері Қазақстан деген бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқандықтан қазақ халқының мәдениеті де баршаға ортақ. Сонау түркі жұршылығынан келе жатқан «Алып Ер Тоңға», «Күлтегін», «Білге қаған» жырларынан, одан кейін «Қорқыт Ата», Х-ХІІ ғ.ғ. аралығында өмір сүрген ғұлама ойшылдар Әбу Насыр әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Иассауи мен ХІХ ғасырданғы Ұлы Абай, Ыбырай, Шоқан шығармашылығы біздің мәдени мұраларымыздың қайнар бұлағы. Соның ішінде жазба әдебиетін алғаш негізін салушы хәкім Абайдың әдеби мұраларымыздың бастауында тұруы да заңдылық. Ғарифолла Есім айтқандай: «Абайды Абай қылған қилы тарихтың қырық қатпар шындығы қазіргі біз бастан кешіп жатқан заманалық құбылыстармен тікелей жалғасып жатыр. Оның тағдыры мен рухани ізденістерінің қиыры мен шиырын, тұңғиығы мен тұтқиылын жіті пайымдап, дұрыс қорытынды шығара білсек, басымыздағы дәуреннен талай сабақтастықты танып, бүгінгі ахуалымызды салиқаландыра түсетін талай мән мен нәр таба алар едік.» — деген еді. [1.5 б.].
Абай жас басынан өлең-ән ортасында өсті, ол ырғақ пен дыбыстың перзенті еді. Осы ерекшелікті Мұхтар Әуезов өзінің роман-эпопеясының дауыс ырғағы, дыбыстың лебі құрылымының өзінде тамаша бере білген. Баяндау арқылы берілген сөз әрдайым шалқи отырып, бір сәт өз ауанымен жазыла сорғалап, енді бір сәтте шапқан аттың жүрісіндей құйқылжып, құйындата құбылып тұрады. [2.80 б.].
Ақынның гуманистік ойлары мен қанатты сөздерден құралған, әр сөзінің астында зілі мен салмағы зор. Оқыған адамды ойландырып, ұйықтап жатқан адамды су сепкендей оятатын философиялық ойларға толы қара сөздері өз мәнін әлі күнге дейін жоғалтпайды.
Абай – өзі жасаған заманы үшін «Ауыр ойды арқалап» ауырған жан. Сондықтан оның рухани болмысын терең танып білу үшін, ақын сілтеп отырған екі жаққа яғни Батыс пен Шығыстың рухани ой қазыналарына барынша терең бойламайынша, оларды екшеп сусындаған ақын ойының соқпақтарымен жүре отырып зерттемейінше, көздеген нысанаға дәл жету қиын-ақ. Бірақ бұл тәрізді бүкпесі мен бұлтарысы мол, тұнып тұрған ой орманына тәуекелмен қадам басқанда, ең сенімді төте жол – Абай шығармаларындағы сілтеме ой төркіндеріне сүйену. Әрі алғышарт ретінде Абай шығармаларында сараланатын ой төркіндерін терең танып, меңгеріп алуда жатыр. Осы мұраларды игеру үшін алдымен ақынның айтқысы келген ойын терең түсінуіміз қажет. [3.123 б.].
Сонымен қатар, артынан 180-ге жуық өлең жазып қалдырған ақынның өлеңдері бір-біріне ұқсамайды, өмір шындығы мен бүкпесіз шынайы оқиғаларды анық суреттеген. Алғаш жазба әдебиетін әкелген ойшыл он жасынан бастап өлең шығара бастаған. Поэзияларында қара өлең ұйқасымен қатар, шұбырпалы ұйқасты шебер қолданып, 5-7-8 буынды тармақтардан құралған өлең жолдарын жазған. Тәрбие, білім, ғылым, адами қасиетер мен адамгершілік, тазалық пен адалдық тақырыптарын өз поэзиясына арқау еткен ақынның өлеңдері әлі күнге дейін өз мән-мағынасын жоймаған.
Ұлы қазақ даласының Ұлы Абайы бүкіл елді рухани байыта алатын, шөліркегенде шөліңді басатын бітпес мұхит па дерсің…
«Абай деген бір өлшемнің екі басындағы шетін ұшқарылықтың азап-бейнетпен келіп, бір сәтті мезеттегі ұштасуы, қосылмастың қосылуы, тіл жетпестің бейнесін тапқандығы, жер тартылысының қуатты күші, адам қиялының қисынын тауып кететін тегеуріні. Қысқасы, Абай деген самғаудың жеріне жеткен де, жете алмаған да ауыр салмағы. Бұл – Ұлы даланың үстіндегі аспан күмбездерін өзінің алыпқа біткен қос иығымен көтеріп тұрған атлант» — деп әдебиеттанушы, жазушы Николай Анастасьев өзінің «Самғау салмағы» атты кітабында Абай туралы айтқан болатын.
«Абайдың көз шоласы қандай ұлан-ғайыр кең болса, таңданған, қызыққан, жиренген, құмартқан, алған әсерлері сондай ұлан-асыр, байқаған-түйген парасат-пайымы соншама терең еді» — деп Ғарифолла Есім өзінің «Хакім Абай» атты кітабында айтқандай, кемелденген, адам болмысына жеткен, парасат-пайымымен бүкіл қазақтың ғана емес әлем жұртшылығының назарына іліккен, бір ғасырда бір туатын дана да дара Хакім Абайдың есімі әлем әдебиетінде өзіндік орын алады. Артынан ғақлияларын, өлеңдері мен поэмаларын жазып қалдырған ақын мұрасын бізге әлі күнге дейін жол бастап, бағыт беріп отыр.
Қазақты танығың келсе Абайды оқы деп бекер айтпаса керек-ті. Абай мен қазақ өмір бойы біте қайнасып жататын қазандағы қара алтын тәрізді. Осындай алтын қазынамызды, асыл мұрамызды, дара да дана Абайымыздың есімін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, жыл сайын жаңаша жаңғырту біздің мойнымызда.
Сайын даланың қазақ деген текті перзенттеріне, біздерге Ұлы Абайды ұлықтау, ұмытпау мәңгі парыз!
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
- Есім Ғ. Хакім Абай. – Астана: Фолиант, 2012. – 400 б.
- Анастасьев Н. Абай. Самғау салмағы. Астана: Аударма, 2010. – 472 бет.
- Мырзахметұлы М. Абай және Шығыс – Алматы: Қазақстан 1994, — 208 бет.