Мурзагалиева Тлекши Гиндашевна
«Каспий» педагогика және салалық
технологиялар колледжінің әдіскері
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Білім мен кәсіби іскерлік дағдылар – қазіргі заманғы білім беру мен кадрларды даярлаудың басты бағыты» деген болатын. Сондықтан, техникалық және кәсіптік білім беру саласы қызметкерлерінің алдына қойылып отырған ең өзекті міндеттерінің бірі — еңбек нарығында сұранысқа ие бола алатын бәсекелестікке қабілетті кәсіби мамандар дайындау.
Қазақстан Республикасының әлемге танылуына үлес қосатын білімді, білікті, саналы азаматтарды жеке тұлға ретінде тәрбиелеу әрбір педагог — инженердің алға қойған мақсаты.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмаларына сәйкес, біздің елде қазіргі кезде Германия, Канада, Сингапур сияқты елдердің алдыңғы қатарлы озық тәжірибелерін оқу үдерісіне жүйелі түрде енгізу мәселесі қолға алынған. Соның бірі – дуалды оқыту.
Дуалды оқыту жүйесі дегеніміз – теорияны өндіріспен ұштастыра оқыту технологиясы. Қазір оқытудың дуалдық жүйесі еліміздегі оқу орындарында мамандарды даярлауға толықтай енгізілді десе де болады.
Қазақстанның инновациялық болашағы — еңбек ресурстарының сапасына тікелей байланысты болғандықтан, түбегейлі жаңа әдіс және технология қажеттілігі туралы мәселе – бүгінгі күн талабы. Дуалды оқыту жүйесінің негізгі мақсаты: техникалық-кәсіптік оқу орындарының жұмыс беруші мекемелермен серіктестік ретінде бірлесе отырып, нарық заманында бәсекелестікке төтеп бере алатын, жаңа инновациялық-технологиялық бағдарламаларды меңгеруге дайын мамандар даярлау.
Бүгінгі таңда еңбек нарығында жаңа инновациялық-технологиялық білімді және дағдыны меңгерген жоғары білікті мамандар тапшылығы ерекше орын алуда. Бұған себеп жас маманның бойынан табылуға тиісті білім мен тәжірибені талап ететін, нақты өндірістік жағдайларда теориялық білім берумен және тәжірибелік дағдыны игертудің алшақтап кетуі болып табылады.
Бүгінгі таңда дуалдық жүйемен оқытудың басты тиімділігі — теория мен тәжірибенің арасындағы осы алшақтықты жоятынына көзіміз анық жетті.
Дуалды оқыту жүйесінің кәсіби мамандар даярлауда тиімділігі мен нәтижелілігі зор екендігі тәжірибеде дәлелденді.
Оның жарқын мысалдарының бірі ретінде — германиядағы кәсіптік-техникалық білім берудегі дуалдық жүйенің элементтерін басшылыққа ала отырып, 2012-2013 оқу жылынан бері колледжде дуалдық жүйемен оқыту басталған болатын.
Колледжде осы бағытта нақты өндіріс жағдайларына бейімделген, жұмыс орнында дағды мен білімді тікелей игеруге бағытталған, практикалық сағаттардың оқыту бағдарламасына барынша үйлесіммен біріктірілетін білікті мамандарды дайындау жолға қойылды.
Жыл сайын біртіндеп барлық мамандықты және барлық курстар бойынша дуалдық оқыту жүйесіне көшіру көделіп отыр.
Колледжде негізінен педагогикалық бағыттағы мамандықтар даярланады. Сондықтан 0101000 – «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының 0101013 — «Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі» біліктілігі, 0103000 – «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығының, 0103023 – «Дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі» біліктілігі және 0105000 – «Бастауыш білім беру» мамандығының 0105013 – «Бастауыш білім беру мұғалімі», 0105033 – «Шетел тілінен бастауыш білім беру мұғалімі» біліктіліктері бойынша дуалдық жүйемен – 10 топ оқытылады.
Оқу жылы басында әр мамандықтың оқу жоспарына сәйкес, оқу процесінің графигі жасақталады. Ол бойынша 2 күні колледжде теориялық оқу өтеді, 3 күні қаламыздың және қала маңы елді мекендерінің балабақшалары мен мектептеріне педагогикалық практикаға жіберіледі.
