Калдаманов Исенбай Абиевич
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы
«Каспий» педагогика және салалық
технологиялар колледжінің басшысы,
қалалық маслихат депутаты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындырлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының төртінші «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» атты бөлімінде «Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу. Әлеуметтік салада, бірінші, білім беру сапасын жақсарту… Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет» — деп айқындап айтты.
Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласындағы 11 жылдық тарихы бар «Каспий» педагогика және салалық технологиялар колледжі – студенттер, оқытушылар, жұмыс берушілер үшін актуальді, білім беру жүйесі қалыптасқан, ақпараттық ортасы ашық, заманауи инфрақұрылымды, бәсекеге қабілетті білім беретін оқу орны.
Колледждің миссиясы — кәсіптік білім бере отырып, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті жоғары білікті мамандарды дайындау және білім мен ғылым саласындағы саясатты қалыптастыру және іске асыру.
2009 жылдан бастап колледж мемлекеттік тапсырыс бойынша оқыту үшін конкурстарға қатысуда. Жылдан-жылға мемлекеттік тапсырыс бойынша оқып жатқан студенттер саны өсуде. Соңғы 5 жыл ішінде 20% бастап 85% дейін өсті.
Колледждің білім беру қызметінің сұранысқа ие болуы мен жұмысының тиімділігінің көрсеткіші түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша көрсеткіштер болып табылады. Соңғы 3 жылда жұмысқа орналастырылған түлектер көрсеткіші 2017 ж. — 78%, 2018 ж. — 80%, 2019 ж. — 85% жетті.
Кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттарының бірі оқу үрдісіне дуалдық және модульдік білім беру жүйесін сәтті енгізу көптеген проблемалық мәселелерді шешуге мүмкіндік берді.
Дуалдық оқыту жүйесінің басты мақсаты — студенттердің тәжірибелік дағдысын жетілдіру арқылы кәсіби жоғары білікті, саналы маман даярлау және оқу орны мен кәсіпорын арасындағы әлеуметтік серіктестікті дамыту.
Колледжде барлығы 6 мамандық бойынша дуалдық және модульдік оқыту жүйесімен оқып жатқан 14 топта 290 студент білім алуда. Оқу процесінің 75% дуалдық оқу жүйесімен қамтылған. Өйткені, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру», «Дене тәрбиесі және спорт» мамандықтары бойынша дуалдық оқыту жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілді: өңірдегі білім беру мекемелерімен оқу жоспарларын, оқу процесінің кестесін қайта қарап, материалдық-техникалық базаны жетілдіруге жұмыстандық. Дуалды жүйемен оқитын топтардың оқу жоспарының 60% тәжірибеге және 40% теорияға бөлінген.
«Балапан» бағдарламасы негізінде колледж жанынан «Каспий» шағын орталығын ашудағы негізгі мақсат — «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша тәжірибе алаңын құру. «Каспий» шағын орталығында өндірістік тәжірибеден өтуші студенттер тәрбиешінің көмекшісі міндетін атқарады және оларға еңбекақы төленеді.
Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес колледж базасында жұмысшы мамандықтарын кеңінен насихаттау мақсатында, Маңғыстау облыстық білім басқармасының бұйрығына сәйкес колледж жанынан қысқа мерзімде тәрбиеші және тәрбиешінің көмекшісін дайындайтын Ресурстық орталық ашылды. Орталықта кәсіби біліктілікті арттыруға және қосымша білім алуға болады. Білім алушыларға біліктілігін арттырғаны туралы куәлік беріледі. Бұл – жергілікті жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп атқарылып жатқан жұмыстардың бірі.
«Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы бойынша тәжірибелік алаңға (оқу полигоны) 2012 жылы қол жеткіздік. Колледж жанынан үлкен «Каспий» спорт кешені салынды және аталған мамандықта дуалды оқыту жүйесі бойынша 4 топ оқып жатыр, білім сапасы және түлектердің жұмысқа орналасуы жоғары деңгейде. Қазіргі таңда «Каспий» спорт кешені қала, облыс, республика көлемінде өтетін спорттық жарыстарды өткізетін алаңдардың біріне айналды.
Аталған мамандықта оқып жатқан студенттеріміздің бірі Турашева Диляра «Worldskills Kazakhstan» Ұлттық чемпионатының Aktau өңірлік кезеңінде «Дене тәрбиесі және спорт» құзіреттілігі бойынша жүлделі 2 орын иеленді (жетекшісі дене тәрбиесі пәні оқытушысы Ильясов М.И.). Сонымен қатар, осы чемпионатта, «Мектепке дейінгі тәрбие» құзіреттілігі бойынша Тілеумағанбет Орынхан 2 орын, Тоқтабаева Жарқынай 3 орын (жетекшілері арнайы пән оқытушысы Хайруллаева А.Б., Шакенова Г.А.) «Бастауыш сыныптарда сабақ беру» құзіреттілігі бойынша Жақсылықова Орынгүл 2 орын, Сүйеубаева Гүлдана 3 орын иеленді (жет. арнайы пән оқытушылары Озганбаева М.Б., Джумагамбетова З.С.).
