Home » Мақалалар » Заман талабына сай білім беру: Жасанды интеллект мүмкіндіктері

Заман талабына сай білім беру: Жасанды интеллект мүмкіндіктері

Тамыз айының екінші онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде Отандық педагогтердің алқалы басқосуы биылғы жаңа оқу жылының қарсаңында «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім» тақырыбымен басталған болатын. Халықаралық деңгейдегі саммиттің басты мақсаты – білім саласына жасанды интеллект технологияларының озық үлгілерін енгізуге бағытталған.

Осы мақсатты қолдау және іске асыру барысында 27 қыркүйек 2024 жылы Алматы қаласындағы Жетісу №177 мектеп-гимназиясында «Жасанды интеллект түсінігінде пәндерге білімді ұсыну әдістері» атты тақырыбында педагогтер арасында іс-тәжірибе тарату мақсатында семинар болып  өтті. Бұл іс-шара мұғалімдерге жасанды интеллект (ЖИ) технологияларының білім беру жүйесіне интеграциялауды жақсарту және оларды осы бағытта қолдау мақсатында ұйымдастырылды.

Семинардың мақсаты – мұғалімдерді жасанды интеллектінің білім беру саласындағы мүмкіндіктерімен таныстыру, оқу процесіне заманауи технологияларды енгізу және ЖИ құралдарын пайдалану, білім беру деңгейін арттыру, интеллектуалдық ақпараттық жүйелердің қасиеттерін негізге ала отырып, оларды білім беруде қолдану әдістерімен таныстыру болды.
     

Сондай-ақ, семинар мұғалімдерге интеллектуалдық ақпараттық жүйелерді тиімді пайдалану, сабақ барысында жасанды интеллект негізіндегі білім беру қосымшалары мен платформалар арқылы сабаққа қосымша контенттерді жасауды үйрету болып табылады.
      

Семинарды топ жетекшісі Каримова Меруерт Кадртаевна мен пед.ғылымд.магистрі Тлепина Луиза Адиловна өткізді.

Ел Президентінің жасанды интеллектінің қазіргі қоғамдағы орны туралы мәселелерді негізге ала отырып, спикерлер ЖИ-нің енді тек ғылыми фантастика емес, өміріміздің шынайы болуына айналғанын атап өтті.  Семинарда ЖИ-нің білім берудегі мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Білім беру саласында ЖИ тек көмекші құрал емес, сонымен бірге оқыту әдістерін түбегейлі өзгертетін инновациялық технология болуы жіті айтылды. Мұғалімдер ЖИ арқылы білім беру материалдарын персонализациялау, әр оқушының оқу нәтижелерін дербес қадағалау, білімді үнемі жетілдіру сияқты түсінік алды.

Цифрлық дәуірде кәсіби дағдыларды (hard skills) жоспарлау, жүйелі дағдыларды (soft skills) дамыту қажет. Ақпарат пен білімнің үнемі артуы адам миына үлкен әсер етеді. Жасанды интеллект түрлі тапсырмаларды орындауда көмектесе отырып, білім алушылардың сыни ойлауын және шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда жаңа технологиялар оқушыларға тиімді оқуға, ал мұғалімдерге оқу материалдарын түрлендіріп, оларды жаңа идеялармен жандандыруға көмектесетін тамаша көмекші бола алады.

Семинар барысында пән мұғалімдеріне ЖИ платформаларын пайдалану тәсілдері практикалық тұрғыда көрсетіліп, мұғалімдер арасында үлкен қызығушылық тудырды, әр мұғалім ЖИ-тің пәніне сәйкес келетін қызметтерін қолдануға мүмкіндік алды, соның ішінде жоспар құрастыру, қазақ тілінде презентация жасау, сабаққа арналған балалардың шығармашылығын арттыратын контент құру, мәтінге байланысты сұрақтар құрастыру, авторлық музыка жасау, суреттерден видео генерациялау, мәтін жазу, тапсырмаларды тексеру, тест құрастыру, цифрлық кітап жасау, 360 градустық 3 Д өлшеміндегі өнім жасау, мәтінді видеоға айналдыру, QR арқылы куб құрастыру сияқты мүмкіндіктермен таныса отырып, практикалық тапсырмалар орындады.

Нейрожелілер –білім беру саласы үшін үлкен жаңалық және мұғалімдер үшін өте пайдалы құрал. Жасанды интеллект оқыту процесіне белсенді енгізілуде және бұл технологиялардың қолданылу көлемі жыл сайын арта түсетіні анық.

Мақала авторлары:
Каримова Меруерт Кадртаевна
Тлепина Луиза Адиловна

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.