Жакишева Нүриля Бортеновна,
Нұр-Сұлтан қаласы
№30 мектеп-гимназияның
бастауыш сынып мұғалімі.
Баланы дұрыс оқуға үйрету
Оқушыны дұрыс оқуға үйрету жұмысы 1-ші сыныптан басталып, әрбір жеке сөзді дыбыстап емес, буындап оқуға үйрету керек. Әліппе кезеңінде бірінші тоқсанда сөзді буындап оқып үйренген оқушы, екінші тоқсанда сөзді буынға бөлмей, тұтас оқи алатын болады. Ал 2-ші сыныпта сөйлемді бірден оқиды.3-4-ші сыныптарда сөйлемді сазына келтіріп дұрыс, мәнерлеп оқуға жаттығады. Дұрыс оқуға үйрету үшін алдымен мұғалім әр оқушының қалай оқитынын, әрқайсысының оқу машығын жетілдірерлік жүйелі жұмыстар жүргізу керек.
- Оқушыны кітап оқуға көбірек жаттақтырып, машықтандырады. Жаттақтыру жолдары әр түрлі болады; бірде оқулықта арнайы берілген тапсырмалар орындалса, енді бірде дидактикалық материалдар, карточкалар беріп оқытып машықтандырады. Жаттықтыру мен машықтандыруға арналған жұмыстың түрлері оқушыны жалықтырмайды әрі оқуға деген ынтасын арттырып отырады. Өйткені жеке оқушыға арналған материалдар қысқа да тартымды болып келеді.
- Жеке дидактикалық жұмыстар үйге де беріледі, үйде оқып жаттыққан оқушы дұрыс оқып, мазмұнын өз сөзімен толық айтып бере алады.
- Мұғалім тез оқудың түсініп оқумен байланыстылығын ескертіп отырады.
- Қате оқыған сөздерді буынға, дыбысқа бөліп оқытамын.
- Қате оқыған сөздерді тақтаға жазып көрсетіп, дұрыс оқуды талап етемін.
- Қате оқыған жерін сыныпта тыңдап отырған оқушыларға түзеттіремін.
- Қате оқылған сөйлемді де қайта оқыту керек.
- Тыңдап отарған оқушылар оқып отырған баланың қатесін түзету үшін мәндес сөйлемдер тобын немесе абзацты оқып болғаннан кейін ғана жүргізіледі.
- Жаңылтпаштар айтқызып жаттықтыру керек. Сөздерді дұрыс оқуға машықтандыру кезінде жаңа сөздерді, оқушы дұрыс оқи алмаған сөздерді ережелерге сай айтқызып жаттақтуру керек. Қазақ тілі сабағында сол сөздерді қатыстырып, мысалдар келтіру артық болмайды.
Оқушы оқығанын шапшаң оқу арқылы тез түсіне алады. 3-4-ші сынып оқушылары өзіне берілген тақырыпты ежіктеп оқыса, онда оның мазмұнын түсіне алмайды. Тақырыпты тым баяу оқыған оқушы сол тақырыптың мазмұнын түгел айтып бермек түгіл, бір сөйлемнің өзінде де не айтылғанын аңғара алмай қалады. Сондықтан да шапшаң оқу тексті дұрыс оқып, оның мазмұнын түсіну үшін қажет.
Шапшаң оқу дегеніміз—тақырыптағы сөздерді қалай болса солай бастырмалатып оқу немесе сөздердің ара жігін айырмай оқу емес, оқығанын түсінетіндей қалыптағы шапшаңдықпен оқу, әрбір оқушы мінезінің әрқилылығы сияқты, оқу жылдамдығы да әр түрлі болады. Осыған орай, әр оқушының бір минут ішінде оқыған сөз саны сан алуан болып келеді.
Шапшаң оқу, түсініп оқу, дұрыс оқу бір-бірімен тығыз байланысты. Сөзді дұрыс оқитындар ғана шапшаң оқи алады. Белгілі бір жылдамдықпен оқығанда, сол оқығанының мазмұнына түсінсе ғана, оны шапшаң оқыды деуге болады. Шапшаң оқуға жаттықтыру әр сабақ сайын жүргізіліп отырады. Дегенмен, шапшаң оқуға төселдіру үшін арнаулы сағаттар бөлініп, арнайы
жұмыстар жүргізу қажет.Оған мынадай жұмыс түрлерін жатқызуға болады.
- Сыныпқа бір ғана тақырып беріледі де, оны оқушылар бір мезгілде бастап оқып, бір уақытта аяқтау талап етіледі. Мұғалім тақырыпты оқытарда, алдымен сабақтың мақсатын оқушыларға түсіндіреді де, белгілі бір уақытта әр оқушы тақырыптың қай жерінен, қай жеріне дейін оқығанын белгілеп қоюды талап етеді Барлық оқушы тақырыпты бір мезгілде аяқтау үшін мұғалімнің «оқыңдар», «оқуды тоқтатыңдар» деген нұсқауын оқушылар бұлжытпай орындауы керектігін ескертеді. Ал белгілі бір уақыт ішінде әр оқушы неше сөз оқығанын мұғалім өзі санауы керек. Бұл жұмыс іштен оқу арқылы орындатылады.
- Шапшаң оқуға машықтандырудың тағы бір түрі-сыныпта дауыстап оқыту.
Мұндайда мұғалім оқушыларды тақтаға бір-бірден шақырып, әрқайсысына тапсырма береді де, дауыстап оқытады. Кейде оқушыларға бір тақырып, кейде әрқайсысына әр түрлі тақырып беруге болады. Шапшаң оқуға машықтандырғанда мұғалім белгілі бір сөз санын оқушылар қапша уақытта, қандай жылдамдықпен оқитынын байқайды. Шапшаң оқуға оқушылырды жүйелі түрде күнбе-күн оқыту арқылы ғана машықтандыруға болады.
Шапшаң оқу оқушының сөйлеу мүшелерінің жетілу дәрежесіне де байланысты. Сондықтан мұғалім әр баланың сөйлеу мүшелерінің жетілуіне күнбе-күн көңіл бөліп отыру керек. Бұл үшін оқушыларға хормен және жеке-жеке оқытып отырған дұрыс. Айтылуы қиын сөздерді, жаңылтпаштарды айттырып жаттықтыру әрі дұрыс оқуға, әрі шапшаң оқуға септігін тигізеді.
Ол үшін мынадай жұмыстар жүргізіледі.
- Әр оқушыны шапшаң оқуға және оқыған текстің мазмұнын айтып беруге жаттықтыру.
- Рөлмен оқыту.
- Диалогты әр оқушыға алма-кезек оқыту.
- Мұғалім сұрағына жауап боларлық сөйлемдерді тақырыптан тапқызып оқыту.
- Біреудің оқығанын бақылап отыру арқылы да оқушы шапшаң оқуға машықтанатынын ескерту.
Мұғалім өзінің көп жылдық тәжірбиесіне сүйене отырып, оқушыларды шапшаң оқуға машықтандыратын басқа да жұмыс түрлерін жүргізуіне болады.Оқушыларды оқу машықтарына үйретумен бірге оларға білім, тәрбиеберу мақсаты да көзделеді. Білім мен тәрбиені оқушы тек оқығанын саналы түсінгенде ғана ала алады.