Home » Ашық сабақтар » ЕЛБАСЫ ТҰЛҒАСЫ: СӨЗ БЕН ҰЛТТЫҚ РУХ

ЕЛБАСЫ ТҰЛҒАСЫ: СӨЗ БЕН ҰЛТТЫҚ РУХ

Рақымберлі Парасат Мағауияқызы,
 Нұр-Сұлтан қаласы,
№30 мектеп-гимназиясы,
директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 

 

Әлем тарихында ел басқарған көсемдердің, қоғам қайраткерлерінің халық жадында қалған афоризмдерін жинастырып, жарыққа шығару, оның мән-маңызын айқындау тәжірибесі болған. Орта ғасырлардың ойшылы Әл-Фараби қоғам қайраткерлері тілге бай, сөзге шешен, ақыл-ойлары кемел болу керектігін, өзінің ғылыми еңбектерінде, яғни трактаттарында баяндаған.
Шын мәнісінде елді басқарған қайраткерлердің тек саяси қоғамдық тұлғасын ғана емес, олардың шығармашылық қасиеттерін танудын да мәні үлкен.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тек саяси аренада ғана көрініп жүрген көшбасшы тұлға ғана емес, халқының әдеби-мәдени және рухани мұрасын терең білетін, ұлттық құндылықтарын үнемі терең зерделеп отыратын тұлға.
Мен «Н.Ә.Назарбаевтың шығармаларындағы даналық сөздер» тақырыбындағы зерттеуімді мектеп кезеңінен-ақ бастағанмын. Елбасының көлемді зерттеу еңбектерінен бұрын мақала сөздеріндегі даналық афаризмдерді іріктеп, талдау өзегі еткенбіз. Сол ізденістің нәтижесінде даналық сөздер топтастырылған жинақты жарыққа шығардық. Бүгінгі мақаламыз сол жұмыстың жалғасы болмақ.“Тұлға” (persona) сөзінің мәні кең. Ол адамның дербес қасиетін білдіреді, яғни тұлға индивид сипатындағы адам. Қазіргі кезде бұл ұғым белсенді қолданылып, философиялық салмаққа ие болды. Тұлға деген ұғым кез келген дербес адамға келе бермейді [1,205-б]. “Саналы әрекеттің” иесі, субъект мағынасында айқындалып, “көзқарас жүйесі, мінез-сипатының ерекшелігі тұрғысынан дараланатын тұлға” ретінде беріледі. Адамзаттың тұлғалық өмір сүруі аксиосферамен терең байланысты. Адам санасындағы өзіндік көзқарас, өзін, оны өзгелердің, айналасының бағалау белсенділігі оның даралығын белгілеуге жеткізеді. Зерттеуші М.Бахтин: “тек баға ғана адамды “өзіндік тағдыр жолы бар, өзіндік өмір сүру заңдылығы бар” субъект” етеді”,-дейді [2,174-б]. Ұлт перзенті – ұлттық идеяның жаршысы, ұлттық мүдденің жанашыры, ұлт болашағын алыстан түйсініп, танитын тұлға болуы тиіс. Қазақ мемлекетін, елін, тілін, дәстүрін, дінін күллі қоғам өкілдеріне танытып, Мұхтар мен Абайдай өз елінің ертеңін көркем туындыларына арқау еткен, ата-бабаларымыздан мұра болып қалған қазаққа тиесілі бар өнерді игеріп қана қоймай, оны паш етуде домбыра тартып, ән салып, күй шертетін, бірнеше әннің, көркем шығармалар мен тың ойлардан туындаған мақалалардың авторы Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың көркем сөздегі шеберлігін зерделесек дейміз.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың мінбеде, халықпен болған дидарласуында, жазған мақалалары мен көркем шығармаларында болсын көркем әдеби тілде сөз саптау шеберлігі, мақал-мәтелдер мен ұлағатты сөздерді тиімді қолдана  білуі кімді болса да қызықтырары анық.
Ұлттың ұйытқысы болатын зиялы қауым, ел бағына туған тұлғалар қай жерде де өз туған ел жерінің тұрмыс-тынысын аңдап, атажұрт, туған халқының жанашыры бола білген. Олар алдыңғы сапта жүріп, жол, жөн көрсетумен қатар өздерінің тағылымды өмірлерін ұрпағына ұлағаттай білген.
