Home » Айтарым бар » ЖҰМАДАҒЫ КЕЗДЕСУ

ЖҰМАДАҒЫ КЕЗДЕСУ

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының студенттері Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Қалқаман Саринмен онлайн әдеби жүздесу өткізді.  Кездесу барысында Қалқаман Сарин жастардың сауалдарына жауап берді.

Құрметті Қалқаман мырза алғашқы сұрақ. Мемлекеттік қызметке барып, ақындық өнерден алшақтап қалған жоқсыз ба?

Мен қазіргі таңда туған жер төсінде Өскемен қаласында қызмет жаса жатырмын. Тура сұраққа көшсем, мемлекеттік қызметте істеп жатқанымды біреу білер, біреу білмес былтыр қыркүйек айында осы Шығыс Қазақстан облысы  Өскеменге көшіп келдім. 25 жыл тұрған Астанамды тастап ат басын осында бұрдым. Жалпы адамның өзіне байланысты. Таза шығармашылықпен айналысатын адам күнін көре алмайды. Отбасын асырау үшін жұмыс істеу керек. Менің өлең жазуыма еш нәрсе кедергі келтірмейді. Өлең жазуға уақыт керек жоқ. Кино көріп отырып, кітап оқып отырып басыңа келген ойды қорытып, сосын өлең жазасың. Жазуға уақыт керек, ойлауға уақыт керек емес.

Сіздің алғашқы еңбек жолыңызды ұстаздықтан бастағаныңызды жақсы білеміз? Шәкірт тәрбиелеудің қиындығы мен қызығы қандай?

«Ұстаз деген ең ұлы ұғым». Менің еңбек жолымда ұстаздық қызметтің ізі қалды. Ұстаз — қай жерде болсада ұстаз. Сондықтан ұстаздың беделі мен қадір-қасиеті ешқашан жоғалмауы керек. «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдердікі», — деп Мағжан бабамыз айтқандай өз ұстаздарыңа төрден орын беріп жүрсеңдер нұр үстіне нұр болар еді. Ұстаздық мамандық ең кіршіксіз, таза мамандық.

«Ақындық –теңдесі жоқ ақсүйек өнер», деп баға берген ақын Қалқаман қай кезде шабыттанады. Өлең жазуға не түрткі болады.

Бұл менің өзімнің пікірім ғой!  Бұл пікірді айтқанда мен кешірім сұрағам барлық өнер иесінен. Ақындық деген мамандық емес, алланың берген асыл қасиеті ғой! «Биші де айтуы мүмкін ғой, бишілік те ең бекзата өнер»,-деп. Сол сияқты әнші де, суретші де айта алады. Мен бұл сөзді асқақтықпен айтып қойдым. Айтылған сөзді кері қайтара алмайсың ғой.

Шабыт деген — шартты ұғым. Шабыт өзіңде. Шабыт сені іздеп келмейді. Сен шабытты іздеуің  керек. Яғни, оқып біліміңді үздіксіз шыңдау керек. Шабыт жоқ болып жүр деген сөз, жалқау ақындардың сөзі,- дейді Қалқаман Сарин. Жастардың қойған сауалдарына салиқалы жауап беріп, өзінің қарапайымдылығымен студенттердің жүрегінен жол тапты.

Әдеби кездесу ары қарай жырмен өріліп, ақынның өлеңдерін құлақ құрышы қаңғанша тыңдап, поэзияға шөлдеген жұрт сусынын бір қандырды.

Соңына қарай жастардың да шабыты оянғандай болды-ау. Өйткені ақынның тамаша жырларына кезек беріліп, бірінен соң бірі оқыды.

Жыр сүйер қауым қимастықпен қоштасты.

СҚО, Қызылжар қаласы
Көкбасқызы Жазира,
ҚР журналистер одағының мүшесі
«BILIM AINASY»

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.