Жаңаөзен қаласында зейінді балалар үшін зияткерлік мектеп ашу алға қойылған міндеттердің бірі болды. Кейбір ата-аналар балаларын заманауи жабдықталған мектепте, жаңа педагогикалық технологиялармен оқытатын озық тәжірибелі оқытушылардың білім бергенін қалайды.
Осы бағытта 2017-2018 оқу жылында «Каспий» зияткерлік мектеп-бақша» құрылысын аяқтап, 150 оқушымен бастап кеттік. Зияткерлік мектеп ашудағы бірінші мақсат — Абай атамыздың «Бұлақ көрсең – көзін аш» деген сөзіндей, дарынды баланы балабақшадан бастап оқу-білімге жетелеу болды. Екінші мақсат — колледжде дайындалатын болашақ мұғалімдер мен тәрбиешілер үшін оқу-тәжірибе алаңын дайындап беру. Мұндай заманауи мектеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жылдам әрі ұшқыр ойлауына, көп тілді меңгеріп, ел болашағына өз үлесін қосатын зияткер, жоғары білімді, салауатты өмір салтанатын ұстануына мүмкіндік туғызып, жағдай жасайды. Жаңартылған білім бағдарламасы бойынша мектебімізге 150 оқушы қабылданды. Оның ішінде мектепалды даярлық тобына–75 бала, 1-сыныпқа-50 бала, 2-сыныпқа-25 бала оқуда. Мектебімізде барлығы негізгі құрамда 10 мұғалім және қосалқы 9 мұғалім, 5 тәрбиеші қызмет атқарады. Жалпы сапалық құрам-68% құрайды. Оқу кабинеттері соңғы үлгідегі интербелсенді тақтамен жабдықталған. Сонымен қатар оқулықтармен түгел оқушылар қамтылған.
«Каспий» Зияткерлік мектеп-бақша» жекеменшік мекемесі колледж жанынан ашылған төртінші тәжірибе алаңы болып есептеледі. Бұған дейін «Каспий» шағын орталығы, «Каспий» спорт кешені және «Қонақ үй оқу алаңы» тәжірибе алаңдары ашылған болатын.
Колледждің қабырғасында қанаттанып жатқан студенттер100 пайыз тәжірибе орнымен қамтамасыз етілген. Оқу жұмыс бағдарламасы бойынша студенттер 2 курстан бастап аптаның үш күнінде колледжде теориялық сабақтарға қатысады, қалған үш күнін өндірісте тәжірибе сағаттарын өтеді.
Осы тәжірибелер бойынша қаладағы мектептер және балабақшалармен келісім-шарттар жасалды. Олар Жаңаөзен қаласындағы бастауыш және орта мектептер, балабақшалар мен шағын орталықтар: «Каспий» Зияткерлік мектеп-бақшасы, №1, 2, 4, 6, 7, 8, 10, 11, 12, 14, 15, 17, 18, 19, 21, 22, 23 орта мектептерінде, «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының студенттері «Каспий» шағын орталығы, «Айналайын», «Балауса», «Жанар», «Сәуле», «Балдырған», «Ақбота», «Шынар», «Ер Төстік», «Балдаурен», «Айзере» және т.б. балабақшаларда тәжірибеден өтіп, колледжден алған теориялық білімдерін тәжірибе арқылы терең сіңіруге мүмкіндік алды. «Қонақ үй шаруашылығын қызмет көрсету және ұйымдастыру» мамандығы бойынша «Абат», «Ақсарай», «Бастау» және «Темірқазық» қонақ үйлері басшылары біздің студенттерімізді өндірістік практикадан өткізуге өздері ұсыныс жасап, келісім-шарт жасалды.
Колледж ұжымына келсек, бастапқыда 10 штаттық оқытушыдан басталған. Қазіргі уақытта олардың саны 40-қа жетті. Оның ішінде 62,5% жоғары және бірінші санатты болса, алты оқытушы магистр, бір қызметкер PhD ғылымдарының докторы. Мамандар жыл сайын түрлі деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысады. Соңғы үш жылда оқытушылар 200 мақала жариялаған.
