Умирзакова Сан Амангелдиевна
«Каспий» педагогика және салалық
технологиялар колледжінің психологі
Ата-аналар отбасылық тәрбие міндеттерін орындаудағы өздерінің жауапкершіліктерін сезінуі керек. Олардың ең бастысы:
— жасөспірімнің толыққанды қалыптасуына, оның дамуына, оның зияткерлік, рухани-адамгершілік және жалпы мәдениеттік дамуына қамқорлық жасауы;
— оның талабын, мүддесін және икемділігін дамытуын қадағалауы;
— оқу процесі кезінде көмек көрсетуі;
— қоғамда өмір сүріп, өз бетінше еңбектенуіне;
— жасөспірімдерді еңбекке баулуына;
— мамандық таңдауына;
— айналасындағы адамдармен адамгершіліктік, эмоционалдық, толеранттық қарым-қатынасын орнықтыруына;
— жасөспірімдерге жыныстық тәрбие туралы түсінік беруге, оларды болашақ отбасылық өмірге дайындауға;
— жауапкершілікті қалыптастыру, оларды ауызбіршілік асыл қасиеттерге, Отансүйгіштікке баулу;
Барлық отбасылық ішкі қарым-қатынас кешені жасөспірімнің тұлға болып қалыптасуына, оның денелік, рухани, әлеуметтік, психикалық және зияткерлік қасиеттерінің толыққанды дамуы үшін жақсы жағдай құруға ықпал етеді. Бұл жағдайда әрбір ата-ана отбасылық тәрбиенің басты тәрбиелеуші факторлары ретінде ата-аналардың өздерінің тұлғалары, олардың өмір сүру ықпалы, еңбекке көзқарасы, олардың өмірлік басымдықтары мен құндылықтарының жүйесі, жауапкершілік, бірізділік, мақсатқа жетудегі тұрақтылық, бір-біріне, басқа ұлтқа, дінге деген сыйластығы саналатынын есте сақтау керек.
Отбасы мен білім мекемелері мамандарының бірлесіп әрекеттесу негізінде өзара мүдделік, бір-біріне сенімділік, қолдау мен көмек көрсету, шыдамдылық пен бір-біріне төзе білу принципі болу керек. Ата-аналармен конструктивті өзара әрекетте болуға педагогтардың ата-аналармен қарым-қатынасындағы ережелерді сақтауы ықпалын тигізеді. Ата-анамен педагог-психологтың әңгімелесу мақсаты ортақ болады. Бастысы – ата-аналармен тек қана қажет нәрсе туралы, керек уақытында сөйлесулері қажет.
— ата-аналармен бірлесіп жұмыс істеу;
— бала мен ата-анаға мейірімді қарым-қатынаста болу;
— баланың проблемасын шешудегі педагогтың мүдделі болуы;
— ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың жүйелілік сипаты;
Ата-аналар мектеп мұғалімдерімен кездесіп отыру пайдалы ғана емес, өте қажет. Ол кездесулер мектеп пен жанұя арасында тығыз байланысты орнатуға, оқушылардың оқуы мен тәртібінде кемшіліктерді болдырмауы үшін дер кезінде шара қолдануға мүмкіндік береді.
Педагог-психологтың ата-аналармен жауапкершілігін арттырудағы жұмыстың табысты не табыссыз болуы оның таңдаған ұстанымына, қарым-қатынас стиліне, педагогикалық шеберлігі мен кәсіби біліктілігіне байланысты болады. Қазіргі кезде жеткіншектердің тәрбие ісін әрі қарай жетілдіру отбасы мен мектептің бірлескен жұмысын дамыта және нығайта түсу арқылы жүзеге асады.
Осы орайда колледжімізде ата-аналармен тығыз байланыс орнатылған, ата-аналармен жиі кездесу жиналыстары өткізіледі. Жиналыс кезінде ата-аналардан баласымен қарым-қатынасы жайында сауалнамалар алынып, олардың әртүрлі проблемалары талқыланады. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын-алу, олардың әртүрлі құқық бұзушылықтарға жол бермеулері, болашақта саналы ұрпақ болып қалыптасуына бағыт-бағдар беруіміз де, үнемі осындай күрделі мәселелерді олардың ата-аналарымен бірігіп шешіп, қадағалап отыруымыз да осы тәрбиенің басты қайнар көзі деп білемін.
Қорыта келгенде, ата-аналармен мұғалімдер арасындағы тығыз байланыс – болашағы жарқын да парасатты, адамгершілігі мол, Отансүйгіш жас ұрпақты қалыптастырады.