Жаңаөзен қалалық білім бөлімімен әр студент үшін үш жақты келісім-шарт жасалды. Бұл келісім-шарт бойынша студент Жаңаөзен қалалық білім бөліміне қарасты кез келген мектептер мен балабақшалардан педагогикалық практикадан өте алады.
Сонымен қатар, қаламыздағы халық ең көп орналасқан шағын аудандардағы 10 мектеппен және 12 балабақшамен екі жақты келісім-шарттарда жасалды. Мектеп және балабақша басшыларына дуалды оқыту жүйесі туралы түсінік бере отырып, тәжірибелі мамандардан тәлімгерлер тағайындалды.
Колледжден тағайындалған практика жетекшілері арнайы пәндерден сабақ бере жүріп, өндірістік практика өтетін күндері студенттер өткізген сабақтарға және тәрбиелік шараларына қатысып отырады.
Мысалы: Б.М.Озғанбаева, Б.Шамкелова, А.Хайруллаева, М.Ильясов, М.Есенова, З.Джумағанбетова тапсырмаларын уақытында беріп, студенттерді мектептерге және балабақшаларға орналастырып, студенттердің практикаға қатысын бақылап және өткізген сабақтарға әдіскерлерімен, тәлімгерлерімен бірге қатысады.
Олардың өткізген сабақтары мен тәрбиелік шараларын мектептегі тәлімгерлермен бірлікте талдап, жетістіктері мен кемшіліктерін талқылайды. Мектептің немесе балабақшаның жаңартылған білім беру мазмұны материалдарымен, оқу жоспарларымен, оқулықтарымен, әрбір пәннің оқу бағдарламаларымен тереңірек танысып, арнайы пәндердің әдістемесінде неге көбірек көңіл бөлу керектігі есепке алынады.
Кейбір мектептер мен балабақшалардан жекелеген студенттерімізді болашақта жұмысқа алуға ұсыныстарда жасалды.
Сонымен қатар, дуалдық жүйемен оқитын топтардың студенттері облыстық семинарлар кезінде мектептерде ашық сабақтар өткізіп жүр. Студентті дайындауға, оған сабақтың қысқа мерзімді жоспарларын жасауға, критериалды бағалауды меңгертуге колледждің оқытушысымен бірге мектептегі тәлімгерлерде ат салысып отыр.
Мысалы: 2016-2017 оқу жылы «Дуалдық оқыту – сапалы білім негізі» атты облыстық семинар-практикумында №18 орта мектеп базасында өндірістік практикада жүрген дуалдық жүйемен оқитын 2БББ-15Б тобы студенті Ә.Орынова «Нұр себеле Ұлыстың Ұлы күні» атты тәрбие сағатын, Н.Меңдібаева «Ит пен мысық адамға қалай дос болды?» атты ертегіні қуыршақ театрында сахналап көрсетті (колледжден практика жетекшісі М.Б.Озғанбаева, мектептен тәлімгері Алия Тукебаевна Мардаева).
2017-2018 оқу жылы «Оқытудың педагогикалық технологияларының ерекшеліктерін зерделеу, оларды оқу үрдісіне енгізу» тақырыбы бойынша дуалдық жүйемен оқитын 2ДТС-16Б тобы студенттері А.Рзабеков пен Қ.Адыканов Дене шынықтыру пәнінен №6 орта мектепте «Ойын арқылы қиындықтарды шешу жолдарына оқыту, Табиғат апаттары кезіндегі алғашқы дәрігерлік көмек» атты сабақ өтті (колледжден практика жетекшісі М.И.Ильясов, мектептен тәлімгері Аманжол Даригулов).
Сонымен қатар, колледж базасында «Каспий» шағын орталығы балабақшасы мен «Каспий» зияткерлік мектебінің болуы да дуалдық жүйемен білім берудің жарқын көрінісі.
