Home » Мақалалар » Жоғары деңгейлі сұрақтар арқылы оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын қалай көтеруге болады?

Жоғары деңгейлі сұрақтар арқылы оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын қалай көтеруге болады?

Сейсенбаева Жадыра Шарифхановна
 Нұр-Сұлтан қаласы
Назарбаев Зияткерлік мектебі
қазақ тілі және әдебиетінің мұғалімі,
мұғалім-эксперт

 Тіл және әдебиет пәнінің мұғалімдері ретінде біз классикалық шығармаларды оқуға оқушылардың қызығушылықтары төмен екенін байқадық. Классикалық әдебиеттерді оқытудағы негізгі мәселелердің бірі  − оқушылардың негізгі қорытынды жасауда тек бір бағыттағы көзқарасты ұстануы, талдауға бірден кірісіп кете алмауы.  Өзіміз қолданып жүрген оқытудағы дәстүрлі әдіс классикалық туындыларды оқытуда оның бірегейлігін ескеруге, әдебиет саласындағы бағалылығын көрсетуге негізделеді. Сондықтан, әдеби шығармаларды оқытуда өзіміз ұстанып келе жатқан дәстүрлі талдаулардан басқа әдістерді қолданып көру үшін іс-әрекетті зерттеу жобасын жүргізуді ұйғардық.
Біздің мақсатымыз – белсенді оқырман ортасын қалыптастыру, оқушыларды енжар тыңдарманнан талқылауға белсене араласатын ұшқыр ойлы азамат етіп тәрбиелеу. Бұл зерттеу герменевтикалық тәсілге негізделді. Герменевтикалық талдау кезінде оқушылардың селқостығы туралы В.Цафостың көтерген мәселесі Э.Уилсонның іс-әрекетті зерттеу еңбегінде қарастырылған [1;3]. Себебі, оқушыда көркем шығарманы түсіну үшін туындаған сауалдар әртүрлі пікірлер мен талқылаулар арқылы жүзеге асады.  Зерттеу жұмысының күтілетін нәтижесі: жоғары деңгейлі сұрақтар арқылы оқушыларға көркем шығарма мазмұнын игерту,  талдау жасау барысында жоғары деңгейлі сұрақтар қоюға дағдыландыру. Зерттеу жобасы «жоспарлаймыз − әрекет  етеміз – қадағалаймыз − талдаймыз» сызбасы  бойынша  жүретін көп  кезеңді іс-әрекеттегі  зерттеу  ретінде жүргізу жоспарланды. Зерттеуге 7 — сынып алынды, себебі, осы жастағы оқушылар жаңа білімді меңгеруге бейім.
Зерттеу жобасын алдымен педагогикалық, методикалық қажеттіліктерді анықтаудан бастауды ұйғардық. Біздің алғашқы қадамымыз оқушыларды оқыту процесіне құлшына қатысуға бағыттайтын әдістемелерді жинақтаудан басталды. Джонсон  іс-әрекетті зерттеуші ретінде тәжірибе мен зерттеу бір-бірін қолдау керек деп есептейді және теория мен тәжірибе арасындағы диалогты бағалайды.[2; 9] Сондықтан, біз оқыту үдерісінде диалогтық оқытуды негізге ала отырып, «Дарынды оқушыларды дамыту» бағдарламасы мен Блум таксономиясын, Қ.Бітібаеваның «Конструкторлық жобалау» технологиясын таңдадық. Ал диалог жүргізу үшін сұрақтардың түрлері мен оқушылардың сұрақ қоя білу дағдыларын анықтау мақсатында төмендегі алынды:
Сен «жуан» және «жіңішке» сұрақтар құрастыра аласың ба?
Концептуалды сұрақ құрастыру қиындық туғыза ма?
Шығарманың идеясын түсінуіңе сұрақтар құрастыру көмектесе ме?
Сыныптасыңа «жуан» және «жіңішке» сұрақтардың айырмашылығын түсіндіре аласың ба?
Сауалнама нәтижесінде сұрақ құрастыру, жоғары деңгейлі сұрақтар арқылы талдау қиындық тудыратыны анықталды. Сондықтан өзіміздің педагогикалық тәжірибемізге сүйене отырып, жоғары деңгейлі сұрақтар арқылы талдау әдісін қолдануды ұйғардық.
Оқушылар Блум таксономиясы арқылы қарапайымнан күрделіге ауыса отырып сұрақтарды құрастырудың сатысын меңгерді. Бумердің  пікірінше,  талқылаудың маңызы ерекше, ол іс-әрекеттегі зерттеу циклінің кезеңдерімен өте ұқсас. [3; 35] Сондықтан, зерттеу барысында жүйелі рефлексияға сүйендік. Оқушылар рефлексиясынан бұл шығарманы оқымай, логикаға сүйене отырып сұрақтар құрастыруға болатындығы туралы білдік. Оқушылардың шығарманы оқуға деген қызығушылықтарын арттыруда бұл жұмыстың аса нәтижелі болмайтындығына көз жеткізді. Сондықтан көркем шығарманы талдаудың келесі сатысында Қ.Бітібаеваның Блум таксономиясы бойынша ұсынған технологиялық картасы бойынша сұрақтармен талдауды қолдандық.  Қ. О. Бітібаеваның: «Модель — әр оқушының алдында жатады. Ол білім алудың бағдар шамындай, оқушылар оған қарап, әр түрлі іздену, зерттеу жұмыстарын да орындайды» — деген пікіріне сүйене отырып, талдау конструкциясын ұсындық.
Ұсынылған конструкцияда бірнеше бағыт ұсынылады, оқушылар әр бағытқа нақты сұрақтар құрастырады. Оқушылардан алынған кері байланыста бағыт бойынша сұрақтар құрастыруда шығарма мазмұнын меңгеру басты рөл атқаратындығын, шығанма мазмұнын меңгермеген оқушының сұрақтар құрастыруда қиындыққа тап болғанын білдік. Бұл, әрине, кей оқушылардың шығарманы оқуына түрткі болса, біздің тарапымыздан оқушының қызығушылығын оятудан бұрын мәжбүрлі оқуды талап ететіндігі кері көрсеткіш екені анық. Алдымызда отырған оқушылардың қабілетін ескере отырып, Джонса Хопкинстің «Оқушылардың дарындылығын дамыту» бағдарламасына сүйене отырып, «Аргументтеу моделі», «Мәселені зерттеу моделі» және драмогерменевтиканың «Сұрақтар шляпасы» стратегияларын қолдандық. Зерттеу барысында сұрақтарды қолданудың тиімді-тиімсіз жақтары анықталды:
Бастапқы кезеңде оқушыларды жоғары деңгейлі сұрақтар қоюға үйрету қажет болды, себебі оқушылар сұрақтардың түрлерін ажырата алмайтын еді. Себебі, жоғары деңгейлі сұрақтар оқыту барысында түсінудің негізгі құралы болып табылады. Оны оқушылардың өз бетімен жүргізуі қателіктерге әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан біз өз зерттеуімізде жоғары деңгейлі сұрақтар арқылы оқушылардың қызығушылықтарын оятауды сатылы жүргізу арқылы мақсатымызға қол жеткіздік.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.