Елбасының жолдауларынан, кездесу сұхбаттарынан, халқына айтқан әр сөзінен рухани азық алуға болады. Қазақ ұлтын тек алға жетелейтін даналық сөздерінің қатарында рухтық тәрбие беретін қанатты сөздер қатары мол. Ұлттың тұлғасы: «Қазақтың ұлттық рухы оның ерлігінде жатыр. Рухани құндылық, биік адамгершілік жоқ жерде үлкен өркениет орнату мүмкін емес. Әрбір адам бала кезінен: Қазақстан — менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей істеген жөн»,[3]-деп әр қазақ азаматының бойына жауапты іс жүктей отырып, парызы мен қарызы туралы кемел ой тастайды.
Өз қоғамының даму өресін басқадан бұрын байқап‑танып, туған халқына қызмет жасап, жоғын түгендеп, ұлттық қадір‑қасиетін тереңдету – ұлтжанды елшіл азаматтарға тән. Себебі, “Елімді иесіз деймісің, ерімді киесіз деймісің”,-деп Үмбетей жырау толғағандай, ел бағына туған тұлғаларды туған жердің, атамекеннің ұлттық қасиеті үнемі жебеп жүретін болса керек.
Тұлға — ерекше болмыстың, әрекеттің иесі. Оның бойына жинақталған қасиеттер ұлттық, халықтық сипатқа ие. Тұлға өз ортасынан ерек шыққан жан. Оның дербес болмысы, әрекеті көпшілікке арналады. Жұрты үшін басын бәйгеге тігеді, қиыннан шығар жолды таба алады, елді ұйытады. Сондығымен де елінің есінде қалады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өз халқын сүйетін, өз халқына жақсылық тілеген кісі халықты ашындырмайды, өз ұлтын өзгелерге қарсы қоймайтындығын айтады. Шындығында да елі мен жерін азат етіп, халқының бостандығы үшін опат болған қазақтың қаншама зиялы қауымын мысал ретінде келтіру өскелең ұрпаққа айтар өнегелі іс десек қателеспеспіз. Осындай ұлт зиялылары аңсаған тәуелсіздігіміз үшін өзінің бар қажыр-қайратын сарпыған, азаттықтың арпалыс жолында бабалар аманатын медет тұтып, сан қырлы сынақтардан сүрінбей өткен, ғасырлар бойы бодандықтың күйін кешкен еліне егемендік сыйлаған, бүгін де халқының қалауымен тұңғыш «Көшбасшы» атанған Нұрсұлтан Әбішұлы елінің Тәуелсіздігі туралы: «Біз бұдан 20 жыл бұрын алғашқы әрі ең маңызды таңдауымызды жасадық. Біз ата-бабамыздың сан ғасырлық арманын іске асырдық. Біз еліміздің Тәуелсіздігін жарияладық. Біз мүлдем жаңа мемлекет құрдық. Қазақстан  тәуелсіздігі бейбіт жолмен келді. Бұл-азаттық үшін алысқан мың-мыңдаған азаматтардың қасиетті қанының өтеуі. Бұл — бүкіл тарихында өзгелерге қиянат жасау дегенді білмеген халықтың пейілінің қайтарымы. Өз мемлекетіміз үшін мақтаныш сезіміне бөленіп, біртұтас отбасы сезімін сезінуге, қазір бүкіл дүние жүзі білетін республика Туын, Елтаңбасын, Әнұранын ардақтап, құрметтеуге тиіспіз»,-[3] деп ой түйді.
Жалпы, қай ұлтта болса да туған жер мен атамекен деген ұғым аса қасиетті болған. Бұл адамның тұрмыс-тіршілігінде үй, отбасы, ұрпақ ұғымдарының аса үндестігінен, мағыналылығынан туындаса керек. Ұлтқа, ұрпаққа-ұлағат қалдыру, мұратты ғибратты іске ден қою мақсатында Н. Ә. Назарбаевтың:
«Садағаң кетейін, айналайын! Сенің мүддең жолында бойдағы қуат,ойда нәр — бәрін аянбай сарп етуге пейілмін!», «Қандай да қасіретке қабырғасы қайысса да, қаймықпай төзе білген, қажырлы да қайсар қазақ халқының алдында мен басымды иемін!», «Менде Қазақтың елдігін, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін нығайтудан басқа мақсат та, арман да жоқ!», «Осы елдің Президенті ретінде де, осы ұлттың бір перзенті ретінде де дәйім көңілімнің төрінде тұратыны — туған халқым»,[3]-деген сияқты сертпен тең тегеурінді тіркестерінің елім деп еңіреген ердің антындай шындығы екеніне сөзсіз сенесіз.
