Баймуратова Анар Шамиқызы
Алматы қаласы
Наурызбай ауданы
№174 мектеп-гимназияның
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Өзің едің Тәңірден сұрағаным,
Қуан, ботам, қуансаң құп аламын.
Барлық бала бақытты болса екен,
Қаламаймын сәбидің жылағанын…
Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры. Әлем сәбилердің емен-жарқын күлкісімен, шаттандырған шаттығымен, ақ жүректі пәктігімен ғажайып! Олар өмірге шапағат нұр, көңілге шуақты күн сыйлайды. Бала – біздің болашағымыз. Тұңғыш Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек» – деген болатын. Осы орайда қиындығы мен қызығы мол ұстаздық мамандықты таңдап, көп уақытымды балалармен бірге өткізіп келе жатқаныма өзімді бақытты санаймын. Елімізде балаларды қорғау үшін барлық құқықтар сақталған, балалар құқығы заңмен бекітілген. Ұрпақ өсіру – адам өміріндегі ең үлкен бақыт. Бір баланың өзі бір шаңырақты шаттыққа бөлеп, бақыттың қайнаған базарына айналдыра алатын құдіретке ие. Тәрбиелеп отырған бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі ұлттың жалғасы. Балаға барлық ата-ана болсын, білім ордасы, ұстаздар қауымы, қоршаған орта, жалпы жан-жақтан дұрыс тәрбие беру жолында ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені, қазіргі жас өркендеріміз – еліміздің ертеңгі болашағы. Сол үшін келешек ұрпақтың жан-жақты білімді, тәрбиелі болып өсуіне барлық көмекті беруге адам ретінде де, ұстаз ретінде де қашанда дайынбыз.
Тыныштық пен берекенің, мейірім мен махаббаттың символы, ізгі істеріміздің жалғастырушысы, үкілеп ұшырған үміт-құсымыздың қанаты – періште балапандарымызды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтап, бақытты, уайымсыз балалық шақ, жарқын да кемел болашақ тілегім келеді. Балалар тек бақытты болу үшін жаралған, соны ешқашан естен шығармасақ екен….