Home » Айтарым бар » Жаңа  білім мазмұнына сәйкес жеке тұлғаны дамытудың және білім берудің негіздері

Жаңа  білім мазмұнына сәйкес жеке тұлғаны дамытудың және білім берудің негіздері

Суюбаева Райхан Давидовна
«Каспий» педагогика және салалық
технологиялар колледжі директорының
ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі
орынбасары

Қазіргі педагогика жаңалықтарын пән ерекшелігіне қарай қолдана білу оқыту мақсатына жетудің бірден бір жолы, жаңа технологияны пайдалана отырып, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру арқылы шығармашылық ізденіске баулу. Жаңа технологияны тиімді қолданып, сапалы және терең білім беру оқушының ойлау, есте сақтау және шығармашылық  қабілеттерін арттырады.

Колледж әкімшілігі оқытушыларды 2017 жылдан бастап жаңартылған білім беру мазмұны бойынша «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы МО ПҚ БАИ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының Ақтау қалалық филиалында, «Development & Success» Жасампаз Педагогика Орталығы ПКБАБББ орталықтарында «Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы оқу үдерісін ұйымдастырудың ерекшеліктері», «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңарту жағдайындағы жалпы білім беретін пән оқытушыларының кәсіби құзіреттілігі», «Білім беру мазмұнының жаңаруы жағдайында білім сапасын жоғарылатудың мүмкіндіктері» (Сабақты Блум таксономиясы негізінде жоспарлау, бағалау және т.б.)», «ҚР орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде бастауыш сынып пәндері бойынша педагогика кадрларының біліктілігін арттыру білім беру бағдарламасы» және «Білім мазмұнын жаңарту жағдайында оқыту үдерісін жоспарлау» тақырыптарында біліктілікті арттыру курстарына қатыстырып, жаңа бағдарламаны пән оқытушылары мен болашақта мұғалім болатын студенттерге ұғындыру жұмыстарын бастап кетті.

Оқыту — оқушылардың оқуға қабілетін жақсартуға мүмкіндік беретін педагогикалық тетіктердің біртұтас кешені. Іске тартылған педагогикалық тетіктердің ішінде мыналарды атап өтуге болады: оқыту негізін түсіну, оқыту стильдерін назарға алу және өмір бойы өзін-өзі оқытудың қажеттілігін мойындау және оның әдістерін таңдау, жүйелі ойлануға үйрену. Өзінің шығармашылық таланттарын және оларды барынша жақсы пайдалану жолдарын зерттеу және анықтау.

Колледждің оқу жұмыс жоспарына жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім беру мақсатында WorldSkilss  Ұлттық чемпионаты стандарттарының құзіреттіліктер бойынша тапсырмаларының элементтерін «Бастауыш білім беру», «Мектепке дейінгі тәрбие», «Дене тәрбиесі және спорт» мамандықтарының кейбір арнайы пәндерінің күнтізбелік тақырыптық жоспарына  енгізілді.

Қазіргі жаңартылған білім мазмұны күтілетін нәтижеге және баланың бойындағы түрлі дағдыларды қалыптастыруға бағытталады. Колледждің «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша арнайы пән оқытушылары болашақ мұғалімдердің оқушыларға бағдарламадағы оқу мақсаттарын игертуге қарқынды жұмыс жасап жатыр. Бұл бағдарламаның дәстүрлі бағдарламадан ерекшелігі — пәндер бойынша ортақ тақырыптардың болуы. Жаңадан енгізілген пәндер қатарында ағылшын тілі, жаратылыстану және ақпараттық технология сынды заманауи қажеттіліктерге байланысты жүргізілетін пәндер бар. Жаратылыстану пәнінде (химия, физика және биология пәндері), дүниетану пәнінде (география, тарих, қоғамтану) алғашқы ұғымдары қалыптастырылады. Жекеленген пәндерде үш тілділік мақсатын жүзеге асыруда тақырыпқа қажетті тірек сөздердің қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде сабақта қолданылуы жүзеге асады. Оқу мақсаттарының белгіленіп беріліп, сол мақсаттар бойынша оқушылардың оқу жетістігін «жетті», «талпынды» деп бағалау жүргізіледі. Әрбір оқушы үшін оқу мақсатына жетудегі оқушының үлгерімін көрсететін портфолио жинақталып, ол қалыптастырушы бағалау үшін қолданылады.  Аталмыш бағдарламаның мәні – баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асырып, пайдаға асыра білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізі — «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған. Білім берудің қазіргі заман талабы – шығармашылықпен жұмыc жасайтын, бәcекеге қабілетті, құзіретті тұлға тәрбиелеу. Оқыту – мұғалімдердің оқушыларға жасаған сыйы емес, бұл құзіреттіліктер білім алу үшін оқушылардың өздері де оқу үдерісіне белсенді қатысуын талап етеді.

