Home » Мақалалар » Оқушылардың тыңдалым дағдысын дамытуда бейнежазбаларды қолдану жолдары

Оқушылардың тыңдалым дағдысын дамытуда бейнежазбаларды қолдану жолдары

Баланы тілдің әр түріне машықтандырғанда белгілі жүйе қолданылсын. Жазу, оқу  тыңдаудан, сөйлеуден соң келеді, соңғылар тәжірибеден соң келеді. Сондықтан әуелі баланың көрген-білгені туралы әңгіме құрып, сонан кейін оқуға, жазуға үйретілсін.
  Жүсіпбек Аймауытов

Тыңдалым — сөйлесім әрекетінің маңызды бір түрі. Соңғы кезде көп қарастырылып жүрген, қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында кеңінен орын алған тыңдалым әрекетін меңгертудің де өзіндік ұйымдастыру жолдары бар.
«Тыңдалым» — аудирование» деген терминнің білдіретін мағынасы – «есту арқылы түсіну». Бұл термин айтылған не техникалық аппараттарға жазылған аудиомәтіндегі, бейнежазбадағы сөздерді, сөйлемдерді тыңдай білудің нәтижесінде қабылдау және түсіну дегенді білдіреді.
Тыңдалым дағдысын дамытуға арналған сабақты өткізудің негізгі мақсаттарының бірі — оқушыларды тиімді тыңдауға үйрету, яғни, ақпаратты түсіну үшін онымен не істеу керек екенін үйрету болып табылады. Енді тыңдалым материалдары арасынан сабақта бейнежазбалардың қолдану жолдарына тоқталсақ.
Мысалы, фильммен жұмыс істеудің жүргізілу барысы төмендегідей болады.
Фильммен жұмыс істеу үш кезеңнен тұрады:
—  фильмді көруге дейінгі жаттығулар;
—  фильмді көру кезіндегі жаттығулар;
—  фильмді көріп болғаннан кейінгі жаттығулар.
Фильмді көруге дейін оқушыларды тапсырманы мүлтіксіз орындауға дайындау керек. Фильм тақырыбы сабақ тақырыбына сәйкес келеді. Алдын-ала, мәліметтерді оқыту және осы тақырыптағы мәселелерді көтеру керек.
Екінші кезеңнің мақсаты: оқушылардың фильм мазмұнын түсінуі. Яғни, жалпы мазмұнын түсінуден бастап, детальді түсінуге бағытталады. Бұл кезеңде мынадай жаттығулар жасауға болады:
—  фильмді тоқтатып, сұрақ қою;
—  фильмнің бір бөлігін дыбыссыз көру, өз ойын айту;
—  керісінше, фильм көрсетілмей, тек дыбысын тыңдау арқылы өз ойын айту;
Үшінші кезеңде фильмнің мазмұнын негізге ала отырып, рөлдік ойындар, жоба дайындауға болады. Сонымен қатар, тыңдалымдағы тақырып туралы сұрақтар беріледі және ол сұрақтарға өз көзқарастарын білдіре отырып, жауап берулері тиіс.
Осы сұрақтар аясында оқушылар бейнежазбаларды тыңдай отырып, оқиғаның немесе ақпараттың қалай берілгені туралы өз ойын білдіреді.
Мысалы:
— Мәтіндегі өзгерістерді (дауыс ырғағы, дауыс қарқыны, мәнері, екпінін) ескере отырып, тыңдалған материалдың негізгі бөліктерін анықтайды;
— Тыңдалған материалдардың, яғни, телебағдарламалар, аудио-видео жазбалардың қысқа үзінділерінде, музыка, сөздер, бейнелер қалай қолданылғанын салыстырады;
— Сөйлеушілердің ойын, тіл мен іс-әрекет арқылы тиімді жеткізуін талдайды және бағалайды;
