Home » Балабақша » Ерекше баламен — ерекше жұмыс

Ерекше баламен — ерекше жұмыс

Алматы қаласы Түрксіб ауданы №187 бөбекжай-балабақшасында «Ерекше баламен — ерекше жұмыс» тақырыбында семинар өтті.

Семинарда Алматы қаласы Білім Басқармасының Түрксіб ауданының білім беру бөлімінің басшысы Жылкишина Ж.К, Алматы қаласы Білім Басқармасының Түрксіб ауданының білім беру бөлімінің маманы Доскееа М.Н,
Алматы қаласы Түрксіб ауданы Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті директорының міндетін атқарушы Хасенова М.Г,
Алматы қаласы Түрксіб ауданының Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің логопеді Оңдыбаева Л.К және Алматы қаласы Түрксіб ауданының мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының арнайы мамандары (логопед, дефектолог, психолог) қонақ болды.

Семинардың ашылу салтанатында алғашқы сөз кезегін алған №187 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Фарида Кызырканкызы келген қонақтарды семинардың өтілу барысымен таныстырды.

Дефектолог-Акбар Назерке Ғабитжанқызы “Ерекше балаларды дамытуда АВА терапиясының маңыздылығы” атты тақырыпта оқу қызметін көрсетіп, көпшіліктің назарын өзіне қаратты. “Бұл не?” ойыны арқылы балалармен нәтижелі жұмыстың жүріп жатқанын көрсетті. Дефектологқа әріптестерінің көңілі толып, сабақ барысын ұйып тыңдады.


Екінші “Арт-терапия түзете-дамыту құралы ретінде” тақырыбында психолог — Қоңқа Мөлдір Қайратқызы өз ойын ортаға салды. Балалармен бірге практикалық жұмыстар жүргізілді.
Баланың ақыл-ой жүйесі мен дамуына айтарлықтай үлес қосатын әдіс тәсілдермен бөліскен психологқа келген қонақтардың да риза болғаны анық.

Сондай-ақ “Мектепке дейінгі ұйымдағы балалардың сөйлеу тілін түзетуде асықты заманауи әдістемелік-технологиялық негізде қолдану арқылы түзету” тақырыбында логопед-Мунулбаева Дариға Рымкабыловна ой қозғады. Асық ойыны баланың жастайынан ой-қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтылыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, сыйлыстыққа тәрбиелегені анық. Ал бүгінгі XXI ғасырда №187 бөбекжай-балабақшасының қызметкерлері асықты терапия ретінде қолданып және одан оң нәтиже көріп отырғанын байқадық.


Келесі “Мектепке дейінгі мекемедегі логопед маманының ата-аналармен жұмысының әр түрлі формалары” атты тақырыпта логопед-Асан Аружан жыл бойы жасаған жұмыстарының нәтижесімен бөлісті. Аружан ханымға ата-аналардың риза екенін естідік. Бұл жүйелі, бір ізді жұмыстың нәтижесі екені анық.

Семинар барысында тек қана ұлдардан құралған топтың бір бөлек билеуі, қыздар тобының мың бұрала өнер көрсетуі ортаға әсем көңіл-күй сыйлады.

Семинарға қатысушы әрбір қонақ
№187 бөбекжай –балабақшасында ұйымдастырылған семинардан «білім қоржындарын» түрлі әдіс-тәсілмен толықтырып, ризашылықпен жақсы көңіл–күйде тарқасты.

Семинардан Алматы қаласы Түрксіб ауданы Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті мен №187 бөбекжай-балабақшасы бірлесіп үлкен жұмыстар атқарып жатқанын және тығыз қарым-қатынаста екенін байқадық.

Балабақша меңгерушісі Фарида Кызырканкызы айтуынша, мұндай шараларды өткізуден ұжым еш жалыққан емес. Балабақшаның әдіскері Бурганова Фариха Каримовнада оларға бағыт-бағдар көрсетіп, үнемі ізденіс үстінде жүреді екен.

Балабақша жаңа инновациялы- шығармашылық бағытын кеңінен қолданады. Атап айтсақ, «Жолда жүру» ережесі, Шахмат орталығы, мобильді кітапхана мен қол моторикасын дамытуға арналған «әртүрлі жіптерді өру тәсілдерін» пайдалануда.
«Ел боламын десең бесігіңді түзе» — деп бекер айтпаса керек, елдіктің туын жықпайтын, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын ұрпақты тәрбиелеп шығару бұл ерлік. Ұжымды ұйымдастырып, ата-анамен де, балалармен де етене жұмыс істеп отырған Омарбекова Фарида Кызырканкызының
іскерлігі өзгеге үлгі. Күнделікті балабақшада балалардың алаңсыз күміс күлкісін, шаттыққа толы көңіл-күйлерін көріп, балалармен бірге ойнап күлгеннің өзі бір бақыт деп жауапкершілігі мол қызмет жолында бар білімі мен тәжірибесін аямай еңбек етіп жатқан балабақшаның барлық қызметкерлеріне бас иеміз. Еліміздің ертеңі болар тұлғаны қалыптастыру жолында қанаттарыңыз талмасын.

BILIM AINASY
Алматы қаласынан
журналист Ақерке Аманқызы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.