Home » Мақалалар » Менің өмірімді өзгерткен сүйікті кейіпкерім

Менің өмірімді өзгерткен сүйікті кейіпкерім

 
Алматы қаласы, Жетісу ауданы
№ 102 ЖББ КММ
Искакова Гульмира Толеухановна
бастауыш сынып мұғалімі

Әлемдегі үздік білім — өмір үшін күресте беріледі.
Уэнделл  Филлипс

Адамның жан дүниесі оның рухани дамуында толқыныс пен ерекше бір тебіреніс болу үшін қандай да болмасын бір түрткі керек деп есептеймін. Өзімнің рухани дамуымды одан әрі толықтыру мақсатында Сайын Мұратбековтың «Жусан исі» атты повесін оқып шықтым. Сол туындыны оқыған кезде кітаптан  алған әсерімнің зор болғандығын байқадым.Туындыдағы басты кейіпкер Аянның тағдыры, оның өмір жолындағы тартыстары ерекше әсер қалдырды.Адамның бойында ерік пен күшті рух болған жағдайда қандай да болсын қиындықты шешері сөзсіз екендігіне осы кітапты оқу арқылы  көз жеткіздім. «Алғашқы  әсер қандай болса, көзқарас солай қалыптасады»демекші,бұл жазушының  басқа шығармаларын оқуға қызығушылығым туындады.Жазушының «Жабайы алма» туындысын оқып шықтым. Бұл туындыдағы басты кейіпкер Қанаттан өзіме көп қасиеттерді сіңірдім десем, артық айтпағаным болар. Сонымен қатар, осы жазушының да  өзімнің туған жерім Жетісу өңіріндегі Қапал ауданының Қоңыр ауылынан шыққандығы  әсер еткендей болды.Осы жазушының туындысын оқыған сәтте өзімнің әрқашан есімде жүретін тәтті қиял балалық шақтың бал дәуреніне ойша саяхатқа апаратын  сиқыры, құпиясы неде жатыр деп жиі толғанғанымды жасыра алмаймын. Адамды өзіне баурап алар бұл сиқыры, жазушының жазу шеберлігінде, қоршаған  айналаны, оқырманның  қалауын түсініп,ойынан шығар көркем туынды екендігіне, тәтті шекердей ұғымды тілімен бізге жеткізе алуы деп түсінемін. Жазушының бұл туындысындағы оқиға Қапал төңірегіндегі «Ақешкі» өзенінің маңында өрбігендігін туған жерім Сарқан ауданына кетіп бара жатқанда жолда сол «Ақешкі» маңынан өткен кезде көз алдыма елестетіп өтемін. Повестің басты кейіпкерлері Қанат, Тоқтар, Нәзира, Әжібектер бейнесін қазіргі таңда өзім оқытып жатқан оқушылар өмірімен ойша салыстырамын. Сол қиын-қыстау замандағы оқу мен қазіргі ХХІ-ғасырдағы оқу жайын салыстырып, айырмашылықтың жер мен көктей екендігін біле алдым. Осы кітапты оқу барысында сол ауылдағы әр ұлттың өкілдері Петько, Отто, Бәкке бір үйдің баласындай қиыншылықты жеңуі  ұйымшылдықтың  арқасында болған. Сондай ұйымшылдықты өзімнің НЗМ ДББҰ Алматы қаласы  бойынша педагогикалық шеберлік орталығына келіп оқыған кезде  5-топтан  көре алдым. Әр аймақтан келген, арасында өзбек,ұйғыр ұлттары бар топта оқыған кездегі топтың ұйымшылдығын сол кітапты оқыған кезде есіме түсіре алдым.Топ арасындағы өзара жылы қарым-қатыныс, бір-бірін жетелеу, түсіну сияқты қасиеттерді әрқайсысымыз сезіне алдық деп есептеймін.Осы туындыны оқу барысында : өзімнің өміріме өзгерістің болуына   Қанаттың бойындағы қасиеттер себепші болды деп айта аламын. Қанаттың ерте есейгендігін, шешесімен бірге колхоз астығын жинауда өзін ересек адамдар қатарынан көрсете білуінен байқадым. Шешесінен айырылып, өзінен кейінгі іні-бауырларына қамқоршы болғандығы, әжесіне қолғанат болғандығын бойындағы күш-жігердің барынан, қайсарлығынан көруге болады.  Қанаттың бойындағы қайсарлық, Әжібектен қанша қорлық көрсе де тайсалмайтындығы, Ырысбектің  ауыл балаларын әскери қатаң тәртіпке үйретуі, Қанаттың сол тәртіпке бағынып, келешектегі өміріне сабақ алғандығы әсер етті. Осы туындыны оқу арқылы, Қанаттың бойындағы қайсарлықты, өмірде қандай қиыншылық болса да жеңе алуға болатындығын үйрене алдым.Өмірдің өзі әр түрлі соқпақтардан тұрады, сол соқпақтардан өту үлкен күрес. Сонымен қатар,осы жазушы бойынан өзіме қадірлейтін ең басты қасиет- олардың өмірді, барша адамзатты сүюі, түсіне білуін үйрендім.Курс барысында әр әріптестің жүрегінен осы қасиеттерді байқай ала отыра, тек курстағы оқу барысында ғана емес, өмірлік дос ретінде  болуды қалыптастырдық деп ойлаймын.Осыны әсте естен шығармау керектігін түсіндім.Себебі, өткен өмірді ойламай, келер күнге батыл қадам жасау, жүзе білмей терең суға малтумен тең деп ойлаймын. Сондықтан өткен өмірді ешқашанда естен шығармаңыздар дегім келеді!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.