Қызылорда облысы Сырдария ауданы
Бесарық ауылы №147 орта мектептің
8 б сынып оқушысы
Омарова Қымбат Мизамбекқызы
Жетекшісі: қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Серикбаева Алия Дилдабековна
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға,-
деп ұлы Абай атамыз айтқандай, шынында да ұстаздық ету әркімнің қолынан келе бермейтін мамандық.
Ұстаз! Осы бір қарымы мол сөздің өзінде қаншама теңіздің тереңдігіндей мән-мағына, таудың биіктігіндей қасиетті ұғым жатыр. Заманының дүбірлі аламанында тауқұдірет құсындай ұлы ұстаз алдынан өтпейтін пенде жоқ. Небір ғылым мен білімнің сайыпқыраны атанған данышпан адамдар, қарапайым еңбеккерлер, тіпті, болашаққа құлаш сермеп, арман қуған жеткіншектер де ұстазға қарыздар. Мен үшін ұстаз бәрінен де қымбат, өйткені ұстаз-мектептің жүрегі. Ия, расында да, ұстаз деген сөздің астарында мән-мағынаның бәрі бар, білім мен ғылым, махаббат пен сүйіспеншілік, мейірімділік пен мейірбандық, талапшылдық пен таланттылық…. Әрбір баланың жеке тұлға болып қалыптасуына, дүниедегі әрбір мамандық иесінің болашаққа қанаттануына себепкер болатын, жанашыр, ізденімпаз адам-ұлы ұстазым. «Ұстамы жақсының-ұстазы жақсы» дегендей ұстазымызды ең алғаш көріп білгеннен бастап, ол кісіге деген құрметіміз, зейініміз артады. Ол-біздің болашағымызға жол ашып беретін жанашыр адам.
Ұстаз-біздің екінші анамыз секілді. Олай дейтінім біздің ұстаздарымыз жылдың тоғыз айын бізбен бірге, біздің жанымызда өткізеді екен. Екінші анамыз деп айтуға әбден боларлық. Ұйқыдан тұрып мектепке келгенде бірінші көретініміз-біздің ұстаздарымыз. Әр оқушының қас-қабағына қарай отырып, өзінің мейірімімен адамды баурап алатын және тілін таба білетін біздің ұлы ұстаздарымызға кейде таңырқайтыным өтірік емес. Әрбір үйдің еркесінің мінезіне өзінің ұстамдылығымен, байсалдылығымен түсіністікпен қарау да-ұстаздың ұлылығы.Оның ұлылығы мінез-құлқында, адамдармен қарым-қатынасында, баланың балалығын қабылдай білетін жылы жымиысында, әрбір іс-әрекетінде жатыр.
Ұстаз әр адамның жанына білім дәнін сеуіп, әрбір шәкіртін аялап, өмірге қанатын қатайтып, баптап ұшырады. Яғни, бізді өмір сүруге тәрбиелейді. Сол үшін де өзінің бойындағы барлық асыл қасиеттерін бізге беру үшін аянбай тер төгеді және сол қасиеттерді шәкірт бойына сіңіреді.Осы қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықтың иесі болу үшін ұстаз көп қиындықтардан өтеді деп ойлаймын. Себебі, әрбір болатын сабағына жетік дайындалып, оқушыларға білім беріп қана қоймай оларға тәлім-тәрбие беру, өмірге икемдеу, адалдыққа баулу, адамгершілік қасиеттерді оқушы бойына дарыту оңай шаруа емес. Осы орайда оқушылармен сырласып, сабақтан тыс тәрбиелік шараларды өткізіп, өзінің білгенімен бөлісетін ұстаздарымыз өте көп. Қызығы мен қиындығы қатар осы игі жұмыста кейде біздің ұстаздарымыз уақытпен санасуды да ұмытып кетіп жатады. Ұстаздарымыздың мектепте таңның атысы, күннің батысына қарамай жұмыс жасап жүргендерін көреміз.Оның өзі шәкірті үшін өз уақытын аямай, өзгенің бақытын бағалау деп ойлаймын.
Адамзат баласының «адам» болып қалыптасуына, ата-анамызбен қатар жүріп өз еңбегін аямай жүретін де осы ұстаздар. Қарап отырсам, ұстаз барлық мамандық иесін тәрбиелеп, оқытып шығарады екен. Себебі, ұстаздың алдынан өтпейтін жан жоқ. Әр оқушының пәнді жақсы меңгеруі пән мұғаліміне байланысты екендігі баршамызға белгілі. Сондықтан ұстаз бен оқушы арасында тығыз байланыс орнаса, оның ара-жігі үзіле қоймайды. Керісінше әрі қарай беки беретін секілді.
Өмір бір орнында тұрмайды, алға жылжып отырады. Міне, осыған орай біздің ұстаздарымыз жаңашылдыққа ілесіп келеді. Қазіргі уақытта жаңартылған білім мазмұнына көшкелі бері маған ұстаздардың сабақтардағы тиімді әдіс-тәсілдері, қолданған материалдары өте қатты ұнайды. Сабақта оқушылардың қызығушылығын тудырып өткізу арқылы ұстаз өз мәртебесін көтере алады.
Әрбір шәкірттің өзі сүйетін, жақсы көретін, тәлім алып келе жатқан ұстаздарының жүзі жүрек түбінде мәңгіге сақталуы заңдылық. Себебі, ұстаз-өзінің бар өмірін, күшін бала тәрбиесіне арнаған асыл жан,болашаққа мақсат қоя білуді үйреткен және жүрекке сенім ұялатқан зор тұлға, шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі.
Алдағы келе жатқан ұстаздар мерекесіне орай ұстаздарға арнап мынадай жыр жолдарын арнағым келеді:
Ұстаздықтың ауыр жолын көтеріп,
Оңашада ойға баттың, ой өріп.
Алдыңыздан қанат қақты сан ұрпақ,
Еңбегіңіз жүрді кілең өтеліп.
Жүректерге білім нәрін мың құйып,
Жанарыңда тұратындай күн күліп.
Болашаққа бағыт-бағдар сілтейсің,
Адалдықты әр ісіңмен білдіріп.