Home » Мақалалар » Қашықтықтан оқыту жағдайындағы оқушыларға үздіксіз тәрбие беру тәсілдері

Қашықтықтан оқыту жағдайындағы оқушыларға үздіксіз тәрбие беру тәсілдері

Азамат Құмарбекұлы
Ақмола облысы,  Целиноград ауданы,
Қаражар ауылының орта мектебі
директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Жалпы, орта мектептерде жыл сайын оқу жылының басында мектептегі тәрбие жұмысы бекітіліп, сол жоспар бойынша жұмыс жасайтынымыз белгілі. Бірақ биылғы жылы әлемді жайлаған короновирус індетіне байланысты қауіпсіздік сақтау мақсатында, 4 — тоқсанда оқушыларға қашықтықтан білім беруге мәжбүр болғанымыз бәрімізге аян. Және де болжаусыз болған бұл жағдайда бірден оқу-тәрбие ісін жалғастырып әкету оңай емес екені айтпаса да түсінікті жайт. Жоспарда бектілген пән бойынша сабақты қашықтықтан оқытуға болатын шығар. Ал тәрбие ісі бойынша мұндайда не істеу керек? Бұрын оқушы күнінің жартысына жуық уақытын мектеп қабырғасында өткізіп, шараларға қатысып, қызығатын үйірмелерде, секцияларда өткізді. Ал қашықтықтан оқыту жағдайында мектеп тарапынан үздіксіз тәрбие беріп, баланың үйде зерігіп, қандай да теріс ықпалға түсіп, зиянды әрекеттерге үйір болмауы үшін не істеу қажет? Әрине бұл жағдайда әсіресе тәжірибесі аз жас тәрбие орынбасарларына қиынға соғары хақ. Осы жайттарды ескере отырып, аз да болса Ақмола облысы, Целиноград ауданына қарасты Қаражар ауылының орта мектебіндегі  мектеп ұжымының атқарған шағын да болсын тәрбиелік шараларын көрсете отырып, тәжірибемізбен бөліссек деген едім.
Тәрбие тұжырымдамсында көрсетілге 8 бағыт екені білгілі. Мектеп әкімшілігі аудандық білім бөлімінің тәрбие ісі бойынша әдіскері А.А.Қабыкеновамен кеңесе отырып,  қашықтықтан оқыту жағдайында тәрбие тұжырымдамасының  8 бағыты қамтылған тәрбие  жоспарын құрдық. Мектеп директоры Б.Б.Туяковтың келісімімен, жеңілдетілген түрдегі бұл тәрбие жоспарын  қашықтықтан сынып жетекшілермен таныстырған соң, оқушылардың ғаламтор, телефон, ноутбук сияқты құрылғыларға қолжетімділіктерін ескере отырып, қашықтықтан тәрбиелік шараларымызды бастап кеттік.
Жүріп жатқан індетке байланысты назарға алған бірінші шарамыз-оқушылардың өмір қауіпсіздігін, денсаулығын сақтау және карантин ережелерін қатаң сақтауын қадағалау мақсатында ата-аналар мен оқушыларға ақпарат беру болды. Осы мақсатта ғаламтор желісі арқылы  вирустан қалай сақталу керек екендігі жайлы жадынама, роликтер таратылды. Одан ары салауатты өмір салтын ұстану бағытында «Үйде бол» челленджін ұйымдастыруды бастадық. Бұл челленджге ата-аналарымыз біз ойлағаннан да өте белсенді түрде қатысты. Оқушылар өздерінің карантин кезінде эпидемиологиялық талаптарды қалай сақтау керек екенін, сонымен қатар, әр оқушы өз денінің сау болуы үшін дене жаттығулар жасау қажеттігі жайлы шағын бейнероликтер жасап, көпшілік назарына ұсынды. Көркем эстетикалық және еңбек тәрбиесі бағытында  «Менің қолымнан бәрі келеді» атты челлендж өткізілді. Бұл шарада оқушыларымыз сабақтан тыс уақытта өздерінің немен айналысуды ұнататыны жайлы шағын видеоролик шығарды. Кейбір сыныптарды бір  видеороликке  бірнеше оқушы өздерінің сүйікті істерін атап көрсетті. Мысалға  еңбек тәрбиесі бағытында бір ұл бала өзінің әкесімен бірге киіз үй жасасып жатқанын, сүйікті ісі — ағаштан әр түрлі заттар ойып жасау екенін көрсетеді. Бір оқушыларымыз  эстетикалық тәрбие бағытында жеке видеоға өзінің сүйікті ісі сурет салу екенін айтып, шағын сурет көрмесімен таныстырады. Бұл видеолар, суреттер сыныптың ватсап арқылы чатында, мектебіміздің ортақ инстаграм парақшасына аудандық тәрбие бөлімінің инстапарқшасына шама-шарқымызша  жүктеп, көпшіліктің тамашалауына мүмкіндік беріп отырдық.
