Home » Ашық сабақтар » ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары өлеңдеріндегі қала мен дала

ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары өлеңдеріндегі қала мен дала

Қазақтың мәдени өмірінде ағартушылық ғасыр деп аталып кеткен ХIX ғасырдың екінші жартысындағы көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсариннің мына өлеңінде:
Өнер-білім бар жұрттар,

           Тастан сарай салғызды;

Айшылық алыс жерлерге

Көзіңді ашып-жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды.

Аты жоқ құр арбаны,

Мың шақырым жерлерге,

Күн жарымда барғызды…[1], – 

деп ағартушылық идеялармен жігерленіп, ауыл-ауылды аралап жүріп, халықтың қаладан қашпауын, өнер-білім барлығы оқу арқылы келетінін айтып, қазақты білім жолына жетеледі. Ол өз халқын білімге, мәдениеттілікке шақырғанда өркениетті елдердің қатарына көтерілуді армандады.
«Абай, –  дейді Ғ.Есім – тұтас ел болудан қалған, отырықшылық жағдайда күн кешкен қоғамда туған, оның ойшыл болып қалыптасуы ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының басынан кешкен ауыр тұрмысына сәйкес келеді. Абайды тек ақын қылмай, ойшыл гуманист дәрежесіне көтерген осы өтпелі қоғам қайшылығы.  Қазақ халқының ауыз әдебиетінен нәр алған  Абай жаңа  ұлттық  жазба  әдебиетке көшудің негізін салды. Батыс пен Шығыстың өркениеттерінің арасындағы Қазақстан болашаққа қарай жол іздеуге мәжбүр болды. Далалық мәдениет осы екі ағынның екі ортасында өзіндік ерекшеліктерін сақтауға ұмтылды. Абай орыстық білім мен техниканы насихаттағанымен хрестиан дінінен қазақты аулақ болуға шақырды. 25 қара сөзінде ол орыс тілі, оның мәдениеті арқылы Еуропа өркениетін меңгеру қажет дейді. Алайда бұдан Абай Ресей империясының саясатын қолдады деген пікір тумауы қажет [2, 36]. Ол отаршылық әрекеттің итаршаларын қатты сынға алды:
Мәз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанда.
Шелтірейді орысың
Шенді шекпен жапқанда [3, 56].
Қазақ әдебиетінің жан-жақты дамып, барлық жанрларда қарыштап өскен, ұлттың рухани сұранысына жауап берген бай-бағылан дәуірін тудырған – ХХ ғасыр қаламгерлері. Табиғатынан дарынды жаратылған бұл буын өкілдері қазақы тал бесікте тербетіліп, исламның иманды бұлағынан нәр алып, мұсылманша хат танып, одан кейін жәдитше, орысша оқып, орта, жоғары дәрежелі білім алған: Орынбор, Омбы, Семей, Алматы, Ташкент, Уфа, Қазан, Мәскеу, Петербор секілді шаһарлар тәрбиесін көрген, өз заманының көзі ашық зиялылары [28.6]. ХХ ғасырда қазақтан шыққан алғашқы саяси қайраткерлердің бірі Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы сынды алаш ұлдары 1917 жылы Қазақ газетінде автономияның қазақтарға ауадай қажет екендігін алға қойды. 1917 жылдың  21-26  шілдесінде Орынбор қаласында бірінші бүкілқазақтық құрылтай өтті. Оның шешімі бойынша алаш партиясының бағдарламасы жарияланды. Ол бағдарламада: Қала орталықтарында жастардың өз тілдерінде және тегін білім алу жағдайлары туралы да айтылған. Ұлттық өнердің алтын ғасыры саналатын ХХ ғасырдағы ақындардың қала тіршілігіне деген көзқарастарын бағамдар болсақ, Ахмет Байтұрсынұлының «Олжалы жерде үлестен қағылғанымыз, ордалы жерде орыннан қағылғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты» — дей келіп, ел мен елді, ұлт пен ұлтты теңестіретін нәрсе білім екендігін айтып, оқуға, ағартушылыққа ден қояды. Мағжан ақынның «Дала мен Қала» деп аталатын  мақаласындағы ойларға  тоқталсақ:
«Қырда ерік, жібек кілем, тау мен су бар,
Шулаған көңілге хош қаз бен қу бар.
Қалада жан азығы, шам шырағы,
Белгісі адамдықтың білім-ту бар
Дала. Дала деп атын айтсаң-ақ ойдағы ерік, құлпырып тұрған көкорай шалғын, төбесі мұнарланып, тұманданып көкке тірескен асқар тау, күмістей таза бұраңдап ағып жатқан өзен, тағы санап түгесілмес жасағанның жаратқан табиғатының әдемілігі көңілге сап ете түсті.
Жаз жетті. Қыс бойы саңырау, шырт ұйқыда, шала жансар жатқан дала оянды, оған жан кірді. Ол бұрынғы ертегілерде айтылғандай күні кеше басы таз, мұрнынан боқ аққан, үсті-басы шіп-шикі қотыр бір жаман жан еді. Бір сілкінді, он төртіндегі айдай үлде мен бүлдеге оранған жаңа бойжеткен бір қыз болды.
Қыс бойы түтін, сасықтың арасында ауруға шалдығып шыққан дала баласы о да тірілді… қараңғы, сасық үйін тастап қашып, киіз үйін тігіп көкорай шалғынға барып қонды. Қалың күпі, ауыр тымағын тастап, желісін қақты, биесін байлады. Бір жағынан сүрін жеп, ертеңді-кеш сапырып сары қымызын іше бастады. Ол бір жасап қалды. Көршілес үйдің отағасылары астарына бір-бір тері салып алып, қолдарына таяғын ұстап, есік алдына көлеңкеге жиылып…қысыр кеңеске кірісті, жастар үйде жоқ. Бай балалары не қысырақтың айғырын, не күйлі шыққан бір қысыр бедеуді мініп алып, қырда жылқыда. Кедей балалары солардың қасына еріп, дәнеге ойында жоқ, асау тай, құнан, байталдан қарқ боп, о да мәз боп жүр. Жас келіншек, қыздар олар да шат. Әсіресе, қыс бойы бұзау суғарам деп қар тасып, боқ күреп, жүдеп шыққан, артық көндіге алмаған жаңа түскен келіншектер жұмыстан босағандарына қуанып, жастау қыздар шешесінің қыс бойы үйде құрылыс қыласың деп кигізбеген жаңа тіккен… көйлек, күміс таққан тақияларын киіп қуанып, қуаныштары, қойнына сыймайды. Көксе қыздар, бозбалалар елдің желеуі, биенің байлауы, жұрттың жиын болатын мезгіл де жетіп қалды-ау деп іштерінен қуанады. Биыл ойын-той, қызойнақ көп болғай деп тілейді.  Міне, жаз жетсе дала әдемі, көңілді. Жалғыз-ақ сол сүйкімді даланың орасан бір кемшілігі бар. Оның баласы білімсіз, ойсыз. Ішіп-жеу, ойнап-күлу, ұйықтаудан басқаны білмейді. Төрт аяқты малдан аз-ақ ілгері, ол жарты адам»].  Ақын дала тіршілігін ерекше бір сүйсініспен, жылы жүрекпен суреттейді. Ал, одан ары қарайғы қала тіршілігін соншалық сүйсініспен суреттемесе де, білім іздеген әрбір жаннан көрінетін көнбістік байқалады.