— Сөйлеушінің ойын түсіндіру, жеткізу, сендіру қажетті жағдайларда пікірталасу үшін әдістерді, мысалы, қайталау, көтеріңкі дауыс, ырғақ, екпін, кідіріс, эмоцияны анықтайды;
Талқылау кезінде оқушылар — кейіпкер, камера, түстер, оқиға, дыбыс, декорация  тұрғысынан келу керек.
Мәселен, кейіпкер тұрғысынан келгенде төмендегі сұрақтармен жұмыс жасайды.
Кейіпкер:
 Оқиғаны кім баяндайды?
Басты кейіпкер қалай бейнеленеді?
Кейіпкерлер қалай сөйлеседі және не туралы сөйлеседі?
Сіз кейіпкерлердің не ойлайтыны, не сезінетіні туралы қайдан біле аласыз?
Олар өздерін қалай ұстайды? Басқалармен қандай қарым-қатынас жасайды?
Сізді ең қызықтыратын кейіпкер кім?
Келесі камера бойынша
Сіз артқы көріністен нені байқадыңыз?
Үлкейтіліп көрсетілген нені байқадыңыз?
Біз кімнің көзқарасымен көреміз?
Әртүрлі кейіпкерлердің көзқарастарын біз қалай көреміз?
Оқиғаны баяндауда камераның көмегі қандай?
Бейнежазбадағы түстерді анықтау үшін мына сұрақтармен жұмыс жасайды.
Сіз қандай түстерді байқадыңыз?
Негізгі түстер қандай?
Түстер тәулік мезгілін қалай білдіреді?
Түстер қай кезде өзгереді?
Ақ пен қара түстердің ара қатынасы қандай болды?
 Оқиғасы
Оқиға желісіне мына сұрақтарды арқау етуге болады.
Бұл оқиғаның барысында не болады? (оқиғаның өрістеуі, проблемасы, шешімі)
Қандай маңызды оқиғалар болады?
Ол қай жерде болады?
Бұл оқиға кім туралы?
Оқиға барысында уақыт қалай өтеді?
Әрі қарай не болуы мүмкін?
Бұл оқиға белгілі бір оқиғаларды еске түсіреді ме?
Дыбыстар
Фильмді тыңдау кезінде дыбыстардың орнын анықтау үшін сұрақтар:
Сіз қандай дыбыстарды естисіз?
Фильмде музыка бар ма?
Музыка сізге қандай сезімдерді ұялатады?
Музыка сіздің көңіл — күйіңізге қалай әсер етеді?
Тыныштық сәттері бар ма? Оның әсері қандай?
Ал декорация бойынша:
Оқиға қай жерде болады?
Неліктен ол дәл осы жерде болады?
Декорациялар қай кезде ауысады? Мұның оқиғаға әсері қандай?
Егер декорациялары басқа болса, бұл оқиға қалай өзгеруі мүмкін еді? – деген сұрақтар төңірегінде жұмыс жасауға болады.
Жалпы алғанда, бейнежазба — сабақ барысында оқушылардың белсенділігін арттырады, көрген, тыңдаған материалы бойынша өз ойын, пікірін айтуға көмектеседі. Сондықтан, оқушыларда сөйлеу дағдысы қалыптасады. Ол үшін, оқушылардың білім деңгейіне сәйкес бейнематериал таңдалуы тиіс. Сабақта бейнежазба қолдану – оқушылардың әр түрлі психологиялық белсенділіктерін, әсіресе, ынтасын арттыруға және есте сақтау қабілеттерінің дамуына ықпал етеді. Бейнежазбаларға түпнұсқалық жазбалар, көркем фильмдер, мультфильмдер, деректі фильмдер, жаңалықтар  жатады. Коммуникативтік әрекеттерді дамытуға бағытталған тапсырмалар, соның ішінде, тыңдалым дағдысы өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес белгілі бір жүйемен жүзеге асады.

Ләйла Сейдазимова,
Жамбыл облысы,
Тараз қаласы,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты,
Инновациялық білім беру және
ақпараттық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.