Home » Жаңалықтар » Балалар Абайдың әндерін әуелетті

Балалар Абайдың әндерін әуелетті

Оралда балалар аула клубтары мүшелерінің қатысуымен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай әлемі» атты танымдық шара өтті.

Карантин талаптарына байланысты онлайн режимдегі шараны қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты «Гагарин» атындағы балалар кинотеатры және «Атамекен», «Балауса», «Гүлдәурен», «Шабыт» аула клубтары ұйымдастырды. «Атамекен» балалар аулу клубының меңгерушісі Мүнира Айталиева атап өткендей, қалалық кітапхананың «Абай» залында оздырылған кеш ұлы тұлғаны жас ұрпаққа кеңінен таныстыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау, Абайдың даналығын, рухани асыл мұраларын ұлықтау, шығармаларына шолу жасау мақсатын көздеді.

Шара барысында Абайдың 14-ші қара сөзінен бейнеролик қойылып, «Шабыт» балалар аула клубының тәрбиеленушісі Жансая Ұзаққали ақынның «Көзімнің қарасы» шығармасын қобыз аспабында орындап берді. Аула клубтарының тәрбиеленушілері Мұхаммед Рустамұлы, Эльвира Өтеген, Інжу Мәзім ұлы қаламгердің бір топ өлеңдер топтамасын мәнерлеп оқып берді.

Шара соңында Адель мен Диана Баймұхамбетовалар Абай Құнанбайұлының «Желсіз түнде жарық-ай!» әнін  шырқатты.

«Көрерменге берері мол танымдық шараға қатысушылар керемет әсермен, жақсы көңіл күйде тарқады» дейді ұйымдастырушылар.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«BILIM AINASY», БҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.