«Каспий» зияткерлік мектеп-бақшасы базасында дуалдық жүйемен оқитын 0105013 – «Бастауыш білім беру мұғалімі» біліктілігінің 3 курс студенттері Г.Джумаханова математика пәнінен «Сандық өрнектерді салыстыру» тақырыбында 1 «А» сыныбында, А.Ізтлеуова Жаратылыстану пәнінен «Уақытты қалай өлшейміз» тақырыбында 2 «А» сыныбында ашық сабақ өтті және «5 минутта үйретемін» шебер-сынып сағатын көрсетті. Г.Джумаханова «Мен таңдаған мамандық» атты эссе қорғады.
Қазіргі таңда зияткерлік мектепте былтырғы оқу жылы 010501 3 – «Бастауыш білім беру мұғалімі» біліктілігі бойынша бітірген екі түлегіміз Сүйеубаева Гулдана және Тайманова Айгерім жұмыс жасап жүр. Биылғы бітіруші түлектерімізден дуалдық жүйемен оқитын 010501 3 – «Бастауыш білім беру мұғалімі» біліктілігі бойынша А.Ізтілеуова, Г.Джумаханова, Д.Отарбаева, С.Аққулова және 010101 3 — «Мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі» біліктілігі бойынша Ж.Тоқтабаева — теориялық оқумен қатар осы базада жыл бойы жұмыс жасап, практикадан өтуде.
Былтырғы жылы дуалдық жүйемен бітірген топ болған жоқ, ал жалпы бітірушілердің 84,3% жұмыспен қамтылған.
«Каспий» зияткерлік мектеп-бақшасы базасында бүгінгі күнгі семинарға да дуалдық жүйемен оқитын студенттердің ашық сабақтары мен тәрбиелік шаралары қойылған.
Колледждің педагогикалық ұжымының атқарылып жатырған осы жұмыстары білім беру сапасын арттыру бойынша, яғни теория мен практиканы ұштастыруы дуалдық жүйемен оқытудың тиімділігін дәлелдеді.
Биылғы жылы дуалдық жүйемен оқитын топтардың студенттері «Worldskills Aktau» өңірлік чемпионатына қатысып, жүлделі орындар иеленді.
«Мектепке дейінгі тәрбие» құзыреттілігі бойынша Ж.Тоқтабаева 3-ші орын, «Дене шынықтыру және спорт» құзыреттілігі бойынша Д.Турашева – 2-ші орын иеленді.
Бұл жетістікте, дуалдық жүйе бойынша теориялық оқу мен практиканы ұштастыра жүргізгеннің дәлелі.
Жұмыс берушімен тығыз байланыста болу колледждің педагогикалық ұжымының болашақ мамандарға қойылатын талаптарды әрдайым ескеріп отыруына жағдай жасады. Сонымен бірге, жұмыс берушілер өздерінде студенттерді педагогикалық практикадан өткізе отырып, кәсіби құзыреттілігі жоғары, белгілі дағдыны игерген мамандармен қамтамасыз ету мүмкіндігіне ие болды.
Міне бұл дуалдық оқыту жүйесінің тағы бір тиімді жағы деп есептеймін. Оқу үрдісіне дуалды білім беру жүйесін енгізу келесі мәселелерді шешуге:
- Оқу процесінің графигін мекеменің жұмыс тәртібіне ыңғайлап дайындауға;
- Дуалды жүйе бойынша оқытылатын студенттердің қажетті біліктілік пен еңбек дағдыларына, кәсіби білімге ие болып, еңбек нарығында сұраныс деңгейінің жоғарлауына;
- Оқу орнының жұмыс берушілермен өзара әрекеттесу аясын кеңейтуге;
- Бітірушілерді одан әрі жұмысқа орналастыруға, жұмыссыздықтың қысқаруына;
- Оқу орнының бәсекелесуге қабілеттілігін жоғарылатуға;
- Жұмыс берушілермен оқу – практикалық сабақтар мен өндірістік практиканы жүзеге асыруды бірігіп жоспарлауға;
- Колледждің оқу-өндірістік қызметін үйлестіруге және бейімдеуге мүмкіндік берді.
Қорыта айтқанда, дуалдық оқыту жүйесін енгізу – халықаралық білім беру стандарттарына сай жас мамандардың жұмысқа тұру мүмкіндігі және бәсекеге қабілетті кадрлар дайындаудың кепілі болып табылады.
Бұл жүйе – теориялық білім мен практикалық білімді ұштастыра білген және кадр дайындауда ықпалы зор әлем мойындаған форма.