Отбасылық тәрбие бағытында «Біз үйдеміз» челленджі. Бұл бейнероликте ата-анасы, ата-әжесі балаларымен  карантин талаптарын сақтап үйде отырғаны жайлы ғана емес, отбасылық тәрбие бағытында қаншалықты жылулық пен мейірімде өмір сүріп жатқаны жайлы көріністер бейнеленді. Мысалға, әжесінің немересін алдына алып кітап оқытып, ол кітаптан қандай ұлағатты әңгімелер оқығанын немесе ол кітаптағы адамгершілік жайлы әңгімелерді баяндап беріп отырған  бейнероликтегі  көрініс көпшілікке үлгі бола білді деген ойдамыз. Ұлттық тәрбие бағытында   отбасылық наурыз мерекесін атап өтілу жайлы көріністер,  ұлттық киіммен отбасылық дастархан басында жақсы тілекпен қарсы алып отырған   көріністері өте сәтті шықты.
Көпмәдениеттілік тәрбие бағытында «Бір шаңырақ астында» челенджі. Бұл  шара «Қазақтан халқының бірлік күні» мерекесі қарсаңында басталды. Аталмыш тәрбиелік бағыт бойынша бастауыш сыныптар суреттер салып ұсынса, жоғарғы сыныптар елімізде айрандай ұйып отырған түрлі  ұлттар мен ұлыстардың ұлттық тағамдарымен таныстырып жатты. Ал бірі сол ұлттардың тілінде құттықтаулар бейнеролик арқылы жолдап жатты. Рухани-адамгершік бағытындағы 175 жылдық мерейтой аясында  Ұлы Абай атамыздың өлеңдерін және қара сөздерін  видео арқылы оқушылар арасында оқу жалғасып жатса, Әл-Фараби бабамызды мерейтойына байланысты челлендж өткізу ісі де сырт қалмады. Жеңіс күніне орай, «Ардагерлерге мың тағзым» акциясына қашықтықтан қатысудан оқушылар белсенділігі тіптен арта түсті десек болады. Оқушыларымыздың бірі өзіміз мекен етіп отырған Қаражар ауылының  соғыс ардагерлері жайлы  мәлімет бере келе, соңғы жағында қазіргі өскелең ұрпақ атынан майдангерлер рухына тағзым етумен аяқтады. Сондай-ақ, ата-аналардың өздері ұйымдастыруымен «Ұстаздарға мың алғыс», «Медицина қызметкерлерінен мың алғыс» сынды шағын бейнероликтер дайындалып, әлеуметтік желілерге көпшілік назарына ұсынып жатты.
Зияткерлік тәрбие бағытында оқушылар өз құралпыластарымен карантин кезінде өздерінің қандай да бір затты ойлап шығару жайы  идеяларымен ортақтасса, бір сыныптарда сынып жетекшілер «Ойлан,тап!» сынды ойынды ватсап арқылы ұйымдастырып жатты. Ақпараттық мәдениет тәрбиесі бойынша оқушылар ватсап немесе әлеуметтік желі  арқылы қоғамға пайдалы түрлі жаңалықтармен бөлісті. Ал оқу жылы аяқталған тұста келетін  «Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу» күніне орай мектеп ұстазы  Ақмол ауылында орналасқан  АЛЖИР мемориалдық – мұражай кешені жайлы  видео түсіріп, оқушылар назарына ұсынып, өскелең ұрпақтың тарихты зарделеуге көп септігі тиді деген ойдамыз. Және де сынып жетекшілер оқушылардың танымын кеңейту мақсатында электронды кітап нұсқаларын, «Әлемнің жеті кереметі» сынды бейнероликтерді бос уақыттарында тамашалау үшін ватсап желісі, электронды пошта  арқылы жіберіп отырды.
Жалпы жоғарыда атап өткен барлық шараларды сынып жеткшілердің ұйымдастыруымен, ата-аналардың қатысуымен өткіздік. Және де, ұстаздарды қуантқан жайт — барлық оқушылардың ата-аналарымен бірлесе белсене қатысуы болды. Себебі, карантин жағдайында отырған оқушыға өз тетелестерінің тәрбиелік маңызы бар  түрлі бейнероликтері шабыт бітіргені сөзсіз. Сондай-ақ, аудандық білім бөлімі қашықтықтан ұйымдастырған жеке тұлғаның тәрбиелік дағдыларының қалыптасып, ой өрісін дамуына үлес қосатын түрлі шараларға да  шәкірттеріміз өте белсенді қатысумен болды.
Жалпы қорытындылар болсақ, қатарластарымен мектеп қабырғасында білім алып дағдыланған  әр оқушының карантин кезінде психологиялық күйзеліске түспеуіне  қашықтықтан ұйымдастырған  бұл тәрбиелік шаралардың маңызы зор болды деген ойдамыз. Және де, алдағы уақытта қандай да бір  белгіленген мерзім аралығында  қашықтықтан білім берген  жағдайда  тұжырымдамада көрсетілген 8 бағытты қамти отырып, түрлі шаралармен тәрбие жұмысын үздіксіз жүргізуге болады деген ойдамын.

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.