Home » Мақалалар » Ерікті болу – ерлік!

Ерікті болу – ерлік!

Сабырова Арайлым Нұржауқызы
«Каспий» педагогика және салалық
технологиялар колледжінің
 «Жастар ұйымының» жетекшісі

 

Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев

2020  жылды —  Еріктілер жылы деп жариялады.

Еріктілік дегеніміз – адамның өз еркімен ақысыз көмек көрсетуі. Көп елдерде еріктілік жұмыс қатарына қосылады, өйткені волонтер өзінің уақытын бөліп, білімін іске асыра отырып тегін жұмыс жасайды. Еріктілікпен ұйымдар арқылы, ынталы топтар немесе жеке де айналысуға болады. Волонтерлік қызметтің аясы өте кең: әлеуметтік, спорттық, шаралық, экологиялық, медициналық және тағы басқа түрлері бар.  Жастар еріктіліктің тұлғалық қалыптасудағы рөлін түсіне бастаған сайын, Қазақстанда да еріктіліктің қатары қарқынды дамып жатыр. Еліміздің әр қаласында қарттар, жетімдер, әлеуметтік осал топ отбасыларына, апат құрбандарына және өзге де жәрдемді қажет ететін қоғам мүшелеріне көмек көрсететін жастар ұйымдарының саны жыл сайын артып келеді.

Әлеуметтік еріктілік – Қазақстан жастары арасындағы волонтерліктің өзекті бағытының бірі. Осы бағыт аясында «Каспий» педагогика  және салалық технологиялар колледжі «Мейірім» еріктілер тобын құрып, көптеген шараларды жүзеге асырып, әлеуметтік көмек көрсетті. Атап айтсақ, студенттер арасында «Жақсылық — жарым ырыс!» атты қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырып, жалғыз басты аналарға, сонымен қатар дертке шалдыққан кішкентай балаларға көмек қолын созып, еміне қаржылай және қаламыздағы аялдамалдарды халық үшін ыңғайлы болуына септігімізді тигізу мақсатында тазалық жұмыстарын жүргіздік.

«Жақсылық жасап жарысайық» — деген ұранмен тағы да мүмкіндігі шектеулі балаларға барып сыйлықтар таратып, көңілдерін көтердік. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен, жалғыз қалған қарттарға қол көмек көрсетілді.  Колледжіміздегі еріктілер тобының мүшелері қала бойынша «Үздік волонтерлар» тобына мүше болып көптеген қайырымды істерге атсалысты.

Бұл бағытта адамның жасы, жынысы, білімі немесе қаржылық жағдайы маңызды емес. Ең бастысы – ниет пен қолдан келетін іспен көмектесу.

Жастардың арсында кең таралған бағыттың бірі – спорттық еріктілік. Колледжімізде әртүрлі марафондар, чемпионаттар жиі өткізіліп, бұл бағыттың дамуына септігін тигізді. Спорттық шараларға ерікті болу үшін ашық, сыпайы болу қажет,  сонымен қатар, спорт түрлерінің ерекшеліктерін де білгені дұрыс. Колледжіміздің студенттері осы бағыт бойынша түрлі спорттық сайыстардың қалалық, облыстық, республикалық жарыстарынан жүлделі орындарға ие болды.

Еріктілік – жастардың өз белсенділігін көрсетіп қана қоймай, адамдарға көмек беріп, тәжірибе жинауға, өмірлік маңызды дағдыларды дамытып, әлемді жаңа қырынан көруге мүмкіндік беретін бірден-бір сала. Сондықтан, уақытты еріктілікке жұмсау – тұлғалық дамуға құйылған инвестициялар болып табылады.

Қоғамда еріктілердің орны ерекше. Өйткені еріктілер жасаған жақсылықтары үшін өтемақы немесе материалдық қажеттілік талап етпейді. Олар көмектесуді парыз деп санайды.

«Еріктілер деген кім, немен айналысады, олар не үшін жақсылықтарға барады?» деген сұрақтарға еріктілердің өздері де жауап бере алмауы мүмкін. Себебі, олар өздерінің жан қалауларымен жасап отырғаннан кейін бірден «ерікті деген мынау» деп жауап қайтара алмайды. Бір сөзбен айтқан кезде «еріктілер» адамгершіліктің ақ туын көтерген қоғамдағы белсенді топ. Еріктілер жалғыз өзі және топ болып жұмыс істейді.

Ерікті болу, басында айтып өткеніміздей, сізге ешқандай материалдық қажеттілік бермейді. Бірақ сіз оның орнына алғыс аласыз, жақсылыққа кенелесіз. Бұл сіздің адамгершілгіңіздің белгісі. Дегенмен ерікті болу арқылы сіз үлкен тәжірибе жинақтайсыз. Әсіресе, еріктілердің аудармашы ретінде қатысулары үлкен пайда. Ол еріктінің тілді еркін меңгеріп кетуіне, жұмысты үйренуіне септігін тигізеді. Ортамен тез тіл табысуды меңгеріп, адамгершілігі мол таныстар, достар табасыз. Кей еріктілердің жұмысына қарай, олардың белсендігі үшін белгілі бір көлемде ақша төленбесе де оларға сыйлық ретінде киімдер, кітаптар, түрлі заттар берілуі мүмкін.

Еріктілік – бұл мемлекет пен жалпы қоғам дамуының көрсеткіші. Елдің жетістіктері күнделікті пайдалы және маңызды істерді орындайтын патриот азаматтардың белсенді әрекеттеріне тікелей байланысты. Бізде ондай студенттер өте көп.

Әлемдегі дерек бойынша еріктілер дүние жүзінде кең таралып, әлемдік қозғалысқа, белсенді топқа айналды. Мәліметтерге сенсек, әлем бойынша                           1 млрд жуық адам ерікті болып табылады. Ал, Қазақстанда 16 мыңның төңірегінде екен. Жаһандық дамуға тигізер үлесі орасан. Мысалға, әлемдік ішкі өнімнің 2,5 пайызы – Еріктілер еңбегінің нәтижесі екен. Бірқатар елдерде ерікті болу қалыптасқан жағдай, олар үлкен құрметке ие. Себебі, жұрт оларды ерекше сыйлайды, құрметтейді. Келтірілген ақпаратқа қарағанда, Франция халқының жартысына жуығы волонтер атанған. Сонымен қатар, Германия мен Жапонияда еріктілердің саны жылдан жылға көбейіп келеді екен.

Ерікті болу – ерлікпен тең. Сөз соңында айтарымыз, еріктілердің ерен еңбегі ақталып, азаматтық қоғам дамуында белсенділік жаңа деңгейге көтерілетініне сенім мол. Әрбір Қазақстандықтың бойында белсенді өмір сүруге дағды қалыптасса алынбайтын асу жоқ.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.