Әмірбекова Гүлшат Сайынқызы
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы
«Каспий» педагогика және салалық
технологиялар колледжі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Бүгінгі таңда әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатыр. Әлемнің бағыты, болашағы бұлыңғыр болып тұрған сәтте, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы елді жарқын болашаққа бастайтын даңғыл жол болмақ. Рухани жаңғыру – қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымын өзгертетін қозғаушы күш.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Онда ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі — саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі.
Мақалада «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген жолдардың астарында үлкен мағына жатыр. Шынында да рухы биік азаматтары бар елдің іргесі мәңгілік болары хақ. Бұл ұлттық құндылықтарымызды ұмытпай, жаһандық жаңашылдыққа жетелейтін жол. Рухани жаңғыру – адам баласының оның ішкі жан дүниесінің жаңғыруы, санасы, түсінігі жаңа өзгерістерді саралап, дұрыс қабылдай білуінде. Рухани жаңғыру бастауын бүгін алған мәселе емес.
Мақаладағы «Туған жер» бағдарламасын қолға алу ұсынысы жас ұрпақты тәрбиелеуге дәл және уақытында айтылған нақты тапсырма деп білемін. Әрбір адамның жүрегінде кіндік қаны тамған жеріне, өскен ауылына, туған жеріне деген сүйіспеншілік, құрмет болмайынша – Отан деген Ұлы ұғымға адал қызмет ету, жан дүниесімен беріле сүю екіталай.
«Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы», «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», – делінген мақалада.
Расында, жастайынан дін мен дәстүрімізді, тағылымды тарихымызды оқып, сусындап өскен ұрпақ теріс ағымдар мен жат мәдениеттің жетегінде кетпейді. Салт-дәстүрі мен тарихына ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі берік болмақ.
Неғұрлым тұтастыққа жету үшін елді айшықтап тұрған ұлттың танымдық, тәрбиелік маңызға бай әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері қажет. Кез келген халықты өзінің төлтума рухани құндылықтары мен ізгі қасиеттері ғана біріктіре алады. Елбасы мақалада осы ұстанымды айқын көрсетіп берді:
«…Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады…Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу».
Қазір білектінің емес, білімдінің салтанат құрған уақыты. Саналы ұрпақ тәрбиелеп, білім беру — Елбасы саясатының басты және негізгі бағыттарының бірі. Елдің жарқын болашағы білімді жастардың қолында. Қазіргі қоғам көзқарасы қалыптасқан зерделі де, зерек тұлға тәрбиелеуі тиіс. Ол үшін ілім-білімге ұмтылып, жан-жақты жетілген жөн.
Осы тұрғыда ұстаздарға қойылатын талап та жоғарылады. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, алған білімін шынайы өмірмен ұштастырып, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, эконoмика кеңістігіне шығуға, яғни қaтаң бәсекe жағдайында өміp сүруге тәpбиелеуі керек. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес.
Колледжіміздің ұстаздары мен студенттері аталған мақала аясында, жасақталған жоспар негізінде туған өлке тарихына экскурсиялар, ашық тәрбие сағаттары, кездесулер, дөңгелек үстелдер, танымдық жарыстар, қалалық, облыстық, республикалық байқаулар, ғылыми жұмыстар, спорттық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға иеленіп, іс- шаралар өткізіп өз үлестерін қосып ат салысуда.
Ұлт жоспары аясында колледжіміздің арнайы пән оқытушысы З.Джумаганбетова және колледжіміздің белсенді студенттерінің жасақтауымен «Қазақтың Киелі Киіз үйі» макеті жасақталды.
Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында республика бойынша 500 жергілікті маңызы бар қасиетті орын тізімделді. Бұл тізімде Маңғыстау облысы бойынша жергілікті маңызы бар 28 киелі нысан енгізілді. Осыған орай колледжіміздің топ жетекшілері студенттермен бірлікте туған жеріміз, кіндік қанымыз тамған киелі өлкеміз Маңғыстаудың тарихи жерлеріне саяхат жасап, өлкенің тылсым тарихымен, баға жетпес құндылықтарымен танысты. «Киелі мекен Маңғыстау», «Маң дала, маңғаз дала Маңғыстау» тақырыптарында видеороликтер жасақтады.
Колледжіміздің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Әмірбекова, жалпы пән оқытушысы Қ.Қасанова және колледжіміздің жастар ұйымы белсенді студенттерінің қатысуымен жоғары деңгейде «Алаш қозғалысы және тәуелсіз Қазақстан» атты театрландырылған көрініс ұйымдастырып өткізді.
Маңғыстау облысының тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасы мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткізген облыстық шығармалар байқауында Ш.Уәлихановтың 180 жылдығына орай «Мәңгі өшпес жарық жұлдыз» тақырыбында Сүюбаева Гүлдана І орын, жетекшісі М.Бердіғалиева, Атаева Айнұр жетекшісі Г.Әмірбекова ІІІ жүлделі орындармен марапатталды.
Қазақ тілі және әдебиет пәні оқытушысы Бурабаева Назгүл Боранбайқызы колледж студенттеріне «Латын әліпбиіне көшу – заман талабы» атты дөңгелек үстел өткізді.
