Елордада тіл білімі мамандары мен жұмыс берушілер Консультативті кеңесте жиналып, қостілді білім беруді дамытудың жолдарын талқылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстанда қазақ-ағылшын тілдерін бірдей деңгейде білетін кәсіби лингвистердің жоқтығы — өзекті мәселелердің бірі.
Кездесу барысында қазақ тілін халықаралық қатынастарда қолданудың жолдары мен «Қазақ-ағылшын тілі және лингвистика» бағдарламасының траекториясы талқыланды. Аталған бағдарлама қазақ және ағылшын тілдері бойынша қостілді мамандарды даярлауға бағытталған.
«Қазақстандық жоғары оқу орындарының арасында алғашқы болып «Қазақ-ағылшын тілі және лингвистика» бағдарламасы бойынша мамандарды даярлауды біздің университет бастады. Біз студенттерге ағылшын тілін басынан бастап үйретеміз. Қазақ және ағылшын тілді жоғары кәсіби лингвистерді даярлап, студенттерді қазақ тілінен ағылшын тіліне, ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударуға үйретеміз. Сондай-ақ бағдарлама түлектері медиа саласында да жұмыс істей алады», — дейді «Қазақ-ағылшын тілі және лингвистика» бағдарламасының жетекшісі Ақерке Салимова.
Жиынға А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының басшысы, Ұлттық тестілеу орталығы, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Егемен Қазақстан» газеті, Мемлекеттік тілді дамыту қоры сынды бірқатар компаниялардың өкілдері қатысты.
КАЗГЮУ Университетінің Консультативтік Кеңесінде серіктестер студенттердің іс-тәжірибеден өту мүмкіндіктері мен бағдарламаның еңбек нарығындағы қажеттілігін атап өтті. Қатысушылар «Медиалингвистика», «Тіл және аударма» майнорларының бірегейлігін көрсететін жаңа пәндерді енгізуді ұсынды.
М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ
Университетінің баспасөз қызметі