Home » Мақалалар » БІРТҰТАС ТӘРБИЕ: ЕРТЕҢГІ ҰЛТ ЖӘНЕ  БОЛАШАҚ

БІРТҰТАС ТӘРБИЕ: ЕРТЕҢГІ ҰЛТ ЖӘНЕ  БОЛАШАҚ


Абдреш Аяулым Бекболатқызы,
Алматы қаласы,  Жетісу ауданы
№177 мектеп-гимназия,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

  Біртұтас тәрбие: ертеңгі ұлт және  болашақ

Тәрбиенің негізгі мақсаты мінезді түзеу,
адамшылыққа қызмет ету,
адал еңбек ете білуге тәрбиелеу.
Ж.Аймауытұлы

Өркениетті ел болудың басты шарты – тәрбие. Кез-келген мемлекеттің дамуы жалпыұлттық тәрбиеге, отбасылық тәрбиеге, білім беру ұйымдарындағы тәрбиеге негізделеді. Тәрбиенің дұрыс бағытта берілгендігін уақыт көрсетеді. Тәрбие үздіксіз, ұзақ процесс. Қоғамдағы ақ халатты абзал жандардың қателігі бірден көрінеді, ал ата-ана мен мұғалімнің берген тәрбиесі уақытпен көрінеді. Қоғамға пайдасыз, арсыз, жалқау, екіжүзді, жалтақ адамды тәрбиелегеніңді көргенде ұлтқа қиянат емей немене?! Осы тұста Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың мына сөздері ойға оралады «Бала аурулы зағып болса, баладан емес, тәрбиешіден. Бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі. Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мақау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы. «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген Иран елінің мәтелі – шын дұрыс мәтел».

Бүгінгі таңда М.Жұмабаевтың  тәрбиеші деп отырғаны бірінші – ата-ана, екінші – мектеп. М.Жұмабаев тәрбие төрт түрлі болатынын, яғни: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Осы төрт бағыт бойынша тәрбиелеуде  ата-ана да, мұғалім де ұлт тәрбиесін негізгі жол етіп алса, тәрбие оң нәтиже беретіні анық. Кез-келген ұлттың өзінің ділі, діні, тілі бар. Әр ұлт  өзіне тән қасиетін, өзінің болмысын сақтап тәрбие берсе, өз ұлтының патриоты, қоғамға пайдасы тимесе де зияны тимейтін зияткер ұрпақ болатыны анық. Жалпы тәрбиенің мақсаты аты ғана «Адам» емес, заты да «Адамды» тәрбиелеу. М.Жұмабаев осыған байланысты былай дейді: «Тәрбиеден мақсұт – баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару ғой. «Баланы өзімдей бол деп үйретпе, өзімдей болма деп үйрет!» деген Әзірет Әлінің сөзінде көп шындық бар».

Елімізде тәрбие саласына өте үлкен мән берілуде. Дұрыс берілген тәрбие –  ертеңгі ел болашағы. Осыған орай  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысындағы тапсырмасына сәйкес 2023 жылы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленіп, барлық білім беру ұйымдарына енгізілді. Ал 2024 жылы Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысындағы президент тапсырмасына сәйкес Біртұтас тәрбие бағдарламасының мазмұны жаңартылды. Еліміздің болашақтағы негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипатталады. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының басты мақсаты: қазақстандық мәдениет құндылықтары негізінде азаматтық жауапкершілік пен патриотизм, парасаттылық пен адалдық, ар-ұждан, рухани-адамгершілік қасиеттерін бойына сіңірген, үйлесімді дамыған тұлға қалыптастыру.   Біртұтас тәрбие бағдарламасының негізінде жасалған  жоспарға сәйкес №177 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігінің «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» атты онкүндігінің  аясында «Желідегі фейктер үшін жауапкершілік» тақырыбында 9-10 сыныптар арасында дебат өткізілді. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың жаңашыл көзқарасы мен пікірлерін білу және адал адам болу, адал еңбек ету, адал табыс табу, әділетті Қазақстан құру, ел патриоты болу мәселелерін қозғап, ой қалыптастыру, бағыт-бағдар беру мақсаты көзделді.  Кез-келген мәселеге сыни көзқараспен қарап, қайтпас қайсарлықпен, табандылықпен өз ойын дәлелдей алу, қазақ тілінде еркін, ашық сөйлей алу сынды мәселелер де дебаттың басты мақсаты болды.
Оқушылар айтар ойын қорғауда дәйектемелерімен, қарымта қайтарумен, сараптама жасаумен, сауатты, көркем сөйлеу мәнерімен халықты сендіре алды.   Оқушылар  өте белсенді болды. Білімді, ойлары ұшқыр екендігі көрінді. Тақырыпты жан-жақты зерттегендері көрініп-ақ тұр. Оқушылардың өз позицияларын, өз көзқарастарын дәлелдей алулары мен шешен сөйлегендеріне қарай дебат қатысушыларына мақтау қағаздары берілді. Жеңімпаздар марапатталады. Екі топтың ең үздік қатысушылары: «ЕҢ ҮЗДІК  СПИКЕР»  дипломымен марапатталады. Жеке-жеке номинациялар бойынша диплом берілді: «Сөз шебері»,«Ойы ұшқыр»,«Ізденімпаз»,«Өткір тілді»,«Жаңашыл». Дебат оқушылардың ойларының шыңдалуына, сыни ойлануларына, сөйлеу мәдениетінің қалыптасуына, азаматтық көзқарастарының бекуіне әсер еткені анық. 9-10 сынып оқушыларының жан-жақтылығын дамыту үшін, қоғамдық мәселелерге көзқарастарын қалыптастыру үшін,  заман талабына сай функционалды сауатты болулары үшін, ойын анық жеткізу үшін, дұрыс сөйлей алу үшін  ұтымды өткізілген дебат болды деп айта аламын.    Тәрбие әртүрлі формада, әртүрлі құралдар арқылы жүзеге асырылатын категория. Бүгінгі ұрпақ құлдық сананың құрсауынан айырылған, жаңаша ойлай алатын, ұлттық санасы мен өресі биік азамат болулары үшін мектепте өткізілетін әрбір іс-шараның маңызы зор. Мектеп – бала тәрбиесінде ата-анадан кейінгі ең елеулі күштердің бірі. Біздің №177 мектеп-гимназия тәрбие беруде өз миссиясын дұрыс бағытта жүргізуде. Мектептің абыройы – тәрбиелі, көзі ашық, көкірегі ояу, зияткер тұлғаның қоғамда өз орнын табуы.
    

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.