Елбасының халқына арнаған сөздерінде кең тынысты мазмұн, көтеріңкі пафос үнемі байқалады. Мәселен, Н.Назарбаевтың «Елім менің» өлеңінде:
Арайлап таңым, асқақтап тауым,
Ән ойнап көгім, күй тартты елім.
Қол жетті міне аңсаған күнге,-
деген жоғары күй-эмоция танылса, қайырмасындағы:
Елім менің аңсаған,
Тас бұғаудан босаған.
Құтты болсын отауың,
Берік болсын босағаң,! – деуі халқымыздың тілек-бата сөздерімен үндесіп жатыр.
Осы тұста Елбасымыздың шығармашылық жұмысы XIX ғасырдағы күллі қазақтың қорғаушысы, қолдаушысы болған Абай поэзиясындағы бірнеше өзекті, маңызды тақырыптарға түйісіп жатқанын аңғарамыз. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп жырлаған Абайға ата-бабалар аңсаған тәуелсіздіктің қыраны бүгінгі күнде қазақтың көгінде тәуелсіздікті жырлап жүр деп жауап жазғандай ма деп ой түйіндегім келеді. Екі кемеңгердің де өлеңдерін салыстырмалы түрде алып қарасақ заманының кемеңгері ойшыл, қоғам қайраткері Абай мен Елбасымыздың ой-танымында халқына, ұлтына деген ерекше ықыласын байқаймыз.
Қазақ халқы көптеген қуғынды бастан кеше жүріп, оның қиындығы мен қасіретін өлең-жырларда берді. Сондықтан да өзге елге ауған халқымыздың трагедиясы жерден, елден айырылу болды да, мұң мен зарға толы жырлар туғызды. Оның басы сонау жоңғарлардың жойқын шабуылы кезінде елінен босқан халықтың зарын көрсеткен «Елім-айдан» бастау алады. Ел мен жерден айырылу дала тұрғынына аса сын еді. Бүкіл тіршілігі жылдың төрт маусымында далаға байланысты болғандықтан, қазақ жұртының шекаралық жіктелісі шартты болды да, олар жер үшін шайқасып отырды. Жерден ажырау, қонысты тастау бұл бүкіл қазақ елінің тағдырына, тіршілігіне әсер етті. Өз кезінде Асанқайғының жақсы қоныс, жайлы мекен іздеуі, Қорқыттың өлімнен қашуының түбінде тіршілік үшін күрес жатыр. Ал, қалыпты тірлік пен берік қоныс бұл — ел болудың, қауым болып бірігудің алғы шарты еді. Адамзат қоғамының даму тарихы ондағы құбылыстардың ізсіз қалмайтынын көрсетті. Ол құбылыстардың айғағы халықтың, ұлттың әрекеттерінен көрінді. Ежелден түркі жұрты азаттық пен елшілдік мәселесін ұлықтаған. Осыдан келіп адамды үнемі отан, ел, жер деген ұғымдардың қасиеті ойландырып отырды.
