Шакенова Гульжан Абдимукаровна
«Каспий» педагогика және
салалық технологиялар колледжінің
арнайы пән оқытушысы
Халықаралық білім беру кеңістігінде болып жатқан үдерістер педагогикалық процестің түбегейлі өзгеруіне ықпал етті. Бұл өзгерістер білім беру мазмұнын, оқытудың әдістері мен оқушылардың оқу жетістігін бағалаудың жаңа жүйесін құрды.
Қазақстан Республикасында қазіргі даму кезеңінде мектепке дейінгі білім беру жүйесіне жаңа тәсілдерді және оқу үдерісін ұйымдастырудың жаңа тиімді нысандарын іздестіруді талап ететін терең әлеуметтік-экономикалық өзгерістер орын алуда.
Осы орайда, Н.Ә.Назарбаев: «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі» — деп атап өткен болатын[1].
Білім мазмұнының жаңаруы, жаңа инновациялық технологиялардың дамуы, ғылым мен білімнің интеграциялық сабақтасуы, педагогикалық теорияның қарқынды дамуы, білім үрдісінің әлем кеңістігіне бағытталуы жоғарыда айтылған өзгерістердің негізі болмақ.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық»- деген болатын[2].
Еліміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған білім беру бағдарламасы заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыртын тың бағдарлама болды. Оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Білім беру парадигмасының ауысуы, оның тұжырымдамалық негіздерін қайта бағалау, білім беру мақсаттарын, міндеттерін, мазмұнын қайта пайымдау жалпы білім беру жүйесінде және оның мектепке дейінгі буынында көптеген өзгерістер болуда.
Мектепке дейінгі білім беру — бұл жалпы мәдени, ұлттық құндылықтар негізінде балалардың үйлесімді дамуы, баланы жалпы орта білім берудің бастауыш сатысына дайындау, қоғамдық өмірге белсенді қатысу үшін қажетті жағдайлар жасау, олардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында құрылатын білім беру ұйымы[3].
Балабақша — балаларды қоғамда өмір сүруге үйрететін алғашқы әлеуметтік институт болып табылады. Дәл осы жерде баланың қоршаған адамдармен дербес байланысы жүзеге асады, ол қарым-қатынас жасауды және өзара әрекеттесуді үйренеді.
Қазіргі уақытта ғылыми зерттеулер саласында, білім беру жүйесінде болып жатқан өзгерістер мектепке дейінгі ұйымдардың алдында бала тұлғасын жан-жақты дамыту, баланы жоғары сапалы деңгейде тәрбиелеу міндеттерін қояды. Бұл міндеттерді шешу жаңартылған білім мазмұны арқылы жүзеге аспақ.
Білім мазмұнын жаңарту – білім беру бағдарламасының құрылымы мен мазмұнын, оқыту мен тәрбиелеудің әдістері мен тәсілдерін қайта қарастыру болып табылады. Сондықтан да мектепке дейінгі білім беру үрдісінің мазмұны жаңа әдістер мен педагогикалық технологияларды қолданумен ерекшеленеді.
Балабақшада педагогикалық процесті ұйымдастыруда ұлттық құндылықтар және баланың тұлғалық құзыреттілігін дамыту мәселесі негізге алынады. «Денсаулық», «Коммуникация», «Таным», «Шығармашылық», «Әлеумет» атты білім беру бағыттарында инновациялық технологиялар мен ұлттық тәрбие үлгілері кіріктіріліп, заманауи талаптарға сай пайдаланылады[4]. Заманауи тенологиялар мен әдістерді пайдалану балалардың қызығушылығын оятады. Мысалы, «Шығармашылық» білім беру бағыты бойынша балалардың шығармашылық әрекетін ұйымдастыру барысында белсенді әдістерді қолдануға болады. Атап айтсақ, миға шaбуыл, диaлoг, тoптық шығармашылық жұмыс, пaзл, cинквeйн т.б.
Мектепке дейінгі білім берудің педагогикалық үрдісінде жиі қолданылатын әдістердің бірі -ойын.
Ойын — мектепке дейінгі жастағы бала қызметінің жетекші түрі, тиімді әдісі және балалардың сөйлеу белсенділігін ынталандыратын оқыту мен тәрбиелеудің бір түрі.
Тілді дамыту отбасында, бала-бақшада және мектепте әртүрлі пәндердің интерграциялық байланысы негізінде жүзеге асады. Сөйлеу тілі мен сөздік қоры молая бастаған сайын бала айналадағы адамдармен, құрдастарымен белсенді түрде сөздік қатынас жасайды.
Баланың тілін дамытуда ойынның маңызы ерекше. Баланың қоршаған ортаны тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері ойын үстінде қалыптасады.
Ойын — мектепке дейінгі жастағы бала қызметінің жетекші түрі, тиімді әдісі және балалардың сөйлеу белсенділігін ынталандыратын оқыту мен тәрбиелеудің бір түрі болып табылады.
Ойын балалар үшін айналаны танып-білу тәсілі. Ойын кезінде бала өзін еркін ұстайды. Дидактикалық ойындар арқылы балалар қоршаған ортадағы заттармен танысып, қасиеті мен сапасын ажыратуға, әртүрлі құбылыстардың ерекшеліктерін білуге талпыныс жасайды, өзіне қажетті көптеген мәліметтер жинайды және олардың сөздік қорлары кеңейеді. Л.С.Выготскийдің айтуы бойынша, «Ойын – адамның өмір танымының алғашқы қадамы» [5].