«Ал енді жаз жеткенде қалаға қарасаң, онда бұл әдеміліктің бірі жоқ. Құрғақ болып аз ғана жел тұрса, шаң, көз ашқызбайтын құм боран. Жаңбыр жауса жүргізбейтін батпақ болады. Дала баласына қала көңілсіз. Ол онда тұра алмайды, шыдай алмайды. Бірақ қаланың осы кемшілігін түгелдейтін бір артықтығы бар. Оның баласы білімді, ойлы. Ол таңғаларлық істер істейді. Отты дүние айналған теңізді кезеді. Айшылық жолды алты аттайтын атсыз арба жасайды. Майсыз шам жандырады. Неше жүз шықырым жерден сөйлесетін құрал жасайды, қанатсыз көкке ұшып, бұлтқа араласады. Түпсіз теңізге сүңгіп меруерт-маржан шығарады, қысқасы қала баласы асқан адамдар. Естімейтін нәрселері жоқ, қолдарынан бәрі келеді. Қала – ол өнер-білімнің бесігі, анасы. Онда шын бүтін адамдар бар, онда адамды адам қылатын жұрттары бар. Онда өнер бар, онда білім бар, онда адамға жан бар». Шындығында да осының барлығы қалада бар екендігі даусыз. Қала адам баласынан адамгершілік қасиеттерді ұрлағанымен, оның адамға берері де аз емес екендігін ақын жақсы түсінеді. Өзі соған сеніп, өзгелердің де сенім білдіруін қалайды.
Ақын  «Қызылжарда медреседе оқып жүргенде, Ермек Серкебаевтың әкесімен бірге оқиды. Сол кезде екеуі ауылға атпен келіп жүреді екен. Ол кезде әкесінің Сәрсембай деген атқосшысы болады. Ол асығады, ауылға тезірек жеткісі келеді. Сондай сәттерде «Айда атыңды, Сәрсембай!» деген өлең жазып, жұртқа оқып береді. Ол біреуге айтылған арнау емес, елге деген сағыныш, алып-ұшқан жүрегінің лүпілі іспетті өлең» [30].
Бұл өлеңнің тақырыбы: қала тұрмысынан безу, ауылды аңсау. Өлең екі түрлі ойға құрылған:

…Қарашы кейін бұрылып:

Таудай болып созылып

Қала – бір жатқан дәу пері…

…Әйелдері ұятсыз

Күнде сүйгіш, тұрақсыз

Қылмыңдасар, керілер.