Қазақтың өр кеуделі ақындары тек қайғы мен шерге ғана малданып, жалаң пессимизмге салынған жоқ. Ол Абайдың “Қайғы шығар ілімнен, ыза шығар білімнен” деп айтқандай, ар жағында көңілге ой салатын байлам, жігерді жанитын өжеттік жатқан еді. Халқымыз өткірдей алмас сөзді қару орнына жұмсады, адамға рух берді. Сондықтан да Махамбет ел-жұртынан кетсе де, “қарағайдың теріс біткен бұтағындай” өр мінезін танытып (“Мен Нарыннан кеткенмін, Нарынды талақ еткенмін”), ешкімге кіріптар болмай, әлі де дұшпанға қылыш ұратынын (“Мен кеткенмен тек кетпен, ашуыма көп тисең, өзекті жанға бір өлім, ордаңды талқан қылып шабармын”) білдіріп кеткен жоқ па? “Ақынның осы өр тұлғасы бізге Рудакиді, әл-Фарабиді, М.Әуезовті, І.Жансүгіровті, М.Шоқайды еске түсіреді. Бұл тұлғалардың басты қасиеті олардың болмыстарын қалыптастырып, әрекет-қимылдары мен ұмтылыстарына жол ашқан ақыл мен еркіндікті біріктіре алғандығы” [4,308-б],-дегеніндей, ақын тұтас халықтың қорғаны бола алатынына, көпшілік үшін құрбандыққа баратынына серт береді. Яғни, ұлттық поэзияда зар, мұңның астарында үлкен философия, ой азаттығы мен күрескерлігі жатыр. «Үшқоңыр» өлең жолдарындағы: «Бабаның қаны, анамның жасы, Сіңген бұл далам, қымбатсың маған,»- деп құтты  дала-қазақ елінің символы, қан мен жас сіңген дала әрбір қазаққа қымбат екенін тұспалдап жеткізеді. Елбасы «дала» сөзін жырға қосу арқылы оған тіл бітіреді. Ол тыңдаушысына елдің өткен тарихын еске сала отырып, бүгінгі күнді бағалай білуді меңзейді әрі болашаққа құрметпен қарауды жеткізеді. Осыдан да болар әсіресе туған өлкесіне, табиғатына деген сүйіспеншілігін білдіретін «Үшқоңыр» әні оқырман қауымның өзінің туған топырағына деген сезімін оятып, «ауылым қайдасың»,- деп бір сәт ой кешетін күйге енесіз.
«Үшқоңыр» өлеңінің құрылымы бойынша Н. Ә. Назарбаев қазақ халқының бай тілін, көркем тілін мол пайдаланған. Үшқоңырға деген перзентінің сүйіспеншілік сезімі баяндау, суреттеу шеберлігімен  сүйсіндіреді. Өлең бойында бейнелі сөздер мол.
Бұл жерде тарих сырдың сыбдыры бар,
Бабалар тұлпарының дүбірі бар.
Бұл жерде Жамбыл-«Жәкең»  өлең айтқан,
Өнердің, ақындықтың тұғыры бар,-деп көркем де келісті өрнек жасайды. Мәселен, «Үшқоңырым — тал бесігім», «Шыңдарың Төле бидің қалпағындай, Жазира жасыл әлем алқабындай. Жуасы, қарақаты, бүлдіргені, Әжемнің шекер қосқан талқанындай»,- деген жолдар перзенттің туған жеріне деген шынайы сүйіспеншілігін аңғартады. Қоғамның ілгеріге озған зиялы қайраткерлері әлемдік ойдың көшбасшысы бола отырып, адамгершілік пен гуманизмге негізделген даму жолын мұрат тұтатыны белгілі. Тарихшы ғалым М.Қозыбаев: «Еуразиялық интеграцияға негізделген бірлікті күшейтуге, жаңа заманда жаңа тірлік етуге жар сала шақырып, қарымды еңбек етіп жүрген мемлекет қайраткерлерінің бірегейі Н.Ә.Назарбаев екендігін әлем біледі» — дегеніндей [5,74-б], елбасының әлемдік деңгейдегі дербес тұлғасы ең алдымен ұлт көшбасшысы ретінде айқын танылмақ.
Мақаламда дәлелдеп өткендей, Елбасымыздың тағы бір жаңа қыры — оның ақындығы, шешендігі, сөз саптаудағы шеберлігі, даналығы жастар үшін үлгі-өнеге.
Елбасымыздың сөзінде жиі кездесетін «Болашақ жастардікі» деп бізге артқан сенімі бойымызға қуат бітіріп, халқымыз үшін талай игілікті істер атқару қолымыздан келетінін дәлелдеу маңызды болмақ. Шынымен де қазіргі жастар Тәуелсіз Қазақстанның кемелді келешегі жолында әлі де құнды зерттеулер жүргізіп, жаңалықтар ашары сөзсіз. Міне, сондай ізденістерге Елбасымыздың өнегелі еңбектері үлгі болары анық.
Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Литературная энциклопедия терминов и понятий.-Москва: Интелвак, 2003.- 480 с.
  2. Бахтин М.М. Эстетика словесного творчества. М., 1979.-396 с.
    3.Назарбаев Н.Туған елім-тірегім. Құрастырған: М.Қасымбеков, Қ.Әлімқұлов. Алматы: Рауан, 2001.74,79,82 б.
    4.Нургали К.Р. Трансформация художественности в аспекте современной компаративистики. –Астана: Фолиант, 2007.-456 с.
    5. Қозыбаев М. Тарих зердесі. Бірінші кітап. Алматы: Ғылым, 1998.-344 б.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.