Таубай Венера Мұханбетқызы
Мақтаарал ауданы
Жаңажол ауылдық округі
Ақжол ауылы
№25 «Жаңа жол» жалпы орта мектебі
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
бастауыш сынып мұғалімі
Балаға күштеп білім беруден гөрі, баланың білімге деген құштарлығын ояту- ең маңызды мақсат.
К. Д. Ушинский
Ертеңгі келер күннің бүгінгіден гөрі нұрлы болуына ықпал етіп, адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш тек білімге ғана тән.
ХХІ ғасыр — тың идеялар мен жасампаз жаңалықтар дәуірі. Қазіргі әлемде болып жатқан өзгерістер білім беру саласында да үлкен өзгерістерді қажет етуде. Бүгін жасалған әрбір әрекет- ертеңгі күннің жемісі. Сондықтан біз мұғалімдер үнемі ізденісте болуымыз керек.
«Мұғалім- мектептің жүрегі»,- деп ұлтымыздың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин айтып кеткендей жаңартылған білім жүйесіне ену үшін ең бірінші мұғалімнің әдістемелік біліктілігі өзгеріп жаңаруы керек. Сондықтан мұғалімдер білімімізді заман талабына сай жаңа инновациялық әдіс- тәсілдерді, жаңа идеяларды қоса алуымыз керек.
Қазіргідей жаһандану дәуірінде сабақ үдерісінде жаңа технологияларды қолдана отырып сабақ өткізу оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады. Жаңа технологиялар теориялық тұрғыда дәлелденіп, тәжірибеде жақсы нәтижелер беруде. Жаңа педагогикалық технологияларды күнделікті сабақ үрдісінде пайдалану үшін, әр мұғалім алдында отырған оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, педагогтік мақсатына, мүддесіне сай, өзінің шеберлігіне орай таңдап алады. Бұл жаңа технологиялар – оқушылардың шығармашылық қабілеттерін, терең ойлай білуін, теориялық негіздерін, эстетикалық көзқарастарын пайымдауын, баға беруін, танымдық белсенділігін дамытуға бағытталған.
Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту, ойлауын, сөздік қорын молайтуда сыни тұрғыдан ойлауға үйрету қажет. «Сабақ беру үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жетілдіруді қажет ететін, үнемі жаңаны табатын өнер»,- деп
Ж. Аймауытов айтқандай сабақ беруді өнер деп бағалау керек.
Сыни тұрғыдан ойлау «ойлау туралы ойлану» деп сипатталған. Сыни тұрғыдан ойлау сабақтарында оқушы өзін- өзі еркін ұстап, өзгеге жылуын күшейтеді. Оқушылардың дербес ізденісі жаңа білімді өз белсенділіктерімен алу іс- әрекеттерін ұйымдастыруға көмектеседі. Сондықтан да әр сабаққа оқушылардың әр мәселеге сыни көзқарасын қалыптастырып, оларды ашық, еркін сөйлеуге баулу әр ұстаздың міндеті деп ойлаймын. Диалогқа түсіп, талдауы өзінің танымын көрсетеді. Тағы да байқағаным, диалог кезінде басқа адамды тыңдай білуі, өз түсінігін әрі тереңдету мүмкіндігінің артуы. Әр сабақта әдіс- тәсілдерді қолдану кезінде оқушылар сабаққа қызығушылықпен және белсене қатысады, бір- біріне пікір айтып кеңес береді, идеяларымен алмасады, өз алдарына мақсат қояды. Оқушылар оқу үдерісінде қызығушылықпен белсене қатысқан кезде ғана жаңа материалды терең меңгеруіне жол ашылады.
Өз сабақтарымда көз жеткізгенім, әдістің түрлерін, модульдерді тиімді пайдаланып, оқушыларды үздіксіз еңбекке жұмылдыру керектігі. Барлық кезеңді оқытуда сыни тұрғыдан ойлау стратегияларын қолдану керектігі.
Жаңа сабақтарымды бастамас бұрын оқушыларға шаттық шеңберін құрғызып, бір- біріне тілектер айтып, мысалы: «Гүлмен тілек», «Менің көңіл күйім, «» әртүрлі тәсілдер арқылы топтарға біріктіріп отырамын.