Жеткен жетістіктерге тоқталсақ, «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен өткен облыстық «Үздік әдіскер» байқауында колледж әдіскері Р.Суюбаева ІІІ орынды, Маңғыстау облыстық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында ұйымдастырылған «Үздік педагог-2014» облыстық байқауында биология пәні оқытушысы Г.Әмірбекова ІІІ орынды, 2015 жылы Маңғыстау облыстық ТжКББ оқытушылары арасында «ЭКСПО-2017» шебер-сынып сайысында педагогика және психология пәні оқытушысы Ә.Хайруллаева «Жас талапкер» аталымын, Маңғыстау облыстық техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындары арасында ұйымдастырылған «Үздік колледж-2015» байқауында «Инновация шеберханасы» аталымын, 2016 жылы Маңғыстау облыстық техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында ұйымдастырылған «Үздік педагог-2016» байқауында арнайы пән оқытушысы А.Бекбаева «Шығармашыл ұстаз» аталымын, Жаңаөзен қалалық «Робототехника-заманауи ғылым» атты мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында өткен сайыста 3 орын, 2017 жылы «Студенттік дүкен – пилоттық жоба» жәрмеңкесі «Шын жүректен» қайырымдылық акциясына белсенділік көрсеткені үшін Алғыс хат, «Тіл сарбазы-2017» атты қалалық сайыста 2 орын, «Специалист года — 2017» сертификатымен М.Озганбаева, Н.Бурабаева және Ф.Аманова, студенттер арасында «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша өткен облыстық олимпиадада Г.Джумаханова 3 орын (жет. М.Озганбаева), «Құқықтану» мамандығы бойынша М.Жомартова 3 орын (жет.А.Медеубаева) «Жаңартылған білім беру мазмұнының технологиялары мен тенденциялары» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда арнайы пәндер оқытушысы М.Озганбаева Дипломмен, 2018 жылы Алматы қаласында өткен «Інжу-Маржан» атты республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы ұлттық дәстүрлі өнер байқауынан 2 курс студенттері А.Аманжолова Бас жүлде, Ш.Аманжолова 1 орын (жет. Н.Бурабаева), қалалық «Тіл мәдениет дамыту және терминология мәселелері бойынша» телеойын байқауынан колледж студенттерінен құрылған команда 3 орын, 2019 жылы 14 Наурыз – Амал мерекесіне орай өткен қолөнер көрмесі жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін қала әкімінің Алғыс хаты, «Жаратылыстану бағыты» бойынша жалпы пәндер оқытушыларының облыстық педагогикалық оқуында география пәні оқытушысы Н.Утепова 3 орын, облыстық студенттерге арналған «Жастар, Білім және Инновация», «Рухани жаңғырудың жарқын жолындағы прагматизм ұраны» және «Қазіргі замандағы білім беру жүйесіндегі психикалық дамудың маңыздылығы» атты педагогтардың ғылыми-тәжірибелік конференцияларында 2 курс студенті Ж.Алшын Дипломмен (жет.А.Хайруллаева), арнайы пән оқытушысы З.Джумагамбетова Дипломмен, Білім беру ұйымы басшыларының «Табысты менеджер-2017» ІРеспубликалық байқауы аясында «Менеджер-стратег» номинациясымен И.Калдаманов, Маңғыстау облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Үздік әдістемелік бірлестік-2018» облыстық байқауында ІІІ орын, Worldskills стандарты негізінде арнайы пән оқытушылары арасында өткен «BestSkills-2019» облыстық шеберлік конкурсында «Бастауыш сыныпқа сабақ беру» құзіреттілігі бойынша арнайы пән оқытушысы З.Джумагамбетова ІІІ орын, Ұлттық бизнес рейтинг қорытындысы бойынша және білім беру саласындағы саралау нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы кәсіпкерлерінің ішінде «Сала көшбасшысы» номинациясы бойынша «Рейтинг қоласы», Маңғыстау облысы кәсіпкерлерінің ішінде «Сала көшбасшысы» номинациясы бойынша «Рейтинг Алтыны», сондай-ақ «Білім беру мақтанышы» мәртебесі марапаттарына ие болды.
Колледждің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін, еуропалық және халықаралық тәжірибе стандарттарына сәйкес, білім беру сапасын жақсарту және жетілдіру, өзгеріп отыратын сыртқы ортаның талаптарын қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылдың желтоқсан айында колледж институционалды және 3 мамандық 4 біліктілік бойынша мамандандырылған аккредитациядан өтті.
2018 жылы Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласындағы «Каспий» педагогика және салалық технологиялар колледжінің кәсіби шыңдалу жолындағы 10 жылдық мерейтойы Жаңаөзен қаласының 50 жылдығы аясында Мұнайшы мәдениет сарайында салтанатты түрде қала көлемінде аталып өтті. Мерекелік кешке қалалық әкімшілік, облыстық білім басқармасы және қалалық білім бөлімі басшылары, техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындарының басшылары, әлеуметтік серіктестер, колледж түлектері, техникалық және кәсіби білім беру саласының ардагерлері, білім беру бөлімдерінің, мектеп, мектепке дейінгі ұйымдардың, мектептен тыс мекемелердің, жұмыспен қамту орталықтарының басшылары қатысты. Білім мен тәрбиенің ақ ордасына айналған колледждің көптеген түлектері облысымыздың білім беру, қызмет көрсету саласын дамытуға өз үлестерін қосып жүр. Колледж жыл санап өркендеп, өсу үстінде.