Сонымен қатар, білім беру мекемесінің таңдау пәніне «Критериалды бағалау технологиясы» пәні енгізілді. Оның мақсаты — болашақ бастауыш сынып мұғалімдері өзінің сабақ беруіне емес, оқушылардың оқу ептілігін дамытуға назар аударуы тиіс. Осы мақсатта мұғалім оқыту ортасын құру керек. Осыған байланысты оқушылар арасында өзара түсіністік және ұжымдық қарым-қатынасты орнатып, оқушылардың сенімсіздіктерін жойып, мүмкіндіктерін арттыруға жол ашатын критериалды бағалау болып табылады. Критерийлер – оқытудың міндеттерін жүзеге асыратын өлшемдер, атап айтқанда, оқушылар жұмыс барысында орындайтын іс-әрекеттер тізбесі. Критериалдық бағалау бұл – білімнің мақсаты мен мазмұнына сәйкес келетін, оқушылардың оқу-танымдық біліктілігін қалыптастыруға себепші болатын, айқын анықталған, ұжыммен шығарылған, білім процесінің барлық қатысушыларына алдын ала белгілі критерийлермен оқушылардың оқу жетістіктерін салыстыруға негізделген процесс. Егер балаға оның белгілі бір деңгейге жеткендігін айтса, онда бұл оған үздік нәтижеге жету үшін не істеу керектігін түсінуге көмектеспейді; бұл ретте егер баламен бірге оның жұмысында мұндай бағалауға не әкелгенін және бағалау өлшемдерін түсіндіруге талдау жасаса, онда бұл балаға өзінің нәтижесін жақсарту үшін кейін не істеу керектігін түсінуге мүмкіндік береді.

ЖШС «Каспий» педагогика және салалық технологиялар колледжінің IT кабинетінде 2019 жылдың 19 қараша — 3 желтоқсан аралығында колледждің ғылыми-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен «Педагогтың кәсіби дамуы – білім беру жүйесін жаңартудың негізі» атты жаңартылған  білім  беру мазмұнын жүзеге асыруда on-line тәжірибе алмасу облыстық семинар өткізді. Мақсаты — пән бойынша жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес келетін педагогикалық тәсілдерді, оқу материалдарын қолдана білу және оқу мақсаттарына қол жеткізу үшін критериалды бағалау жүйесін қолдану. Міндеттері — оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін қолдану арқылы сапалы білім беру және жан-жақты дамыған, өзіндік ой-пікірі қалыптасқан тұлға қалыптастыру, оқытушылардың педагогикалық тәжірибесін жетілдіру және кәсіби шеберлігін шыңдау, шығармашылық қабілеттерін дамыту. 

Онлайн семинар барысында пән оқытушылары А.Хайруллаева психология пәнінен «Кіші мектеп жасындағы балалардың психологиялық ерекшеліктері» тақырыбында аралас сабақ, «Шетел тілінен бастауыш білім беру мұғалімі» біліктілігі бойынша арнайы пәндер оқытушысы М.Есенова «Грамматиканы оқытудың мазмұны. Шетел тілін оқытуда грамматиканың маңыздылығы» тақырыбында аралас сабақ, «Бастауыш білім беру мұғалімі» біліктілігі бойынша арнайы пәндер оқытушысы З.Джумагамбетова «Кері байланыс — оқытудың тиімділігін арттыру негіздері» тақырыбында коучинг, география пәні оқытушысы Н.Утепова «Ғылыми-техникалық революция сипат белгілері, даму кезеңдері» тақырыбында аралас сабақ, қазақ тілі және әдебиеті пәні оқытушысы Н.Бурабаева «Мақал-мәтелдер. Фразеологизмдер» тақырыбында аралас сабақ көрсетті. Семинар барысында оқытушылар оқу мақсаттарына жету үшін әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану жолдарын, критериалды бағалау бойынша студенттердің қызығушылығы мен ынтасының артқанын нақты дәлелдермен көрсетті.

Жалпы қорыта айтқанда, аталған бағдарламаға сәйкес алынған тәсілдер сабақта тиімді қолданысқа енгізілсе, баланың танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етеді, оқу қызықты әрі жеңіл өтеді, оқушы ұжымда бірлесіп жұмыс жасауға үйренеді. Жаңа бағдарламаның басты мақсаттарының бірі – баланы оқыта отырып, ой еркіндігін, белсенділігін, ізденімпаздығын қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру. Яғни, оқушы өз ой-пікірін ашық еркін айтады, бір-бірін тыңдауға үйренеді және топта ынтымақтастық атмосферасы қалыптасады.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.