Home » Мақалалар » Балалар — бақыттың  кілті, Отанымыздың  болашағы!

Балалар — бақыттың  кілті, Отанымыздың  болашағы!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Себепбаева Гулнур Лесбайқызы
  Алматы  қаласы  Наурызбай  ауданы
 №174 мектеп-гимназияның
 бастауыш сынып  мұғалімі

  Отан — отбасынан басталады.  Ал  отбасы  шағын  мемлекет. Сол   шағын   мемлекетіміздегі  дүниеге  келген  әрбір бала – үйімізге  бақыттың  кілтін ала келетіні аллаға  аян. Отбасындағы   барлық  бала ата-ананың  сүйіспеншілігі  пен мейірімділігіне, жақсылығы  мен  жанашырлығына, қамқорлығы мен  құрметіне және  бауырмалдық пен бақытқа бөленуі  керек.
Себебі  балалар –  Отанымыздың болашағы, еліміздің  қабырғасына  негіз  болып қаланушы кірпіші!
Бастаған игі істеріміздің және ұрпағымыздың  жалғастырушысы!
Үкілеп өсіріп, ержеткесін  тұғырынан  қанатын  қомдатып  ұшырар көгершіндеріміз – тыныштығымыздың  белгісі!
Бүлдіршіндеріміз – тап-таза, тұнық ашық  аспан секілді  пәктіктің  және   нұрын  шашқан  күндей мейірімділіктің, жарқыраған  жұлдыздай  шамшырағымыздың  тотемі!
Сондықтан  да әрдайым басты байлығымыз — балалардың  денсаулығын сақтап, өмірін, құқығын  қорғай білу  әрбір жер бетіндегі адамдардың міндеті болмақ!
Міне, осыған  орай 70 — жылдан бері жаздың алғашқы күнін көптеген мемлекеттерде 1 — ші маусым Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен  бастайды. Осы мерекені тойлаудың басты мақсаты – жұртшылық назарын қиындық көріп жүрген  балаларға  аудара  отырып, олардың құқығын қорғауға, бақытты балалық шағын тыныш әлемде өткізуге және өз елінің толық және бейбіт азаматы ретінде өсуіне  көмек беріп, жағдай жасау  болып саналатыны баршаға аян.  Сондықтан да  Балаларды қорғау күнін — мереке ретінде ғана емес, Отанымыздың  болашағына  бағдар жасайтын маңызды шараның бірі ретінде жадымызда ұстауымыз керек.
Дейтұрғанменде  қазіргі  кезде әрбір оныншы бала  үлкендер тарапынан    зорлық-зомбылыққа  ұшырап, өмірлеріне қауіп-қатер төніп, ар-намыстары аяқ асты болып жүргенін  естіп, көріп жүрміз.Сонымен қатар қоғамымыздағы ата-анасының қамқорлығынан  тыс  қалып, балалар үйін мекендеп, терезесінен  телміре қарап, анам келер ме?- екен деген  үмітпен  көкіректеріне өксік  жасы тұнып, жолға қарап  жүрген қара көз бүлдіршіндеріміз қаншама. Тіптен  өгей әке — шешеден ғана емес,  өздерінің  туған әкелерінен зорлыққа  ұшыраған  бүлдіршіндерді естігенде ет жүрегің езіліп, шарасыз күйде қалатынымыз да белгілі. Мұндай оқиғалар елімізде орын алмауы үшін әрбір  отбасының   иелерінің  жүректері  сүйіспеншілік пен махаббатқа толы болуы керек деп ойлаймын. Себебі  сүйіспеншілікпен  суарылып, ізгілік нәрімен сусындатып,  дұрыс әрекетпен, қиянат көрсетпей тәрбиелей білген отбасының балалары ғана – бақытты болмақ! Отанымыздың болашағы да, бақыттың  кілті  де- балалардың  қолында екенін  ұмытпайық ағайын!

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.