Балабақшада лего-конструктор мектепке дейінгі мекемелер жұмысында жаңа бағыт болып табылады. Бұл тек қана құрастыру ғана емес, сонымен қатар мектепке дейінгі жастағы балалардың техникалық дағдыларын, ұжымда жұмыс істей алу іскерлігін дамыту құралы.
Құрастыру кезінде ұсақ моторикасымен бірге, баланың ойлау қабілеті дамыйды. Лего арқылы оқыту ойын түрінде жүзеге асады.
Құрастырмалар жеңіл болғандықтан оларды кез келген кеңістікте пайдалануға болады. Мәселен, үстел үстінде, кілемшенің үстінде т.б. Бала еркін сезіне отырып, құрастырмаларын жалғыз немесе топпен де, жұппен де ойнай алады. Конструкторлар баланың үйлесімді және жан-жақты дамуына көмектеседі. Конструктілеу мен робототехника жаңа заманауи бағыт.
Бұл әрекеттің түрі баланың шығармашылық қабілеттерін дамытады. Конструктордың көмегімен балалар кез келген қиялдарды іске асыра алады, өзінің қайталанбас әлемін құрады, күрделі физикалық және геометриялық заңдарды меңгереді, моториканы, қимылдарды үйлестіруді, көз өлшегіштерді дамыта алады.
Заманауи әдістердің бірі — aрт-терапия әдісі болып табылады. Арт-терапия жаттығулары балаға өзінінің шығармашылық қабілетін ашуға мүмкіндік береді. Арт — терапия бейнелеу, мүсіндеу, музыка өнерінің элементтерін қолдану арқылы ұйымдастырылады.
Көркемдік талғам қалыптастырудың өзекті құралы ретінде баланы өз халқының эстетикалық мұраларын игеруіне, халық өнерінің айшықты туындыларынан ләззат алуға, рухани дамуына және халық талантын қастерлеуге, сүйе білуге баулыйды.
Баланың қоршаған ортадағы шынайылықты суреттеуі, мүсіндеуі, құрастыруы бейнелеу өнері арқылы жүзеге асады.
Баланың шығармашылық қабілетін дамыту құралы ретінде сурет салуды қарастырып көрейік.
Суреттердің тақырыбы әр түрлі болуы мүмкін. Балалар өздері қызыққан суреттерді салады. Қоршаған ортаны, жекелеген заттарды, әдеби кейіпкерлерді және т.б.
Педагогикалық процесте балаларды сурет салуға үйретудің әртүрлі әдістері қалыптасқан. Олар былай топтастырылады: Құммен сурет салу, бастарма, бір бастырма, нүкте арқылы сурет салу, әртүрлі заттарды пайдалану арқылы далаппен сурет салу, сия тамшысымен сурет салу, жіппен сурет салу т.б.
Мысалы: сәбилер тобында балалар алақанмен, бастырмамен, саусақпен сурет салуды үйренсе, ересек топтарда қағазды екіге бүктеу арқылы, түтікшемен үрлеу, шашырату әдісімен, далаппен салуды және жіпті, жапырақтарды қолданып сурет салуды үйренеді.
Қызықты әдістердің бірі құммен сурет салу. Құммен сурет салу бүгінгі білім беру жүйесінің инновациялық әдістерінің бірі болып табылады. Құмды алақанымен ұстаған кезде бала белгілі бір шексіздікті сезінеді. Р.В. Паранюшкиннің айтуы бойынша, құм адам бойындағы жағымсыз энергияны тазартады, адамға позитивті психологиялық ахуал сыйлайды.
Арт — терапия баланың бойында төмендегі құзыреттіліктерді қалыптастырады:
- Шығармашылық
- Танымдық
- Интеллектуалдық
- Коммуникативтілік
Сын тұрғысынан ойлау технологиясы қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой толғаныс кезеңдерiнен түзiледi. Осы технологияны тәрбиешілер әр сабақтың ерекшелiгiне қарай қолдануына болады. Бес жолды өлең, Венн диаграммасы, Еркiн жазу, Миға шабуыл т.б.
Монтессори әдістемесі бала-бақшаның педагогикалық процесінің маңызды бөлігіне айналды.
Қорыта айтқанда мектепке дейінгі кезеңде білім берудің мазмұнын жаңарту – бұл ең алдымен «құзыретті тұлға» ұғымының басты мағынасын ашу, білім беру үдерістерін дұрыс талдау, білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жаңа инновациялық технологияларды қолдана білу.
Пайдаланған әдебиеттер
- Назарбаев Н.Ә. Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасы. — Нұр-Сұлтан, 2016 //www.akorda.kz/
- Назарбаев Н.Ә. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы. -Нұр-Сұлтан, 2018 //www.akorda.kz/
- Мектеп жасына дейіңгі балалардың біліктері мен дағдыларының дамуына моноторинг жүргізудің Әдістемелік ұсынымдары. -Нұр-Сұлтан, 2018.
- Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңартылған мазмұнын іске асырудың негізгі бағыттары. http://oqu-zaman.kz/
- Выготский Л.С. Психология развития ребенка -М: Издательство. 2010, С.328