Жүздерінің қаны жоқ,

Көздерінің жаны жоқ,

Еркектері – «перілер».

Оларды отты жүрек жоқ,

Тамақтан басқа тілек жоқ.

«Қорсылдаған доңыздар» [4], –

деп, қала өміріне деген ренішін білдіруі бірінші ойы болса, жырдың одан кейінгі желісі, ауыл өмірін аңсау, туған жерге деген сағыныш екінші ойға құрылып отыр:

Қалаға келіп қаңғырдым,

Сар даламды сағындым,

Айда атыңды, Сәрсембай!

Әлде ұйқың келе ме?

Сәрсембай-ау сен неге

Шырқап бір әнге салмайсың?

Жетесің туған жеріңе,

Еркелеткен еліңе,

Жүрегім неге жанбайсың?!

Сарыарқамның топырағы –

Менің жаным шырағы,

Кеудемді төсеп жатамын.

Оның жібек желінің,

Тәтті, кәусар көлінің

Қазір дәмін татамын… [4].

Бұл – лирикалық жанрдағы жыр. Ақын өлеңді әсерлі етіп жеткізіп, әшейін ауызекі әңгіме ретінде сылдыратып айтып бермей, айтайын деген ойын сырлы суретке айналдырып жеткізіп отыр. Бұл лирикалық өлеңнің бас қаһарманы – Мағжанның өзі. Туған жерінің әр бұтасын, әр төбесін, көңіліне ыстық әрбір тасын сағынғанда қала тіршілігінен безініп, артына қайрылғысы келмейді. Мағжанның айтпақ ойы, идеясы да осында жатыр.
С.Сейфуллин ұлттық әдебиетімізде тұңғыш рет азаттық сүйгіш күрескер, қаһарманның бейнесін жасады. «Сәкен Сейфуллин өмірі мен еңбегі ХХ ғасырдағы қазақ халқы өміріндегі үлкен әлеуметтік, қоғамдық өзгерістермен тікелей байланысты. Ол ХХ ғасыр басындағы Абай негізін салған демократтық, ағартушылық идеяны  ХХ ғасыр басындағы орыс революциясының әсерімен қазақтардың отаршылдыққа, езгіге қарсы күресіне ұластырып, оған өзі тікелей қатысты. Қоғамдық-саяси қызметіне жалғастырып, қазақтың жаңа дәуірдегі жаңа мазмұнды әдебиетін туғызушы болды. Оны кезінде «революция дауылпазы», «Қазақ кеңес әдебиетінің негізін салушы»деп атап жүрдік. Бәрі де рас. Біздің қоғамымыздағы жаңа өзгерістер, кеңес өкіметін, социалистік революцияны жаңаша түсінуге тырысушылық, ұлы ақынға берілген халықтық  бағаны өзгертпек емес» [5, 27]. Суреткердің Сол жаңашылдыққа ұмтылған кезде жазған өлеңдерінің бірі – «Жаңа қала». Ақынның бұл өлеңі елдің арманын түсініп, соларды болашаққа сендіріп, қайрат, жігер бере сөйлеудің негізінде туындаған.
Қоршатып қалың орман қасына ала,

Кестедей қара жерде жасыл ала,

Өнердің ошағы боп қала түсті,

Көк ала күміс көлдің басын ала….
Бұл – өлеңнің кіріспесі. Ақын оқырманын жаңа қаланың пайда болуынан хабардар етеді. Ақын жасаған серпінді өлең үлгілері, ырғақ, өлең өлшемінің жаңалығы, қуатты екпін, метафоралар мен тіл айшықтары сол туындылардың жаңашыл мазмұнына лайықталған.  Жырдың тақырыбы –  Өнер ошағы, жаңа қала. Идеясы –  Қаланың халыққа берері.  Енді жырдың ары қарайғы желісінде жаңа қаланың пайдалы  жақтары санамалап айтылады.
Қазіргі біздің қоғамымызда да ауылдар отырықшылыққа бейімделген. Иә, ауылдың алтын бесік, қара шаңырақ екендігін жоққа шығармаймыз. Десе де, қала тіршілігінің де анау айтарлықтай құрдымға кетіп бара жатпағандығы, қалада да ұлттық құндылықтарымыздың бар екендігі, онда ЖОО, мәдени, рухани орталықтардың бар екендігін естен шығармауға тиіспіз.

Сальменова Жадыра Куатовна,
Нұр-Сұлтан қаласы,
№30 мектеп-гимназиясының
қазақ тілі пәні оқытушысы.

  1. Алтынсарин Ы. Өнер-білім бар жұрттар. – Алматы, 1995
  2. Жұмабаев М. Таңдамалы. – Алматы: Атамұра, 2002. – 249 б.
  3. Есімов Ғ. Хакім Абай. –Aлматы, 1994. – 32 б.
  4. Құнанбаев А. Шығармалары. – Алматы: Ғылым, 1995. – 255 б.
  5. Торайғыров С. Қамар сұлу. – Алматы: Атамұра, 2002.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.