Топтық жұмыс жүргізу барысында оқушылар аса қызығушылықпен біріге отырып, жұмыс жасағандығы байқалып отырады. Бір- бірімен әңгімелесе отырып,ортақ шешім қабылдап, бірін- бірі тыңдап отырып әрекет етеді. Әрі өткен сабақтарды бір- бірімен байланыстыра алады.
Жаңа сабақты бастауда сабақтың қызығушылығын ояту сатысында слаидтар арқылы көрсетіп, түсініктеме беріп, оқушылар талдаулар жасайды. Мұнда оқушы мен мұғалім арасындағы диалог әдісі қолданылып, оқушы өз алған білімін өтілген тақырыптармен байланыстыра отырып, ойын жеткізеді. Жаңа сабақты түсіндірген соң сергіту сәтін жүргізуде «Сөзсіз» ойыны, «Еріген балмұздақ», «Жарылған доп», «Үзіліске қоңырау болды», «Сөз ойла», «Кел, билейік» секілді тапсырмалар беріліп, оқушылар қимыл- қозғалыс арқылы көрсетеді. Ойынға барлық оқушы дерлік аса қызығушылықпен қатысып, ойын кезінде оқушыларда қысылып, қымтырылуды байқамадым. Керісінше ерекше қызығушылықпен орындады. Бұл ойындар оқушыларға өте ұнады. Оқушылар келесі тапсырмаларға құлшыныспен кірісе түседі.
Сабақты бекіту мақсатында «Сөз ойла, тез ойла», «Сұрақтар ілмегі», «Күн сөнбесін», «Еркін микрофон», «Кезбе тілші», «Ойлан, тап» әдіс тәсілдерін пайдалана отырып сабақты қорытып, кері байланыс жүргізіп отырдым. Сонымен қатар оқушылар топтар да бірін- бірі бағалап отырады.
Әр сабақта оқушылар жұптық және топтық жұмысқа белсене қатысып, бір- біріне кеңес беріп, идеяларымен алмасып, өз пікірлерін айтады. Диалог құрастырып, бір-бірінің жұмысына баға береді. Яғни оқушыларда білім мен дағды қалыптасты. Оқудың әртүрлі әдістерін түсіну арқылы өздеріне сұрақ қоя отырып білім алуға үйренді.
Оқушыларға түрлі деңгейдегі сұрақтар мен тапсырмаларды орындауға уақыт бөліп, оларды тыңдап, бірін- бірі оқытуға мүмкіндік бергенде ғана оқушы жауапкершілікті сезініп, өзіне болған сенімі артып, оқуға деген белсенділігі артатынына көз жетті.
Бағдарлама идеяларын жүзеге асыруда өз тәжірибемде де көптеген өзгерістер орын алды: сабақтың көп бөлігінде оқушыларды сөйлетіп, ойларын айтуға мүмкіндік жасадым. Уақытты тиімді пайдалануға үйрендім. Оқушыларды сыни тұрғыда ойланта отырып, өзім де сыни тұрғыдан ойланып, сабақты түрлендіріп, мұғалімнің көшбасшылығы маңызды рөл атқаратынын түсіндім.
Жаңашылдықты ендіру кезінде кедергілердің болмауы мүмкін емес. Кедергілер: жас ерекшеліктеріне байланысты топқа бөлінуде уақыттың көп кетуі мен оқушылардың бірін- бірі көтермелеп бағалауы болды. Алғашқы уақыттарды топқа бөлінуде, бағалауда оқушылар арасында келіспеушіліктер болып жатқанымен, кейінгі сабақтарда мұндай кедергілер кезегімен өз шешімін тауып жатты.
Дегенмен, оқытудың жаңа әдіс- тәсілдерін сабақта қолдану оқушыларда ерекше әсер қалдырады. Алдағы уақытта нұсқаулықтағы теориялық білімге сүйеніп, сабақтарымда жеті модульді ықпалдастыра отырып, оқушылардың өз бетінше ізденіп, топтық жұмыста бір- бірін қолдай отырып нәтижелі білім алуы үшін жұмыс жүргіземін.
Сондықтан «Қыран түлегіне – қайырылмас қанат сыйлайды, Ұстаз түлегіне алға бастырар талап сыйлайды» дегендей, ұстаздық жауапкершілікті үнемі есте ұстағанымыз абзал, сонда оқушы да жауапкершілікті мол тұлға болып қалыптасады.