«100 жаңа есім» жобасы аясында – Тәуелсіздік дәуірінде еліміздің көркеюіне үлес қосқан, ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты жерлестерімізді көпшілікке таныта білу мақсатында, Маңғыстаудың белгілі тұлғасы, Республикалық «Ең үздік ауыл» жобасында ІІ орынға ие болған Сенек ауылының әкімі Еркеғұлов Бауыржан Құрмантайұлымен колледжіміздің «Жастар ұйымы» студенттері Сенек аулына барып, үлкен бір кездесу ұйымдастырып өткізді.
Мақала аясында колледжішілік топтар арасында «Дархан дарын иесі», «Тәуелсіздік тұғыры – тіл» тақырыптарында бейне байқау ұйымдастырылып өткізілді. «Шетел тілінен бастауыш білім беру мүғалімі» мамандығының
2 курс студенттері Бас жүлдеге, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының 3 курс студенттері 1 орынға ие болып дипломмен марапатталды.
«Дене тәрбиесі және спорт» мамандығының 4 курс студенті Турашева Диляра жеке жетістіктері үшін «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйелерінің студенттеріне арналған Қазақстан Республикасы колледждерінің «Топ 100 студент» жобасына қатысып, республика деңгейінде колледждердің арасында «Топ 100 студент» қатарына еніп, жеңімпаз атанып төс белгімен, дипломмен марапатталды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Білімнің салтанат құруы» бағыты аясында оқу мәдениетін дамыту және қолдау, халық арасында үздік шығармаларды кеңінен тарату мақсатында ұйымдастырылған «Кітап оқы, рухани бай бол!» сайысына қатысқаны үшін Бердибекова Айзада қала әкімінің орынбасары А.Нұрдаулетовтың Алғыс хатымен марапатталды. Жетекшісі Г.Әмірбекова.
Маңғыстау облыстық техникалық және кәсіптік білім берудің оқу әдістемелік кабинеті, «Жаңаөзен политехникалық колледжі» ЖШС ұйымдастыруымен өткізген «Рухани жаңғыру – қазақ өркениетінің жаңа дәурі және жастар» атты ғылыми тәжірибелік конференциясында үздік баяндама ұсынғаны үшін колледжіміздің студенті Исакова Айдана
ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Жетекшісі Г.Әмірбекова.
Маңғыстау облыстық техникалық және кәсіптік білім берудің оқу әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен А.Құнанбайұлының
175 жылдығына арналған «Абай — дана, Абай — дара қазақта…» облыстық студенттер слетінде колледж студенттерінен құралған «Қазына» тобы жүлделі ІІ орынды иеленді. Жетекшісі Г.Әмірбекова.
Арнайы пән оқытушысы А.Бекбаева Әбу Насыр Әл-Фарабидің
1150 жылдығына орай техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттері арасында «Әл-Фарабидің рухани әлемі» атты облыстық интеллектуалды сайысын өткізді. Мақсаты: Әбу Насыр Әл-Фарабидің өмірбаянымен және шығармашылығымен, жаһандық ғылым мен мәдениетке қосқан үлесімен таныстыру, оның шығармаларымен студенттерді ғылым мен мәдениетке деген қызығушылығын арттыру. Топтық жұмыс арқылы студенттерді ұжымдастыққа, бірлікке тәрбиелей отырып студенттердің сөйлеу мәдениетін дамыту.
Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің ұйымдастыруымен «Жемқорлыққа жол берме» онлайн конкурсына колледжіміздің 24 студенті #adalbolmangistau хэштегімен шарт бойынша эссе, сурет, видеоролик жасақтап өздерінің жеке инста парақшаларына жариялаған болатын.
Аталған тақырыпта эссе жазу бойынша 4 МДТ- 16 Б\Б тобының студенті департамент адамдарының (қазылар мүшесіне) назарына мазмұны, мағынасы жағынан ерекше ұнағандықтан «Үздік эссе» дипломымен марапатталды. Жетекшісі: Алия Базарбайқызы.
Сурет салу бойынша: 4 МДТ- 16 Б\Б тобының студенті Уткилбаева Жұлдыз ІІ орынмен марапатталды. Жетекшісі: Алия Базарбайқызы.
Жалғасын табатын жарқын істердің жүзеге асуына Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауында айтылған Қазақстанның үшінші жаңғыруы бағдарламаларымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бағыт-бағдар болатыны сөзсіз.
«Мәңгілік Ел» болуымыз үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген азаматтар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады… Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек.
«Суға басында отырған ел емес, аяқта қоныс еткен ел иелік етеді» — деп қорытындыласақ ұлттық идеологиясы темірқазығына айналған табысты ел болуымыз үшін жақсылыққа ұмтылып, жаманшылықтан арылып, саналы түрде барлық қасиеттерімізді ізгілендіріп, сананы рухани жағынан үнемі жетілдіріп, дамытып отыруға тиістіміз. Ең бастысы – бағыт-бағдарымыз анық, жолымыз жарқын.