Home » Жаңалықтар » Аңызға айналған абыз

Аңызға айналған абыз

 

Қазағым қырандарын тағы ұшырар,

Сол қыранды күллі әлем танысын ал.

Бәйгеге түскен кезде шаңы шығар,

Біздің ел Бақытты ғой Әбіші бар

Аяған Диас

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, қазақтың асыл азаматы, көрнектi қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткерi, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай  «Өрлеу БАҰО» АҚ филиалы СҚО бойынша ПҚ БАИ» ұйымдастыруымен «Аңызға айналған абыз» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

 

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты жастардың рухани санасына серпін жасап, өмірге деген көзқарастарын оятып, артында өлмейтұғын сөз қалдырған ұлылардың шығармашылығымен сусындату.

Әбіш Кекілбаев шығармашылықты поэзиядан бастаған.  1962 жылы «Алтын шуақ» деген атпен алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрді. Содан бергі уақытта проза, әдеби сын, көркем аударма, көсемсөз, драма саласында жемісті еңбек  етті.

1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ», 1979 жылы «Тырау тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992-93 жылдары Таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат» 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары,  қалың оқырманның көңілінен шығып үлгерген.

Рухани азығы мол дөңгелек үстелге мектеп оқушылары мен ұстаздары және онлайн режимінде облыстың қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы ПҚ БАИ»-ның педагогтері қатысты.

Атап айтар болсақ, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы  бойынша ПҚ БАИ филология ғылымдарының докторы Дүйсенбаева Ж.С.  және курстан кейінгі қолдау және инновацияларды енгізу зертханасының PR, SMM – маманы Әбішева З.С., Жамбыл ауданының Преснов жалпы орта білім беру мектебінің мұғалімі Жакупова А.О., Қызылжар ауданының Бескөл орта мектеп-гимназиясының мұғалімі Н.Б. Аскандиров баяндамаларын оқыды. Сондай-ақ  СҚО  «Тiлдердi оқыту орталығы» КММ басшының орынбасары Жанатов О. С.,  М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., профессор Қадыров Ж.Т., Петропавл қ. № 23 ОМ мұғалімі Баилов А.И. сөз сөйледі.

Әбіш Кекілбаевтың өнегелі өмірі жайында баяндама оқыған Жамбыл ауданының Преснов жалпы орта білім беру мектебінің мұғалімі Жакупова Ақмарал Оралқызы жазушының әдебиетке құмарлығы мектептен басталғаны, мектепте оқыған жылдары қабырға газетінің тілшісі болған деген сияқты оқырманды қызықтыратын естеліктер айтып, жастарды абыз атамыздың шығармаларын оқуға шақырды.

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы  бойынша ПҚ БАИ филология ғылымдарының докторы Дүйсенбаева Жанбибі ханым Маңғыстау облысындағы Әбіштанудың ғылыми әдіснамалық теориясы бойынша көптеген әңгімелер айтып, жазушының шығармаларындағы тарихи атауларға кеңінен тоқталды. Әбіш Кекілбаевтың оқырманы тек қазақ қана емес. Қазақ-түркімен, қазақ-татар, қазақ-қарақалпақ яғни оқырманы ұлт таңдамайды. Әбіш Кекілбаевтың сұңғылалығы сол  әр жазған шығармасында тарихи тұлғамен қоса, тарихи жер атауларында өз шығармаларына арқау еткен. Сисем Ата- батырлар қорымы, Төлептің тастағы ту тұғыры тасы, Таңбалы тастағы ту орнатылған тұғыр, Отпан тау осындай киелі жердің барлығын көгіңіз келсе аңызға айналған абыздың шығармаларына саяхаттап қайтуға болатынын тілге тиек етті.

Үркер», «»Елең-алаң» романдары жайында әдебиеттану ғылымында кеңестік дәуірде қалыптасқан пікірлер бар. Ол пікірлер бойынша, «Үркер» мен «Елең-алаң» тақырыбы — Қазақстанның Ресейге қосылуы, идеясы -Қазақстан мен Ресей халықтарының достығы. Бірақ мынаны ескеру керек: «Үркер» мен «Елең-алаң» — тарих шындығын, адам сырын, халық тағдырын кеңінен, тереңнен толғайтын кең құлашты күрделі романдар. Ал тарих шындығын, адам сырын, халық тағдырын, қоғам болмысын тереңнен толғайтын кең құлашты, күрделі романның бір ғана тақырыбы, бір ғана идеясы болуы шарт емес. Шығармада негізгі тақырып пен идеяны толықтырып тұрған басқа да көптеген жеке тақырып, қосымша идеялар бар. Қазақстанның Ресейге қосылуы – сол тақырыптардың бірі, Қазақстан мен Ресей халықтарының достығы – сол идеялардың бірі. Күрделі шығармадағы әр алуан жеке тақырыптардың басын біріктіріп, бір бүтін күрделі болмыс деңгейінде тұтасқан өмір құбылыстарының тобы — оның негізгі тақырыбы. Осы тұрғыдан келгенде, мынадай тұжырым жасауға болады: «Үркер» мен «Елең-алаң» романдарының негізгі тақырыбы — қазақ халқының XVIII ғасырдың басында ел тәуелсіздігі үшін жүргізген күресі, ал негізгі идеясы — ел мен жердің тұтастығы мен тәуелсіздігі.

Дөңгелек үстелге қатысушылар «Үркер» және «Елең-алаң» романдарының танымдық, тағылымдық және көркемдік-эстетикалық мәнін өз ой елегінен өткізе алды.

Қатысушалардың әрқайсысы баяндамаларында  Әбіш Кекілбаевтың  өнегелі өмір жолы мен шығармашылық мұралары туралы жан-жақты айта келіп, жас ұрпақты даналыққа, қырағылыққа, шешендікке тәрбиелеуде  жазушы шығармаларының маңызы зор дегенді айтты.

Дөңгелек үстелдің қорытындысында, іс-шараға қатысқан   қазақ тілі мен әдебиет мұғалімдері, өз пікірлерімен бөлісіп ұсыныстарын жеткізді.   Петропавл қ. № 23 ОМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.И. Баилов Ә.Кекілбаевтың маңызды шығармаларының мектеп бағдарламасынан алынып қалғанын, оны болашақта қайта енгізу керек деген орынды ұсыныс жасады. Дөңгелек үстелді ұйымдастырушы  инновациялық білім беру және ақпараттық технология кафедрасының аға оқытушысы Мүсетаева Гүлмайда Нәсиқызы болашақта айтылған пікірлердің ескерілетінін айтты. Кештің әрі мен сәнін мектеп оқушылары Аяған Диас пен Жанғали Еркегүл жазушыға арнаған арнау өлеңдерімен жандандырды.

 

 

Көкбасқызы Жазира

«BILIM AINASY»,

СҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.